Accessibility links

Қазақтардың бел күшінің мықтылығын мақтаған Берлусконидің сөзіне британ баспасөзі айран - асыр қалуда


Қазақстан президенті Н. Назарбаев пен Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони Римдегі кездесуде. 5 қараша, 2009 жыл.
Қазақстан президенті Н. Назарбаев пен Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони Римдегі кездесуде. 5 қараша, 2009 жыл.

Италия премьері Сильвио Берлусконидің қазақ еркектерінің ұрпақ өрбіту қуатының әлеуетіне айтқан мақтауын британ баспасөзі «Борат стиліндегі желөкпелік» деп атады. Нұрсұлтан Назарбаевтың Римге сапарының алдында италиялық басылымдарда Арал өңіріндегі ахуал жайлы мақала жарияланған еді.


ЖАҢА КӨМІРСУТЕКТЕР КЛОНДАЙГЫ

Италия бұқаралық ақпарат құралдары президент Назарбаевтың ресми сапары кезінде Италияның ең ірі компаниялары мен олардың Қазақстандағы серіктестері арасында барлығы 13 келісімшартқа қол қойылғанын хабарлайды. «Коррьере делла Серра» газеті «Eni» корпорациясының «ҚазМұнайГазбен» келісімге қол қоюға қол жеткізгені туралы жазады.

«Eni» компаниясы басқармасының төрағасы Паоло Скаронидің айтуынша, аталған компания Қазақстан аумағында іс жүзіне асырылуы тиіс едәуір жобаларға қатыспақшы екен. «Eni» басшысы бұл жобаларды Қазақстандағы ең көп үміт күттірерлік жобалар деп атап отыр. Аталған жоба тізіміне табиғи газ өндіру, газ өңдеу зауытын салу, Исатай мен Шағала кенішінде барлау жүргізу еніп отыр.

Мұнымен бірге, осы тізім ішіне Павлодар мұнай өңдеу зауытын жаңғырту, Каспий теңізі жағалауында кеме жасау верфьтерін тұрғызу жобасы да енген. Паоло Скарони бұл жобаларды іс жүзіне асыру – әртүрлі салым көздерінен ондаған миллиард доллар инвестицияны кәдеге жаратуға жол ашпақшы деген мәлімдеме жасады.

«Тренд онлайн» сайты «Финмекканика» компаниясы мен «Самұрық - Қазына» қорының темір жол көлігі, электрооптика және тікұшақ көлігі саласында ынтымақтастықты дамыту туралы келісімдерге келгенін тілге тиек етеді. Аталған тараптар бұған қатысты өзара түсіністік жайлы меморандумға қол қойған. Меморандум сонымен қатар Қазақстанда жоғары технология орталықтарын құруды да қарастырады.

Темір жол секторында мұндай бірлескен кооперация темір жолдағы сигнал беру, электрлендіру жүйесін жетілдіріп, Қазақстан мен көршілес елдер аумағында басқару мен бақылау орталықтарын құруды басты мақсат тұтады. Ал электрооптика секторында аталған ынтымақтастықты KazEngineering және SELEX Galileo компаниялары іс жүзіне асырмақшы. Бұл салада SELEX Galileo фирмасының электрооптикалық жүйелерін Қазақстан армиясының T72 бронды танкілерін жаңартуға қолданып, күш біріктіру негізінде шетелдегі қару-жарақ нарықтарын игеру көзделініп отыр.

Сонымен бірге келешекте AgustaWestland компаниясы мен «Самұрық - Қазына» қоры бірігіп құруы мүмкін бірлескен кәсіпорынның нарықтық мүмкіндіктері де зерттелмекші. Бұл кәсіпорын азаматтық тікұшақтарға қызмет көрсету орталықтарын ұйымдастырып, олардың ұшқыштарын оқытумен айналысатын болады. Және де Қазақстанда «Финмекканика» компаниясы өндіретін әрі табиғи газды отын ретінде пайдаланатын «BredaMenarinibus» маркілі автобустарды құрастыратын бірлескен кәсіпорынды құру мүмкіндіктері де зерттеледі.

БОРАТША БОРАНДАТЫП КЕТКЕН БЕРЛУСКОНИ

«Agefi» сайтының мәліметі бойынша, «Eni» басшысы Паоло Скаронидің сөзіне қарағанда жоспарланған жобалар шеңберіндегі Қазақстан экономикасына салынуы тиіс италиялық инвестиция сомасының жоғарғы шегі 50 миллиард доллар шамалас екен. Басылым ынтымақтастық туралы бұл келісімшарт «Eni» компаниясы үшін Қазақстандағы тұғырын нығайтуға жол ашады дейді. Бүгінде Қазақстанда аталған компания алып Қашаған мұнай кенішін игеруге өз үлесін қосып жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары бірқатар басқа да елдер баспасөзінің назарына ілігіп үлгеріпті. Мәселен, Британияда жарық көретін «Дейли телеграф» газеті Қазақстан президентімен кездесуі барысында Сильвио Берлускони аяқ астынан белгілі кино қаһарманы Бораттың қылжақбастығына салып, қазақ еркектерінің бел күші мен қауқарын сөз етіп кеткенін айтады. Италия премьерінің сөзіне қарағанда, соңғы он жыл ішінде Қазақстан халқы санының бір жарым миллионға артып кетуі қазақ еркектерінің белділігінің тым тегеурінді екендігінен хабар беретін көрінеді.

