Accessibility links

Студенттің өліміне қатысты сот басталды


Дидар Болысбектің өліміне күдікті Тойшыбек Асамов сот залында отыр. Алматы, 19 маусым 2017 жыл.

Бүгін Алматыдағы Бостандық аудандық №2 сотында студент Дидар Болысбектің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 1 курс студенті биыл 12 сәуірде жатақханасында болған төбелесте көз жұмған. Осы университеттің 2 курс студенті Тойшыбек Асамов айыпталушы ретінде жауап беріп жатыр.

Алғашқы отырысқа қаза тапқан Дидар Болысбектің ата-анасы, туысқандары және бірге оқыған курстастары жәбірленуші ретінде келді. Айыпталушы Тойшыбек Асамов та алғашқы сот отырысына қатысты. Оған «адам денсаулығына қасақана ауыр нұқсан келтіру» және «күштеп мүлкін тартып алу» айыбы тағылған. Істі Бостандық аудандық №2 сотының судьясы Арай Нұғыманова қарап жатыр.

Айыптауды оқыған прокурор Аслан Адилхановтың айтуынша, Тойшыбек Асамов бастаған 2 курс студенттері 1 курстың он шақты студентінен жиналып, бес мың теңге әкелуді талап еткен. Кейін жоғары курс студенттері 1 курста оқитындарды бұл талапты орындамағаны үшін жатаханада соққыға жыққан.

Сотта «куәгерімін әрі жәбірленушімін» деген Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 1 курс студенті Дархан Нұғматов жатаханадағы әлімжеттік күзде басталғанын, соңы адам өліміне әкелгенін айтты.

- Күзде жоғары курс студенттері жатаханада «система» болады, амандасып жүресіңдер, жұмсаған жерге барып тұрасыңдар» деп ескертті. Наурызда Тойшыбек Асамов бізге «бес мың теңге өткізіңдер» деді. Он шақты студент 400-500 теңгеден бірігіп, ол ақшаны жинап бердік. Ал сәуірде тағы «бес мың теңге жинаңдар» деді. Біз бас тарттық. 11 сәуірден 12 сәуірге қараған түні бізді тыңдамайсыңдар деп барлығымызды көкіректен ұрды. Сол оқиғада Дидар Болысбек көз жұмды, - дейді.

Көріңіз: Студент Дидар Болысбектің өліміне қатысты сот отырысы.

Төбелестегі студент өлімі соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:07 0:00

Тағы бір куәгер, 1 курс студенті Рауан Құсайынов Дидар Болысбек сотта «2-курстың бірнеше студенті жатаханадағы бөлмеде бәрімізді тізіп қойып, шетімізден соға бастады. Тойшыбек Асамов Дидар Болысбекті кеудесінен соғады. Ол төсекке құлап түседі. Тойшыбек «сен өтірік істеп жатырсың» деп Дидарды бірнеше рет ұрады. Дидар есін жия алмай қалады. Біз жедел жәрдем шақырдық. Тойшыбек ол кезде кетіп қалған еді. Кейін дәрігерлер шығып, Дидардың қайтыс болғанын естіртті» деді.

Ал айыпталушы Тойшыбек Асамов өзіне тағылған айыпты мойындамай «Дидар Болысбекке қолымды тигізген жоқпын» деді.

- Дидарды басқа бала ұрды. Мен оның құлағанын көріп, үстіне шығып, оны оятпақ болып бетінен шапалақпен соқтым. Кімнің соққанын барлығын айтып беремін, - деді айыпталушы.

19 маусымдағы алғашқы сот отырысында тек жәбірленуші студенттер мен қаза болған Дидар Болысбектің туысқандары тарап тыңдалды. Келесі отырыс алдағы күндері өтеді.

Биыл 12 сәуірде Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жатақханасында мерт болған тараздық Дидар Болысбек осы университеттің жеміс шаруашылығы мамандығында оқып жатқан. Курстастарының айтуынша, Болысбек бірінші курстың бірінші семестрінен кейін жақсы оқығаны үшін ақылы бөлімнен грантқа ауысқан. Ал әкесі Қайырбек Набиев «Ұлым жатақханада әлімжеттік болып жүргенін айтпады. Тек екі ай шыдайын, екінші курста пәтер жалдап тұрамын деп айтқан еді» дейді.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің басшылығы студенттің өлімін растап, алдағы уақытта жатахана мен оқу ғимараттарына бейнебақылау орнататынын айтқан.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG