Accessibility links

Рұқсатсыз бір тал кессең, елуін егесің


Ботаника бағы. Алматы

"Алматыдағы жасыл желекті күтіп-баптау және қорғау ережесі" жобасын талқылау басталды. Қаладағы жасыл желекті күтіп-баптау және қорғау ережесі бұған дейін де бірнеше рет қабылданған. Қала үшін бұл күн тәртібінен түспейтін тақырыптардың бірі деуге болады. Ашық жиынға қатысушылар Азаттық тілшісіне жаңа ереженің ерекшеліктері және ондаған жылдар ішінде әр үш-бес жыл сайын неге өзгеріп отырғанын айтып берді.

"МӘҢГІ" ТАҚЫРЫП

Мұндай ереженің алғашқысы 19 ғасырда қабылданған. Сол кезде ережені бұзғандарды қамшымен сабайтын. Тіпті кейде әскери губернатор Герасим Колпаковскийдің өзі де осымен айналысқан дегенді айтатындар бар. Қазір болса, кейбірі демократиялық Еуропада білім алып, тәжірибе жинаған бүгінгі әкімдердің мұндай іспен айналысып жатқанын елестетудің өзі қиын.

Бұл - кейінгі 13 жылдың ішінде үшінші рет қабылданғалы отырған ереже. Алдыңғылары 2005 және 2008 жылы қабылданған. Ал 2008 жылдан бері оған бірнеше рет өзгеріс енгізілді. Он жылдай қолданыста болған алдыңғы ереженің орнына жаңасын құрастырудың қандай қажеті болды? Азаттық тілшісі Алматы әкімдігіне қарасты табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Әсет Масабаевтан осы туралы сұрап көрді.

Жиынға қатысушылар - Алматы әкімдігіне қарасты табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Масабаев (оң жақта), оның орынбасары Айдын Темешев (оң жақтан екінші). Алматы, 1 тамыз 2018 жыл
Жиынға қатысушылар - Алматы әкімдігіне қарасты табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Масабаев (оң жақта), оның орынбасары Айдын Темешев (оң жақтан екінші). Алматы, 1 тамыз 2018 жыл

"Жасыл желекті күтіп-баптау мен қорғаудың типтік ережесі" 2015 жылы Қазақстан ұлттық экономика министрінің бұйрығы арқылы бекітілген. Бірақ ел аймақтарындағы климат ерекшеліктері бірыңғай ережені жаппай қолдануға мүмкіндік бермеген,-" деген Әсет Масабаевтың түсіндіруінше, Алматының ерекшеліктері ескерілген қосымша ереже құрастыру қажет болған.

Қазір Алматыға арналған жаңа ережені талқылау, пысықтау процесі басталды. Оған қалалық әкімдіктің мемлекеттік қызметшілері ғана емес, Алматының қоғамдық кеңесі, экологиялық үкіметтік емес ұйымдар және бұл мәселеге бейжай қарамайтын алматылықтар қатысып жүр. Кез-келген тұрғын жиынға келіп, пікірін айтып, ұсыныс жасауына болады. Мұндай ашықтық пен жариялылық, әрине, қуантады.

ЖИЫН ЖАҢА ЖОБАДАҒЫ 50 ТАРМАҚТЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

"Тұран" университетінің мәжіліс залы. Ашық жиынға қатысушылар ұзын үстелге жағалай жайғасты. Әрқайсысының алдында - -бір-бір бума қағаз. Бұл - қазір қолданылып жүрген "Жасыл желекті күтіп-баптау мен қорғаудың типтік ережесі" мен "Қазақстан қалалары мен елдімекендері территориясын абаттандыру ережесінің" мәтіндері және қазақстандық типтік ереженің (бұрынғы және жаңа) салыстырмалы кестесі. Жиыны 50 тармақ.

Жасыл желектерді күтіп-баптау және қорғау ережелері жобасын талқылау сәті. Алматы, 1 тамыз 2018 жыл
Жасыл желектерді күтіп-баптау және қорғау ережелері жобасын талқылау сәті. Алматы, 1 тамыз 2018 жыл

Жиынға қатысушылар әр тармақты жеке талқылап, пікірлерін, оны өзгертіп жазу я болмаса толықтыру жөніндегі ұсыныстарын айтты. Ал модератор Ерлан Смайлов (қоғамдық кеңес мүшесі) "қабылданды ", "пысықтау керек", "өзгертілсін", "алынып тасталсын", "ескі ережедегі тармақты қосу ұсынылсын" деп бірден вердикт шығарып отырды. Мұның бәрі дереу отырыс хаттамасына жазылды.

