Accessibility links

Репрессия құрбанының ұлы "антисталинист бола алмаған"


Репрессияға ұшыраған адамдардың ұрпақтары бас қосты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:42 0:00

Репрессияға ұшыраған адамдардың ұрпақтары бас қосты. Ақмола облысы, 29 мамыр 2017 жыл.

Ақмола облысы Ақмол ауылына сталиндік репрессияға ұшырап, атылып, Карлаг лагерлеріне айдалған адамдардың ұрпақтары жиналды. Олардың арасында постсоветтік елдерден келген адамдар да бар.

«Ұрпақтар ұмытпайды» деп аталған халықаралық конференцияға қатысқан 81 жастағы Леон Хасенұлы – «Алаш» партиясы мүшесі, кейін Қазақ ССР денсаулық сақтау халық комиисары болып, 1938 жылы атылып кеткен Хасен Нұрмұхамедовтың ұлы. Леон Хасенұлының анасы Кира Берсеньева «халық жауының әйелі» есебінде бес жылға Карлагқа айдалған.

Нағашы апасының қолында өскен Леон Хасенұлы бар ғұмырын Ленинградта (кейінгі Санкт-Петербург) өткізген. Оның айтуынша, әулеті қанша зобалаң көрсе де өзі совет билігін жек көріп кетпеген.

– Мен де, отбасым да антисталиниске, бұрынғыша айтқанда, антисоветшілге айналған жоқ. Мен коммунистік партияның белсенді мүшесі болдым. Меніңше, өмірді әлденені, әлдебіреуді жек көріп өткізуге болмайды. Бұл – белгілі бір адамдардың принципиалды қате шешімдерінің нәтижесінде болған зобалаң. Өзім өсіп, өмір сүрген Советтер Одағы маған қымбат, – дейді ол.

Ақмолда өткен шараға Санкт-Петербургтан арнайы келген қария өзінде қалған кейбір отбасылық суреттерін, хаттарын Ақмолдағы «АЛЖИР» музейіне тапсырды. Қария өзі таныстырған шежіре суреттегі қызыл түспен қоршалған есімдерді «әулетімдегі репрессияға ұшыраған туған-туыстарым» дейді.

Карлаг құрбандарының Қарағанды облысындағы зираттары.
Карлаг құрбандарының Қарағанды облысындағы зираттары.

Ақмолдағы жиынға репрессияға ұшыраған адамдардың қазір Беларусь, Израиль мен Германияда тұрып жатқан ұрпақтары да келді. Олар өздерінің отбасылық естеліктерімен бөлісті. Солардың бірі – АЛЖИР тұтқыны Лидия Френклин-Виолинаның немересі, Мәскеуден келген Дария Виолина Ресейде Сталинді насихаттау өршіп тұрғанын айтып қамықты.

Қазақстанда сталиндік репрессиялар жөнінде екіұшты ой жоқ. Өкініштісі, Ресейде бар.

– Қазақстанда сталиндік репрессиялар жөнінде екіұшты ой жоқ. Өкініштісі, Ресейде бар. Ресейдің федералды арналарында Волгоград қаласын Сталинград қылып атын өзгертуді талқылауға болады. Ресей қалаларының орталық көшелерінен өтетін «Ажалсыз полк» шеруіндегі адамдардың әрбір бесіншісінің қолынан Сталиннің портретін көруге болады. Меніңше, бұл – өмірі өксіген ондаған миллион адамдарды қорлау, – дейді ол.

СССР-да 1920-1950 жылдары аралығында жүргізілген саяси репрессияға миллиондаған адамдар ұшыраған. СССР-дің бас лагерь басқармасына (ГУЛАГ) кірген ең ірі лагерь жүйелерінің бірі – Карлаг қазіргі Қарағанды облысы аумағында орналасқан еді. Бес миллионға жуық совет азаматы Қазақстандағы осы лагерлерге айдалған. Карлаг құрамындағы АЛЖИР – «отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагерінде» балалар мен әйелдер азапталған. Ресми деректер бойынша, сол кезеңдегі саяси қуғын-сүргіннен Қазақстанда жүз мыңдаған адам зардап шеккен.

XS
SM
MD
LG