Accessibility links

Алматы Лех Валенсаны поляк киносынан таныды


Лех Валенса, Польшаның бұрынғы президенті
Лех Валенса, Польшаның бұрынғы президенті

Алматыда поляк мәдениеті апталығы аясында Польша киноларын көрсетіп жатыр. Елдің көзі тірі аңыз адамы Лех Валенса туралы фильм бұрын-соңды оның есімін естімегендерге де ой салды.

Польша Республикасының ұлттық мерекесі - Тәуелсіздік күні қарсаңында (11 қараша) Алматыдағы «Цезарь» кинотеатрында қарашаның 7-іне дейін өтетін "Поляк киносы" фестивалі даңғаза-шусыз ашылды. Фестиваль аясында көрсетілетін соңғы екі жылда шыққан төрт фильмді іріктеуге Олег Борецкийдің киноклубы көмектескен.

Польшаның «Вензь» мәдени орталығының жетекшісі Олег Червинскийдің айтуынша, фильмдерді іріктеу барысында сапалы түсірілген, киножүлдеге ұсынылған немесе киножүлде түрінде әлемде белгілі бір баға алған фильмдерді іріктеуге көңіл бөлінген.

– Біздің фестивальге саясатқа қатысы жоқ фильмдер іріктелді. Іріктеу кезінде әлдебір саяси көзқарасқа артықшылық бермедік, - дейді Олег Червинский Азаттық тілшісіне.

«РЕВОЛЮЦИЯ ЭЛЕКТРИГІ» ТУРАЛЫ ФИЛЬМ

Бірақ фестивальдің алғашқы фильмі «Валенса. Үміттен жаратылған адам» фильмін саяси картина деуге болады. Оны поляк киносының аңызына айналған режиссер Анджей Вайда 2013 жылы түсірген. Фильмде Гданьскідегі кеме жасайтын орында қарапайым электрик болып істеген Валенсаның кәсіподақ жетекшісі әрі Нобель сыйлығының лауреатына дейін өсу жолы баяндалады. 71 жастағы Лех Валенса – Польшаның социализм күйрегеннен кейін демократиялық жолмен сайланған тұңғыш президенті, жұрт оны алғашқы мамандығына байланысты «революция электригі» деп атап кеткен. Анджей Вайда мен Лех Валенса отыз жылдан бері дос.

Лех Валенса туралы фильмнен көрініс.
Лех Валенса туралы фильмнен көрініс.

Фильмде Валенсаны 1970 жылғы Гданьскідегі бағаның қымбаттауына қарсы халық толқулары кезінде мемлекеттік қауіпсіздік қызметі ұстаған сәттен бастап, оның 1989 жылы АҚШ конгресінде сөйлеген сөзіне дейінгі өмірі көрсетілген. Фильм эпизодтары бас кейіпкердің италиялық журналист Ориана Фаллачаға берген сұхбаты арқылы өрбиді.

Фильм желісі қарқынды әрі әсерлі. «Валенса. Үміттен жаратылған адам» - Анджей Вайда трилогиясының соңғы бөлімі. «Мәрмәрден жаратылған адам» мен «Темірден жаратылған адам» деген алдыңғы екі фильм социалистік Польшада түсірілген.

«ТӨРГЕ ШЫҒАРЫП, КЕЙІН ТАС АТҚАНДАР»

Қазіргі Польшада Лех Валенсаның танымалдығы азайғанымен, Вайданың Алматыда көрсетілген фильмін Польша көрермендері жоғары бағалаған. 2000 жылғы президент сайлауында оған сайлаушылардың 1,4 пайызы дауыс берген. Вайданың фильміндегі сұхбатында Валенса «әуелі төрге шығарып әспеттегендер кейін тас атты» дейді.

70-ші Венеция кинофестивалінде фильм премьерасы өткен кезде Анджей Вайда «ең қиналған фильмім осы» деп мойындаған болатын. Оны Қазақстанда көрсету үшін алдыру да қиын болды. Көрсетілім алдында алматылық киносыншы Олег Борецкий «Вайда фильміндегі Валенсаның Америка конгрессмендері алдында сөйлеген сөзі көп адамға ұнамағандықтан, оны Қазақстанға әкелу қиын болды. Мен бұл арада Қазақстанды емес, Украинаны және Порошенконың Америкадағы сөйлеген сөзін айтып тұрмын. Сіздерге көрсету үшін бұл картинаны алдырар кезде осындай қиындыққа тап болдым» деді.

"Поляк киносы" фестиваліне келгендер. Алматы, 4 қараша 2014 жыл
"Поляк киносы" фестиваліне келгендер. Алматы, 4 қараша 2014 жыл

Алматылық 26 жастағы кинокөрермен Артем фильмді көргенге дейін Лех Валенсаның «революционер» екенін ғана білгенін айтады.

– Бір қызығы, мұнда басқа көзқарас көрсетілген. СССР-да өмір сүрген адам игілік деп ойлаған дүние Еуропада саяси кесел болып саналған, - дейді көрермен.

Ерлі-зайыпты 27 жастағы Евгений мен Виктория (қазақстандық поляк қызы) Ақтөбеден келіпті. Бұған дейін есімін естімеген бас кейіпкер туралы Евгений «Мені оның табандылығы қайран қалдырды. Ештеңеге қарамастан, тіпті отбасына да қарайламай өз дегеніне жетті» дейді.

ФЕСТИВАЛЬДІҢ БАСҚА ФИЛЬМДЕРІ

Поляк киносының Алматыдағы фестивалінде көрсетілетін қалған үш фильмнің жанры – драмалық кино. Павел Павликовскийдің Польша атынан 2015 жылдың «Оскар» сыйлығына ұсынылған, ақ-қара түсті форматта түсірілген «Ида» фильмі жас қыздың бойындағы діни сенімнің сынақтан өтуі туралы баяндайды. Фильмде қазіргі заман көрсетілгенімен, тақырыбы Холокост трагедиясымен байланысты.

Анджей Якимовскийдің «Елестетіп көрші» фильміндегі оқиға Лиссабон қаласындағы зағип балаларға арналған интернатта өтеді.

Мацей Пепшицаның фильмі ДЦП-ға (сал ауруы) шалдыққан бала туралы. Фильмдегі оқиға өткен ғасырдың 80-жылдары Польшада өтеді. Дәрігерлер біржақты диагноз қойып, мүгедек балаға үкім шығарып тастайды. Бірақ кейін оның санасы толық адам екені анықталады. Фильм саясат жайлы болмағанымен, оны социалистік медицинаны, сол замандағы адамдардың тұрмысы мен өзара қарым-қатынасын сынау ретінде де қабылдауға келеді.

XS
SM
MD
LG