Модератор жиынға қатысушылардың ережелерді өзгерту, толықтыру туралы ұсыныстары ескерілген жобаны бірден қағазға басып шығаруды өтінді.

Қыркүйекте қалалық мәслихат жаңа "Жасыл желекті күтіп-баптау мен қорғаудың типтік ережесін" бекітуі үшін әкімдік, Алматы қоғамдық кеңесі және қала жұртшылығы өкілдері жаңа ережелер жобасын талқылау үшін әлі бірнеше рет жиналатын болды.

Жиында ағаштардың арасын сирету, жасыл желектер реестрін жүргізу, жасыл желектерді күтіп-баптаумен айналысатын орталықтандырылған мекеме құру қажеттігі, құзырлы органның рұқсатынсыз ағаш, бұталарды кесуге қарсы іс-қимыл шаралары сияқты тармақтар қызу әрі ұзақ талқыланды.

ЖОБАДАҒЫ ЕСКІЛІ-ЖАҢАЛЫ ЕРЕЖЕ

"Алматыдағы жасыл желектерді күтіп-баптау мен қорғаудың типтік ережесінің" ескі және жаңа нұсқаларының салыстырмалы кестесі жаңа ережеде қандай өзгерістер барын, ескі құжаттан нені алып тастап, жаңа жобаға нелерді көшіргенін салыстыруды оңайлатты.

Жобаның негізгі ұғымдар бөлімі 30-дан 35 тармаққа дейін ұлғайған. Ал кейбір негізгі ұғымдардың мәні барынша ашылып жазылған. Негізгі ұғымдар бөліміне енгізілген елеулі өзгерістердің бірі - нысан (желек) жағдайының (тіршілік қабілетінің) коэффициенті (НЖК) типтерінің тізімі. Ережеде сау ағаштан (НЖК-1) бастап қурап қалған ағашқа дейінгі (НЖК-5) бес НЖК қарастырылған.

Әсет Масабаевтың сөзінше, кесілген ағаштардың орнына егілуі тиіс ағаштардың сандық нормалары өзгерген. Ескі ережеде бұл норма болмаған, болса да әлдеқайда аз еді. Жаңа ережеде бұл норма ұлғайған. Енді заңды түрде кесілген бір ағаштың орнына бес түп ағаш егуге міндеттейтін норма бар. Ескі ережеде бұл жоқ болатын. Ескі ережеде ағаштарды рұқсатсыз кескені үшін жаза ретінде кінәлі адамның қаржысы есебінен 10 есе көп ағаш егу қарастырылған. Жуырда бұл норманы 50 есеге ұлғайтып қолдану ережесі іске қосылатын болады.

Бір кездері Мәметова көшесі мен Назарбаев даңғылы (бұрынғы Фурманов көшесі) қиылысында жүріп жатқан құрылыстың орнында Алматының табиғат ескерткіштерінің бірі - "Жалғыз талшын" өсіп тұрған. Оны табудың сәті түспеді. Алматы, 7 мамыр 2016 жыл
Бір кездері Мәметова көшесі мен Назарбаев даңғылы (бұрынғы Фурманов көшесі) қиылысында жүріп жатқан құрылыстың орнында Алматының табиғат ескерткіштерінің бірі - "Жалғыз талшын" өсіп тұрған. Оны табудың сәті түспеді. Алматы, 7 мамыр 2016 жыл

​Ескі ережедегі сияқты жаңа ережеде де ағаштарды кесуге құзырлы органның рұқсаты қажет болмайтын жағдайлар ашып жазылған. Мұндай жағдайларға ағаштардың өздігінен құлауы, бұтақтарының адам өмірі мен денсаулығына, жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіруі, ғимараттарды, коммуникациялық желілерді зақымдауы жатады (жаңа ереженің 29 тармағы). Ағаштарды санитарлық мақсатта немесе мәжбүрлі кесу фактісін төтенше жағдайлар органдарының құтқару қызметі куәландырып, ізінше құзырлы органға хабарлауы тиіс (жаңа ереженің 30 тармағы).

"Зеленое спасение" үкіметтік емес ұйымының өкілдері жобаның 29 тармағы ағашты кесіп тастап, "апатты жағдайда болған" деп ақталудың амалына айналуы мүмкін деп алаңдайтындарын айтты. Ереженің бұл бөлімін талқылағаннан кейін 29 және 30 тармақтарды үйлесімді ету, төтенше, апатты жағдайлар туған кезде кесілуі тиіс ағаштарды анықтау критерийлерін нақтылау ұйғарылды.

