Accessibility links

Әкім Сапарбаев «облыс имиджі бүлінгенін» БАҚ-тан көрді


Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Ақтөбе, 17 шілде 2017 жыл.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті газетке наразы болды. Ал басылым редакторы «тәуелсіз БАҚ-тың мақсаты билікке ұнау емес» дейді.

Шілденің 17-сі күні Ақтөбеде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аймақтың жарты жылдағы экономикалық-әлеуметтік дамуы туралы есеп берді. Жиынға Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, бірнеше басқарманың жетекшілері, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) басшылары мен журналистері және блогерлер – жиыны 30-40 адам қатысты.

«НАШАР ИМИДЖ» ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗ БАҚ

Есеп берген Бердібек Сапарбаев «аймақтағы инвестициялық климат облыстың имиджімен тығыз байланысты» екенін айтты. «Ақтөбе облысының имиджі нашар» екенін сөз еткен әкім бұған тәуелсіз журналистердің мақалалары себепкер деп біледі.

Қолдау көрсетушілердің жұмысы БАҚ арқылы насихатталса, басқалары да қолдаған болар еді.

– Егер «Диапазон» газеті (жергілікті тәуелсіз басылым – ред.) ешбір негізсіз «Ақтөбеде кәсіпкерлікке барьерлер бар», «шенеуніктер бизнесті қолдамайды» деп жаза беретін болса, мұнда инвестор келе ме? Сіздер ақша өздігінен келіп жатыр деп ойлайсыздар ма? Жоқ! Сіздер де осы жердің азаматысыздар, өз қалаларыңызға жандарыңыз ашыса, оның имиджін жақсарту үшін бірлесе жұмыс істейік, – деді есеп беруі қарсаңында БАҚ өкілдеріне қалада салынып жатқан бірнеше нысанды көрсеткен Бердібек Сапарбаев.

Ол «журналистер Ақтөбеде Қазақстанның өзге өңірлерімен салыстырғанда сұйытылған газ бағасы арзан және тұрақты екені жайлы, облыс экономикасына инвестиция бөліп отырған жергілікті кәсіпкерлер туралы жазу керек» деген ақыл айтты.

– Бізде бизнесмен көп. Бірақ барлығы бірдей қолдау көрсетіп отырған жоқ. Егер қолдау көрсетушілердің жұмысы БАҚ арқылы насихатталар болса, басқалары да қолдаған болар еді, – дейді әкім Ақтөбе облысының әкімі.

Ал әкімнің сынына ұшыраған «Диапазон» газетінің бас редакторы Елена Гетманова «сынап жазған мақалалардың билікке ұнамауы – қалыпты нәрсе» деп санайды.

«Диапазон» газетінің бас редакторы Елена Гетманова.
«Диапазон» газетінің бас редакторы Елена Гетманова.

– Тәуелсіз БАҚ-тың мақсаты билікке ұнау емес. «Мақалаларымыз билікке ұнамай қалса қайтеміз?» деп жалтақтамас үшін «Диапазон» мемлекеттік тапсырыстан бас тартып отыр. Бұл, біріншіден. Екіншіден, биліктің де пікірін елеусіз қалдырып жатқанымыз жоқ. Өйткені ол да оқырманға қызықты. Биліктен өзге де тараптарды тыңдаймыз. Үнемі бір адамның ғана позициясын жариялайтын басылымның қажеті қанша? – дейді Елена Гетманова.

«ОБЛЫС ИМИДЖІН ЖАҚСАРТУ ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ ЕМЕС»

Ал жергілікті журналист Асқар Ақтілеудің пікірінше, «облыстың имиджімен журналистер емес, ақшасы төленген арнайы топтар айналысуы керек».

– Сол имидж үшін әкімдіктің айналасында құрылған топтар неге жұмыс істемейді? Әкімнің баспасөз мәслихатынан соң осы мәселені журналистер өзара талқыға салғанбыз. Бір әріптес «Тәуелсіз БАҚ-тың сыни мақаласына жауап ретінде мемлекеттік басылымдар неге бірнеше мақала жарияламайды?» деді. Оған арамызда отырған сол мемлекеттік басылымның өкілі «бізді ешкім оқымайды ғой» деп қарап отыр, – дейді журналист Асқар Ақтілеу.

Ақтөбелік журналист Асқар Ақтілеу.
Ақтөбелік журналист Асқар Ақтілеу.

Ол «облыстың имиджі үшін жұмыс істеуі керек» ұйымдардың бірі ретінде «Ақтөбе ақпарат» орталығын атады. «Ақтөбе ақпарат» – мемлекеттік екі басылымды шығарып отырған, облыс бюджеті қаржыландыратын «Шамшырақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жанынан құрылған бөлім. 2016 жылғы ақпан айында құрылған бұл орталық облыстық әкімдікте баспасөз мәслихаттары мен брифингтер ұйымдастырумен айналысады. Бірақ бұл орталық та «имиджбен айналысу міндеттері емес» екенін айтты.

– Біз облыстың имиджімен айналыспаймыз. Орталықтағы төрт қызметкердің міндеті – баспасөз мәслихаты мен брифингтер өткізіп, әкімнің баспасөз қызметіне көмектесу ғана, – деп жауап берді «Ақтөбе ақпарат» орталығының жетекшісі Әсия Нұрлыбаева.

Журналистерге «Ақтөбенің имиджін жақсарту» жайлы айтқан Бердібек Сапарбаев бұл облысты 2015 жылдың қыркүйегін бері басқарып келе жатыр. Советтік кезеңнен бері жоғары лауазымды қызметтер атқарған Сапарбаевты «ірі саяси менеджер, іскер әкім» деп те, «жұмысын жарнамалауды меңгерген әкім» деп те сипаттаушылар бар.

ОҚЫҢЫЗ: «Имидж жасаудың шебері» Бердібек Сапарбаев

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзге әкімдерді «Сапарбаевтан үлгі алуға» шақырып, былтыр ақпанда зейнет жасына толған Бердібек Сапарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартқан.

XS
SM
MD
LG