Accessibility links

«Сектаға мүше болғанша халықтық партияға мүше болса, несі айып?»


Қазақ ұлттық аграрлық университеті студенттері. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақ ұлттық аграрлық университеті студенттері. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін биыл бітіретін студенттер «Нұр Отан» партиясына ақша жинап, кейбірі партияға «еріктерінен тыс мүше болып жатқандарын» айтады. Университет басшылығы «студенттердің таңдау еркі бар» дейді.

Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің аты-жөнін атағысы келмеген 4-курс студенті «Нұр Отан» президенттік партиясына деп 300 теңге өткізгенін айтады. Оның сөзінше, факультеттегі деканат өкілдері «ақша жинамасаңдар, диплом қорғауға кірмейсіңдер» деп ескерту жасаған.

– 300 теңге жинап алып кетті. «Беру міндетті, бермесеңдер диплом қорғауға кірмейсіңдер» деді. Топтағы бүкіл студент бердік. Кейін бұл ақшаның «Нұр Отан» партиясының бір жылдық жарна екенін білдік. Бірақ партия билетін берген жоқ. Енді университеттен маман және «Нұр Отан» партиясының мүшесі болып шығамыз, – дейді ол.

«ЖЕКЕ КУӘЛІК КӨШІРМЕСІ МЕН 300 ТЕҢГЕ ӨТКІЗДІК»

Жастар арасында «Аграрка» аталып кеткен осы университетте агрохимия мамандығында оқитын К. есімді магистранты да бұл жайтты растады. Ол университетте «Нұр Отан» партиясына мүше болуға шақыратын жиналыстар жиі болатынын айтады.

– Қазір университетте «Нұр Отан» партиясына деп бізден ақша жинап жатыр. Бұл декандар мен университет басшылығының бастамасы деп ойлаймын. Жеке куәлігіміздің көшірмесін және 300 теңгені өткіздік, – дейді магистрант.

"Нұр Отан" партиясының парламент сайлауындағы жеңісін атап өту үшін ұйымдастырылған "жеңімпаздар форумында" жүрген жастар. Астана, 21 мамыр 2017 жыл.
"Нұр Отан" партиясының парламент сайлауындағы жеңісін атап өту үшін ұйымдастырылған "жеңімпаздар форумында" жүрген жастар. Астана, 21 мамыр 2017 жыл.

Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің Мұхтарбек (есімі өзгертілді) деген студенті «Нұр Отан» партиясына мүше болғанын кейін білген. Оның айтуынша, деканат қызметкерлері себебін айтпай 300 теңге жинап алып кеткен.

– Қазір бізде мемлекеттік емтихан және диплом қорғау кезі болып жатыр. Диплом алдында 300 теңге жинап алып кеткен. Бұл ақша «Нұр Отанның» жылдық жарнасы екенін кейін білдік. Сонда айына 25 теңгеден өткіздік. Бізден ешкім «партияға мүше боласыңдар ма, ойларыңды айтыңдар» деп сұраған жоқ, – дейді ол.

«ШАҒЫМ АЙТЫП ЖҮРГЕНДЕР – НАШАР ОҚИТЫН СТУДЕНТТЕР»

Осы жайтқа байланысты Азаттық тілшісі Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің басшылығына хабарласты. «Нұр Отан» партиясының осы университеттегі өкілі Тимур Сейілханов бұл оқиғаны өзгеше түсіндіреді.

– Студенттер мемлекеттің саясатына риза. Студенттердің өздері маған келіп: «Президенттің саясатына сай грантта оқып, стипендия алып жатырмыз, неге партияға мүше болмаймыз?» деді. Бізге шағым айтып жүргендер – нашар оқитын, сабақтан қалатын студенттер болар. Біз ешкімді қинамаймыз. Ал партияға мүше болғысы келген адам бізге келіп форма толтырады. Біз ол форманы тексереміз, кез келген адамды мүше ете бермейміз. Оқыған, дарынды, білімді, көзқарасы түзу азаматтарды ғана іріктеп аламыз. Қазір көп секталар бар. Жастар соларға мүше болып жатыр. Ал халықтық партияға мүше болса, несі айып? – дейді ол.

Ал университеттің оқу ісі жөніндегі проректор міндетін атқарушы Бақыт Халықова бұл жайттан хабардар екенін, студенттердің шағымы тексерілетінін айтты.

"Нұр Отан" партиясының жастар қанатының жиыны. Астана, 16 қараша 2012 жыл.
"Нұр Отан" партиясының жастар қанатының жиыны. Астана, 16 қараша 2012 жыл.

- Бұл жайт туралы Instagram желісінен оқыдым. Студенттерді қинап жатқан жоқпыз. Қазір тексеріп жатырмыз. Партияға мүше болғандар да, мүше емес студенттер де бар. «Ауыл» партиясына да мүше студент, мұғалімдер бар. Әркімнің өз таңдауы бар, – дейді ол.

Қазақстанда студенттерді ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясына күштеп мүше ету жайы бұған дейін де сөз болған. Сондай оқиғаның бірінде – бірнеше жыл бұрын атыраулық студенттерді бұл партияға сырттай кіргізген кезде жастар мұндай мәжбүрлеуге наразылық танытқан.

Елде студенттерді биліктің саяси науқандары кезінде ерікті-еріксіз үгіт-насихат жұмыстарына жегу, оларды белгілі бір адамның не ұйымның жағымды имиджін жасау ісіне жұмсау ісі жиі болады.

КӨРІҢІЗ: "Жеңістің" репетициясы. Астана, 17 наурыз 2016 жыл

"Жеңістің" репетициясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

XS
SM
MD
LG