Жаңа ереже жасыл желек реестрін жүргізуге қатысты тармақпен де толықтырылған. Енді оны әр екі жыл сайын жаңартып тұру қажет болады. Реестрді жүргізу нормасын талқылау кезінде оны қаланың кез-келген тұрғыны үшін интернет арқылы қол жетімді ету жағын ойластыру ұсынылды. Кез-келген адам сканердің көмегімен ағаш туралы ақпаратпен таныса алуы үшін тіпті әр ағашқа QR-код бекітіп қою қажет дегендер болды.

Талқылауға қатысқан орманшы-ғалым Сергей Чекалин. Алматы, 1 тамыз 2018 жыл
Талқылауға қатысқан орманшы-ғалым Сергей Чекалин. Алматы, 1 тамыз 2018 жыл

Жаңа ережеге сәйкес, енді тарихи немесе эстетикалық тұрғыдан құнды ағаштарды және Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерді отауға тыйым салынады.

Ескі ережедегі бірқатар тармақтар жаңа ережеге енгізілмеген болып шықты. Мысалы, нысанды жобалау және салу кезінде нысан құрылысына деп бөлінген жер телімінің 20 пайызынан кем емес территориясын көгалдандыру талабы алынып тасталған. Мұның себебін сұраған Азаттық тілшісі "бұл талап өзге нормативті актілерде бар" деген жауап алды.

"Зеленое спасение" ұйымының өкілдері ортақ пайдаланылатын территорияларда орналасқан жасыл желек алаптарында құрылыс жүргізуге болмайды деген тармақты қайтаруды сұрады. Бұл талап бар болып шықты, бірақ ол Қазақстан жер кодексінде қамтылған екен. Бұл ұсыныс қабылданды.

Қоғам өкілдері жасыл желектерді күтіп-баптау және қорғау жөніндегі қызметті атқаратын бірыңғай әрі орталықтандырылған орган болуы қажет деген тақырыпты да көтерді. Қазір қалада бұл шаруамен түрлі меншік формасындағы бірнеше компания айналысады. Ал олардың жұмысына қала тұрғындарының көңілі толмайды. Бірақ әкімдіктің табиғатты қорғау басқармасы басшысы Әсет Масабаев мұндай (мысалы, кезіндегі "Зеленстрой" сияқты) бірыңғай орган құруға қазір мүмкіндік жоқ деп түсіндірді. Оның сөзінше, өйткені әкімдіктің өзге департаменттерінің бұл мәселеге қатысты талап-тілектері ескерілуі тиіс. Яғни бұл жұмыс орындарын ашу қажеттігіне байланысты. Бұған қоса, қазір мемлекет бұл жұмысты мемлекеттік сатып алулар конкурстары мен тендерлер арқылы жүргізуге тырысады.

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТІ ҚҰТҚАРУ ТУРАЛЫ

Жаңа ережелер жобасын талқылауда әсіресе "Зеленое спасение" экологиялық қоғамы сияқты үкіметтік емес ұйым белсенділік танытты. Оның өкілдері жобаның әр тармағы бойынша ескерту, ұсыныс жасап отырды. Тіпті жиын "Зеленое спасение" ұйымының ескертпелерін талқылау үшін өтіп жатқандай әсер қалдырды . Мұндай ескертпелер шынымен көп болды, сондықтан олардың бәрін тізбелеудің қажеті жоқ. Жиында "Зеленое спасение" ұйымы өкілі Светлана Спатарь ең маңызды ескерту жасап, " бұл шаруаға жұртшылықтың қатысу жағы ережеде әлсіз қамтылған" деп мәлімдеді.

Талқылау аяқталғаннан кейін Азаттық тілшісі Светлана Спатарьдан "Зеленое спасение" ұйымының жаңа ережелер жобасына қатысты көзқарасын түйіндеп айтып беруін өтінді.

