Accessibility links

Азия мен Америка музыканттары бірге концерт қойды


Концерттен көрініс. Алматы, 6 қазан 2016 жыл.
Концерттен көрініс. Алматы, 6 қазан 2016 жыл.

Алматыда Орталық Азия мен АҚШ-тың 20 шақты музыкантының бірлескен концерті өтті. Әр елден жиналып, бір аптадай бұрын ғана танысқан өнерпаздар көрермендердің қошеметіне бөленген бағдарлама даярлап үлгерген.

Қазақтың домбырасы мен қылқобызы, қырғыздың чопа-чор, темір қомузы мен қылқияғы, ауғанның рубабы мен гиджагы, дутары мен тамбуры, түркіменнің сыбызғысы сияқты үрмелі және ысқылы аспаптар скрипка, альт, саксофон және контрабастың үнімен әдемі үйлесім тапты.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан және АҚШ-тан жиналған жас музыканттар осы аспаптарда дәстүрлі және қазіргі заман музыкасын бірлесіп ойнады. Жеке партиялар мен бірлескен нөмірлер алма-кезек орындалды. Үзіліссіз өткен концерттік бағдарлама бір сағаттан асты.

АҚШ пен Азияны табыстырған әуен
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:48 0:00

Концертті небәрі бірнеше күн ішінде дайындап үлгеріп, ал оған қатысқандардың көбі бір-бірін мүлде танымайтын дегенге сену қиын. Музыканттардың өнері 2015 жылы Орталық Азия, АҚШ және Үндістан елдері музыка әлемінің білікті сарапшылары идеясымен іске қосылған «Бірге өнер көрсету» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. CEC ArtsLink қоры мен Орталық Азия елдеріндегі мәдени ұйымдардың бірлескен бағдарламасы АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің Оңтүстік және Орталық Азия елдеріндегі істер бюросының қолдауымен өтті.

Өзбекстандық музыканттар Артем Ким мен Сухроб Назимов «Бірге өнер көрсету» бағдарламасын құрастырып, іске асыруға әу бастан белсенді қатысқан. Артем Ким – ташкенттік композитор, Марк Вайльдің «Ильхом» театрының музыкалық жетекшісі, 2004 жылдан бері Орталық Азиядағы Omnibus атты тұңғыш қазіргі музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі. Сухроб Назимов – гобой (үрмелі аспап) мен ағылшынның кернейін тартады, видоарт суретшісі, Omnibus ансамблін құрушлардың бірі, «Black Box» Music&Visual Arts халықаралық фестивалінің продюсері.

Тәжікстандық Сардор Солиев пен Хушбахт Ниёзов және америкалық Дэвид Кроуэл. Алматы, 6 қазан 2016 жыл.
Тәжікстандық Сардор Солиев пен Хушбахт Ниёзов және америкалық Дэвид Кроуэл. Алматы, 6 қазан 2016 жыл.

«АЛТЫ КҮНДЕ ТӨСЕЛІП КЕТТІК»

Орталық Азия аймағында тұратын жас музыканттардың концертін бір аптаға жетер-жетпес уақыт ішінде дайындау үшін Артем Ким, Сухроб Назимов пен Omnibus ансамблінің тағы төрт мүшесі және америкалық үш музыкант қазанның 1-інде Алматыға жиналған. АҚШ-тан үш адам – Сара Альден (альт аспабында ойнайды, Нью-Йорктегі музыка академиясының оқытушысы), Роберт Блэк (контрабас, Bang on a Can ансамблінің музыканты) және Дэвид Кроуэл (композитор әрі саксофоншы, Нью-Йорктегі музыка академиясының оқытушысы) келген.

Концертке қатысатын жас музыканттарды кастинг арқылы іріктеген. Ұйымдастырушылар видеороликтерін жолдаған кандидаттардың көбінесе музыкалық шеберлігіне мән берген. Ақыры Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан 20 шақты адамды іріктеп алған. Олардың көбі өз елінің музыкалық аспаптарында ойнайды. Мысалы, Қазақстаннан үш домбырашы (екі жігіт пен бір бойжеткен) мен бір қылқобызшы қызды алған. Кастингтен өткендердің көбі өз елінің ұлттық консерваториясында оқиды. Ішінде музыка пәні оқытушылары мен халық ансамблі мүшелері де бар.

Музыкант Артем Ким. Алматы, 6 қазан 2016 жыл.
Музыкант Артем Ким. Алматы, 6 қазан 2016 жыл.

Музыканттар концертке Алматыға келген күннен бастап қызу дайындалған. АҚШ-тан келген үш маман қазіргі заман музыкасынан шеберлік сыныптар мен репетициялар өткізген. Концертке дайындықты түскі асқа ғана шағын үзіліс жариялап, таңнан бастап, кешкі сағат 9-10-да аяқтап жүрген.

Қызу дайындықтың нәтижесіне меломандар қазанның 6-сы күні кешкісін куә болды. Концерт Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясының залында өтті. Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнауының 25 жылдығына арналған концерт АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығы, Еуразия мәдениет альянсы, CEC ArtsLink қорының қолдауымен өтті. Концертке кіру тегін болмағанымен, билет бағасы қымбат емес – 1000 теңге. Жас музыканттардың өнеріне тәнті болған Алматы жұрты оларға үлкен қошемет көрсетті.

Америкалық музыканттар Сара Альден мен Роберт Блэк. Алматы, 6 қазан 2016 жыл.
Америкалық музыканттар Сара Альден мен Роберт Блэк. Алматы, 6 қазан 2016 жыл.

Алматыдағы концерт жас өнерпаздардың аймақтық сапарын бастады. Музыканттар енді Астанаға баруды жоспарлап отыр. Одан кейін Ашғабат, Бішкек, Душанбе мен Ташкентте концерт бермек.

XS
SM
MD
LG