Нұрсұлтан Назарбаев Астананың келер жылы ЕҚЫҰ – ға төрағалық етуіне Римнің қолдау білдіргені үшін Берлускониге рақметін айтқан. Газет адам құқықтарын қорғаушылардың Қазақстанның ЕҚЫҰ – на төрағалық етуіне қарсы боп отырғанын атап көрсетеді. Басылымның жазуына қарағанда, аталған қарсы пікір білдірушілер Астана адам құқықтарын сыйламайды әрі елде үкіметке сын айтушылар қудаланады деген уәжді алға тартады екен.

АРАЛДЫҢ ОРАЛУЫ


Назарбаевтың сапары алдында Италия баспасөзінде Қазақстандағы экологиялық мәселелер баяндалған ақпарат бой көрсетті. «Мессаджеро» газеті Арал теңізі өңіріндегі ахуал жайлы мақала жариялады.

Күндіз тамұқтағыдай ыстық әрі түнде салқыны қаңтардағыдай бетті қаритын жапан дүз, бұлдыр елес бейнесіндегі жұрты ғана қалған кент, батпақ пен құмға қайраңдаған қайықтардың қираған жұрнағы, тұзды жел мен екпіні он екі қанат киіз үйді ұшырар құм дауылдар, адам төзбес ауа, барша тұрғыны тентіреп кетіп, иесіз иен қалған ауыл. Бірнеше жыл бұрын Арал теңізі орнында қалған жердің сипаты осындай еді дейді басылым.

Мұндай апатқа кінәлі СССР үкіметі болатын деп атап көрсетеді «Мессаджеро» газеті. Бұл Совет билігі кезінде бар болғаны жиырма – отыз жыл ішінде ғана біртіндеп басталып, арты насырға шапқан жайт болды. Күріш пен мақтаны көптеп өндірем деген Мәскеу қоршаған ортаға зиянды шараларды іс жүзіне асырды: Аралдың суын ернеуінде ұстап тұрған өзендер дара дақылды алып егіс алқаптарын суару үшін өз арнасынан бұрып әкетіліп жатты.

Осының салдарынан теңіз суының көлемі 90 пайызға жуық азайды, оның орнында әр жерде бір жылтыраған, кішігірім арық пен тоғандар ғана қалды. Ол ол ма, 1996 жылы теңіздің көлемі бұрынғыдан да азайып, өзінің бастапқы мөлшерінің ширек бөлігіне дейін жетті. Осы маңайды қоныстанған жұрт топ – тобымен өңірден көшіп кетіп отырды. Ал ғалымдар болса, бұл ахуалға «бетін қайыруға келмейтін апат» деген баға берді.

Алайда, бүгінде ахуал ептеп өзгеруде, бұны «таңғажайып» деп те атауға болады деп жазады италиялық газет. Кезінде жағасында Арал кенті тұрған теңіз біртіндеп өз орнына оралып келе жатыр. Бұл қала – кемежай Арал теңізінің шөлейт далаға айналуынан көл жағасынан 100 шақырымға ұзап кеткен еді (Арал теңізі 1960-шы жылдардан бастап-ақ құрғай бастаған болатын).

Кемежай мен теңіз арасы әр күн сайын біртіндеп, бір-біріне таяп келеді: енді екеуінің арасында шамамен 25 шақырым ғана жер қалды. Балықшылардың баяғы балық аулау кәсібі де қайта жанданды. 1990-шы жылдары көл ішінде балықтың бір ғана түрі тірі қалса, бүгінде олардың түр саны 16 – ға жетіп отыр.

2005 жылы құны 88 миллион доллар тұратын жаңа Көкарал бөгеті салынып, Арал көлінің солтүстік бөлігін Сырдария өзенімен жалғады.
Теңіз бетінің аумағы үштен бірге өсті, су деңгейі қайтадан көтерілу үстінде, жауын – шашынның ылғалдылық деңгейі де қалпына келейін дегендей, көлден енді бетіңді аймалайтын самал жел еседі. Атырау айдынына бірқазан мен шағала да қайтып ұшып кеп жатыр. Балық өнімін өндіретін зауыт та ашылды, ол өз тауарын Украина мен Ресей аумағына экспорттайды.

Мұның барлығы,- деп атап көрсетеді басылым,- Дүниежүзілік банк пен Қазақстан үкіметі бірлесе іс жүзіне асырған жобаның нәтижесі болып табылады. Республика үкіметі 2001 жылы осы мәселені шешу ісіне барша әлемнен мамандар мен ғалымдарды тартқан еді.

Дегенмен, теңіздің Қазақстан бөлігіндегі солтүстік бөлігі ғана құтқарылып отыр. Ал айдынның оңтүстік бөлігі Өзбекстанға қарайды. Бұл ел Орталық Азиядағы халқы ең көп мемлекет болып саналады әрі экологиялық ахуалы да өте нашар.

Өзбекстан мақта өсіру қарқынын арттыруды мақсат етіп қойып отыр. Өзбекстанға қарайтын әрі теңіздің жалпы көлемінің төрттен үшін құрайтын Арал көлінің бөлігін құтқару ісін қолға алудан Ташкент бұған дейін бас тартып үлгерген болатын. Қаңтар айында жер серігі арқылы түсірілген фотосуреттер аталған аймақта тек соңғы үш жыл ішінде ғана Арал көлемінің 80 пайыз мөлшерінде азайып кеткенін көрсетіп берген екен.
XS
SM
MD
LG