Талқылауға қатысып отырған қоғам өкілдері - Сергей Куратов және Светлана Спатарь ("Зеленое спасение" экологиялық қоғамы"), азаматтық эко-белсенділер Абай Ерекенов пен Салтанат Тәшімова. Алматы, 1 тамыз 2018 жыл
Талқылауға қатысып отырған қоғам өкілдері - Сергей Куратов және Светлана Спатарь ("Зеленое спасение" экологиялық қоғамы"), азаматтық эко-белсенділер Абай Ерекенов пен Салтанат Тәшімова. Алматы, 1 тамыз 2018 жыл

- Біз бұл процестің басталғанын қуана құптаймыз. Біздің ұйым талай жылдан бері әкімдікке тиісті ережені қайта қарау қажеттігі туралы хат жазып келеді. Олардың ережені қайта қарай бастағаны жақсы болды. Кей дүниелер жақсарған, мысалы, компенсациялық егуге қатысты норма ұлғайған. Біз көтеріп жүрген, бірақ жауабын бүгін ғана естіген тағы бір маңызды нәрсе - жасыл желектерді суару, күтіп-баптау, егу мәселелері ережеде егжей-тегжейлі жазылмаған. Әкімдік қызметкерлері "жаңа әдістеме жасадық" деп отыр. Бұлары жақсы болған. Бірақ оны қашан бекітетіні түсініксіз. Қазір бұл мәселе мүлде реттелмеген ғой, ағаш діңіне бетон құйып тастау, тамыр жүйесін зақымдау және өзге де зардаптар жетіп артылады. Құрылыс компаниялары орындауы тиіс регламент жоқ, - дейді Светлана Спатарь.

СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШУ

Өкінішке қарай, жасыл желекті күтіп-баптау және қорғау ережесін қабылдау оны қала тұрғындарының бәрі бұлжытпай орындайды дегенді білдірмейді. Facebook әлеуметтік желісінде азаматтық белсенділер Алматының әлдебір ауданында ағаштарды заңсыз отап жатқаны туралы үнемі дабыл қағып жатады. Ал әкімдіктің рұқсат бермегені ағаштарды кесіп тастағаннан кейін мәлім болады.

Жуырда Алматыда жұртты шулатқан оқиға болды. Жібек жолы көшесінің жаяу жүргіншілерға арналған бөлігіндегі жайқалып тұрған ағаштарды рұқсатсыз кесіп тастаған. ЦУМ-ның қарсы бетіндегі дүкеннің қожайыны "ғимарат көрінбей қалды" деген уәжбен ағаштарды кесуге бұйрық берген. Тұрғындар дереу дабыл қағып, іле-шала ол жерге әкімдік, полиция өкілдері барып, ағаштарды кесуге рұқсат берілмегенін мойындады. Алматыдағы атмосфераның ластануынан, ал жазда аптап ыстықтан зардап шеккен көп жылдық сау ағаштарды кесіп тастаған адамға қомақты айыппұл салынды.

Жиынға қатысушылар жаңа ережеде жазылған жазаны күшейту шаралары ағаштарды рұқсатсыз кесуді біршама тыятын шығар деп үміттенеді.

Қосыла өскен мына емен мен қарағай сияқты сирек кездесетін табиғат ескерткіштері әзірше аман, бірақ заң тұрғысынан қорғауды қажет етеді. Алматы, 7 мамыр 2016 жыл
Қосыла өскен мына емен мен қарағай сияқты сирек кездесетін табиғат ескерткіштері әзірше аман, бірақ заң тұрғысынан қорғауды қажет етеді. Алматы, 7 мамыр 2016 жыл

Тағы бір мәселе - қаладағы жасыл желек тұтас суарылмайды. Саябақ, гүлзарларда қарастырылғанымен, қаланың көп жеріндегі ирригациялық жүйе дұрыс жұмыс істемейді. Ал жаздың шыжыған ыстығында Алматы көшелері мен тротуарлары бойындағы газондардың жағдайы тіпті аянышты болып кетеді – шөбі қурап, шыт-шыт болып жарылып кеткен топырағы көрініп жатады. Көп пәтерлі үйлердің іргесіндегі учаскелерді кейде энтузиаст тұрғындардың өздері суарады. Мұнымен көбінесе зейнеткер қарттар айналысады. Ал суаруға кеткен судың шығыны олардың мардымсыз зейнетақысына салмақ салып жатқанын біреу білсе, біреу білмес..

Қазір қала орталығындағы бірнеше даңғыл, көшеде жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Қала тұрғындары ағаштарға олардың қаншалықты зардап келтіріп жатқанын байқап жүр. Жол жөндеу жұмыстары кезінде ағаш тамырларына зақым келіп, тротуарға плитка төсеу үшін асфальтін күреп тастағаннан кейін көтерілген қалың шаң ағаш бастарын тұтып қалған. Сондықтан жасыл желекке әлі келе қоймаған зардаптарға жол бермеу үшін жаңа ережелерді талқылау кезінде әкімдік, қоғамдық кеңес өкілдері, азаматтық белсенділер жаңарту жұмыстары жүріп жатқан көшелерді осы аптадан қалдырмай бірлесіп аралап шығуды ұйғарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG