Accessibility links

Жанболат Мамайды қорғау комитеті Алматы прокурорымен кездесті


Алматы прокуроры Ғабит Миразовпен кездесуге келген Жанболат Мамайды қорғау комитеті белсенділері. Алматы, 19 шілде 2017 жыл.

Кездесуге келгендер «Жанболат Мамайды прокурорлардың ар-ожданына тапсырды». Белсенділерге «Жанболат Мамайды ұрып соққаны туралы дәлел әкелуді» сұраған Алматы прокуроры Ғабит Миразов «жер туралы айта бермеуді» өтініп, «президент болудың оңай емес» екенін мәлімдеді.

«ВИДЕОКАМЕРА ТҰРСА, АШЫҚ ӘҢГІМЕ БОЛМАЙДЫ»

Шілденің 19-ы күні түстен кейін Жанболат Мамайды қорғау комитетінің ұйымдастыруымен 30-ға жуық белсенді Алматы қаласының прокуроры Ғабит Миразовпен кездесті. Кездесу Алматы қалалық прокуратурасында өтті.

Қоғамдық белсенділер Алматы прокурорымен кездесетінін бір күн бұрын жариялаған. Бастапқыда шілденің 18-і, жұмыс уақытынан кейін өтеді деп хабарланған. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Жанболат Мамайды қорғау комитетінің мүшелерімен кездесуге Ғабит Миразов «үлкен зал дайындап отырғанын» Facebook парақшасында жазып, ақпарат құралдарын да шақырған.

Оқи отырыңыз: ЖАНБОЛАТ МАМАЙ КІМ?

Алайда кездесуге ақпарат құралдарынан Азаттық тілшісі ғана келді. Прокуратура ғимаратына кіретіндерді мұқият тексерген қызметкерлер Азаттық тілшісінен фотоаппарат пен видеокамера, диктофон және ұялы телефонын тастап кетуді талап етті. Кездесуге Азаттық тілшісін қатыстыруды талап еткен белсенділер Ғабит Миразовтың өзінен қайта рұқсат сұрауға мәжбүр болды. Ғабит Миразов кездесуді бір ғана минут түсіруге рұқсат етіп, онысын «егер видеокамера тұрса, ашық әңгіме болмайды» деп түсіндірді.

ВИДЕО: Белсенділердің Алматы прокурорымен кездесуі

Прокуратураның жиын бөлмесіндегі ұзын столдың бір бетіне алты прокурор, екінші бетіне алты белсенді жайғасты. Ғабит Миразовтың өзі төрде отырды. Қалған белсенділер залдың екінші бетіндегі орындықтарға отырды. Кездесуді ұйымдастыруға мұрындық болған белсенді журналист Рамазан Есіргепов «Жанболат Мамайды қамауға алған кезде ұрып-соққанына байланысты іс қозғалса да сотқа жетпей тоқтап қалғанына» және осы мәселе бойынша «құқық қорғау органдары қызметкерлеріне жала жапты» деген айыппен Жанболат Мамайдың үстінен тағы іс қозғалуы қаупі туып тұрғанын айтты.

Прокурор Ғабит Миразов.
Прокурор Ғабит Миразов.

Жанболат Мамайды қорғау комитетінің төрайымы Розлана Таукина оны алғаш қамауға алған кезде бұрын сотталғандармен бір камерада отырғызудың өзі заңсыздық болғанын, оны ұрып-соққаны туралы абақты басшылары осында кездесуге келіп отырған белсенділерге растағаны жайлы айтып берді.

Белсенділерді мұқият тыңдаған Ғабит Миразов «ұрып-соқты» деген хабар шығысымен өз көмекшісін жіберіп, тексерткенін, Жанболат Мамай оған ұрып-соқты деп айтпағанын алға тартты. Сөйтіп залда отырған көмекшісін орнынан тұрғызып, содан сұрады.

Істі тексеріп барған көмекші прокурор Ғабит Миразовтың мәліметін растағанымен, бұрын сотталмаған адамды сотталушылармен бір камераға қамаған абақты қызметкерлері тәртіптік жазаға тартылғанын айтты.

Жанболат Мамай сот залында тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл. Суретті азаматтық белсенді Инга Иманбай түсірген.
Жанболат Мамай сот залында тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл. Суретті азаматтық белсенді Инга Иманбай түсірген.

Осыдан кейін белсенділер көмекші прокурорға жан-жақтан сұрақ қойып, Жанболат Мамайдың өз қолымен жазған мәлімдемесі интернетте жарияланғанын алға тартты. Олардың айтуынша, «Жанболатты ұрып-соққан соң жұбайы Инга Иманбайға телефон соғып, ақша талап еткен камераластарының әрекеті де тексерілмей қалған».

