Accessibility links

Төреғали мен Сырымның айтысы


Айтыскер ақын Сырым Әуезхан. Алматы, 2 мамыр 2011 жыл.
Айтыскер ақын Сырым Әуезхан. Алматы, 2 мамыр 2011 жыл.

Алматыда мамыр айының 2-сі күні «Төртеу түгел болса» деген атпен өткен айтыстың үшінші жұбы болып алматылық Төреғали Төрәлі мен астаналық Сырым Әуезхан шықты.

Есімі елге енді танылып жатқан Сырым Әуезхан – оныншы сыныптың оқушысы. Ол биыл Алматы облысы Жамбыл ауданында өткен «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық оқушылар айтысында екінші орынға ие болған.

Өзіне дейін сахнаға шыққан ақындар тәрізді ол да өлеңіне дін мәселесін өзек ете берді.

– Қартаймайын десең де, өмір көнбес,
Иманды адам қарттыққа әрін бермес.
Жаратқаннан шынымен жарлық келсе,
Жан бар ма уақытында жанын бермес.
Білімнің аздығынан шығар пенде,
Ғұмырдың жас кезінде мәнін көрмес.
Пенсияға шыққан соң жығылам деп,
Жас кезде қалып қоймайық тәлімнен кеш.
Өйткені қартайғанда қиын болар.
Қимыл мен қозғалысқа тәнің көнбес.
Басыңды құбылаға бұру түгіл,
Мәсіңді киюге де әлің келмес.
Ертерек қамданайық – бар ақылым.
Жан болып тура жолды табатұғын.
Өйткені сауап деген бірі емес қой,
Ай сайын өзі келер жалақының.
Намаз – билет, ал жұмақ – концерт емес,
Қалаған адам өзі баратұғын.
Ертерек билет алып үлгермесең,
Кірерде сатып ала салатұғын, – деді Сырым Әуезхан.

Сырымның қарсыласы Төреғали Төрәлі де – айтыста жаңа қосылған жастардың бірі. Өткен жылғы Астанада өткен «Тәуелсіздік тағылымы» атты айтыста Айнұр Тұрсынбаевамен сөз сайысы ел есінде қалып қойды.
Айтыскер ақын Төреғали Төрәлі. Алматы, 2 мамыр 2011 жыл.
Ақындығы мен қатар әншілік өнері де бар Төреғали Сырым Әуезханның:
«Қытайдағы қазақтар келе алмай тұр,
Ағайын ол бауырлар қайда кетті.
Шекара мәселесі қиын екен,
Квота қол-аяғын байлап отты.
Ал, сен болсаң, қытайға ұқсайсың ғой,
Бұл жағын Сырым біраз ойлап өтті.
Қытайдағы қазақтар келмей жатса,
Қазақстанда қытайлар пайда болыпты» деген қағытпа әзіліне былай жауап қатты:

– Жадырасын жанымыз жаз болғандай,
Көліне көңілімнің қаз қонғандай,
Інімнің еркелігін көтерем ғой,
Айтады әр нәрсені назданғандай.
Қазақ қазақ бола алмай жатқан кезде,
«Қытайсың» деп мінімді қазған қандай.
Тіл мен дінін ұмытты қанша қандас,
Үйірінен адасып қаз қалғандай.
Түріме мына менің күледі ғой,
Өз ойына риза боп, мәз болғандай.
«Қытай» деп құтырдың-ау, қазақтардың
Орыстанып жатқаны аз болғандай.

Айтысты бастаған - Төреғали Төрәлі.

Төреғали мен Сырымның айтысы
XS
SM
MD
LG