«ЖАНБОЛАТ СЕНДЕРГЕ АМАНАТ»

Алматы пркурорымен кездесуге келген белсенділердің арасында Рысбек Сәрсенбай Жанболат Мамайдың жерге байланысты митингілер кезінде жерді сатуға болмайтыны туралы жазған материалдары билікке ұнамағанын айтты.

Қоғамдық белсенді Рысбек Сәрсенбай.
Қоғамдық белсенді Рысбек Сәрсенбай.

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

Жер туралы сөз қозғалғаннан кейін жаппай қозғалақтай бастаған белсенділер бірінен кейін бірі сөз алып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін прокурорлардың ұятқа қалғанын еске алды. Олардың сөзінше Желтоқсан оқиғасынан кейін ату жазасынан кесілген Қайрат Рысқұлбеков бұрын сотталғандармен бір камераға қамалғаннан кейін қаза болған.

«Жанболат Мамайдың өзін танымаймын, бірақ ол шығарған «Трибуна. Саяси қалам» газетінің тұрақты оқырманымын деген жасы егде тартқан белсенді прокурорларға қарата «Жанболат Мамайға сендердің де іштей жандарың ашып отырғанын сезіп отырмыз, кейін өкініп қалмаңдар, Жанболат сендерге аманат» деп сөзін аяқтады.

Кездесу ортасынан ауғанда сөз алған Алматы прокуроры Ғабит Миразов белсенділерді сабырға шақырды.

- Адам жақсы қартая білу керек. Жер сатылып жатыр дейсіздер. Жастардың құлағын көтеріп неге олай дейсіздер? Сатқан адам басымен жауап береді. Сатылса, тек жекеменшік жерлер ғана сатылады. Президент болу оңай дейсіздер ме? - деді ол.

Прокурордың бұл пікірінен кейін белсенділер арасында қайтадан дауыстап сөйлеушілер көбейді. Сөйтіп Жанболат Мамайға байланысты кездесу жер тақырыбына қарай ойысып, «президент болу оңай ма, жоқ па» дегенге әркім өзінше пікір айтып жатты.

Кездесудің екі сағаттан асып бара жатқанын айтқан Ғабит Миразов Жанболат Мамайды ұрып-соғу фактісіне байланысты барлық материалдарды шілденің 20-сы күні әкеліп табыстауды, соған оай жауап беретінін айтып жиынды тарқатты.

«МОЙЫНДАТУ АМАЛЫ»

Жиын соңынан кейін Азаттық тілшісімен сөйлескен құқық қорғаушы Ерлан Қалиев «кездесуге көңілі толмағанын, бәрі бұрыннан айтылып жүрген сөздер екенін, прокурор сұраған материалдар осыған дейін де шағымдарда көрсетілгенін» айтты. Ол Алматы прокуроры Ғабит Миразов материалды қайта қараса, өзгеріс болып қалар деп үміттенетінін де білдірді.

Жиынға қатысқан құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да кездесуге көңілі толмағаны байқалды. Оның айтуынша «Мұхтар Аблязовтың ақшасын заңдастыруға қатысты» деген айып бойынша тергеуді аяқтаған құқық қорғау органдарының қызметкерлері Жанболат Мамайды мойындату амалын қарастырып келеді».

- Негізгі іс бойынша тергеушілер «абақтыда азаптады» деп жалған айтқаны үшін қылмыстық іс қозғалды» деп Жанболат пен оның жұбайын және адвокатын қорқытып, бопсалап отыр, - дейді ол.

Кездесуге байланысты Алматы прокуроры Ғабит Миразовтың пікірін білу мүмкін болмады. Ол кездесу залынан белсенділер шыққан есіктен емес, басқа есіктен шығып кетті.

Журналист Жанболат Мамайды биыл ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері ұстап, «БТА банктен» Мұхтар Әблязов басқарған кезде ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін «Трибуна. Саяси қалам» газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған» деп айыптаған.

Жанболат Мамай тағылған айыпты жоққа шығарып, «Трибуна. Саяси қалам» газетін жабуға бағытталған саяси астары бар әрекет деп санайтынын мәлімдеген. Қамауға алынған соң көп ұзамай өзін «ұрып-соққаны туралы» хабарлаған. Бұл жайт бойынша Жанболат Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаева шағым түсіргенімен, «дәлелденбеді» деген себеппен іс сотқа жетпей тоқтаған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG