Accessibility links

Алматы қаласының Медеу аудандық 2-сотында «Трибуна. Саяси қалам» газетін басқарған оппозициялық журналист Жанболат Мамайға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі бүгін де жалғасты.

Сот отырысы басталар алдында Жанболат Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаева саясаткер Әміржан Қосанов пен «Тасжарған» газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапиды куәлікке тарту мәселесін тағы көтерді. Судья Дәурен Мәукеев бүгін сотқа келмеген Ермұрат Бапидың мәселесін кейінге қалдырып, Әміржан Қосановты куәлікке шақыруға келісті.

«ГАЗЕТІМІЗ ИДЕЯЛЫҚ ЖОБА БОЛАТЫН»

Содан соң сот залында қамауда отырған Жанболат Мамайға сөз тиіп, ол судья, прокурор және адвокаттар қойған бірнеше сұраққа жауап берді.

Газетке бастапқыда идеялық және материалдық тұрғыда Төлеген Жүкеев көмектесті. 2013 жылдан бастап қаржылық қиындықтарға ұшырай бастадық.

«2011-2014 жылдары БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары, сол кезде шетелде болған Жақсылық Жарымбетов арқылы қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовтан 110 мың доллар алды» деп айыпталған Жанболат Мамай журналистік қызметін біршама айта келе негізгі мәселеге көшті. «Трибуна» газетін 2012 жылдың қыркүйегінен бастап шығардық» деген ол сол кезде Жақсылық Жарымбетовпен мүлде таныс болмағанын айтты.

– Газетке бастапқыда идеялық және материалдық тұрғыда Төлеген Жүкеев көмектесті. 2013 жылдан бастап қаржылық қиындықтарға ұшырай бастадық. Сол жылы ақпанда Жарымбетовпен таныстық. Танысуға ол өзі бастамашы болды. Оған дейін Әблязовтың Жарымбетов деген орынбасары бар екенін де білмейтінмін. Сөйтіп біз онымен жай ғана достық қатынаста болдық. Ол қазақ тілін өте жақсы білетін, Қазақстанды сағынғаны байқалатын, – деді Жанболат Мамай.

Мамайдың сөзінше, газет қаржылық қиындық көре бастағанда Жарымбетов бір жыл бойы «азаматтық қоғам, тәуелсіз журналистканы дамыту үшін» көмектесуге уәде берген, сөйтіп 2014 жылға дейін көмектескен, редакция саясатына кіріспеген.

Жақсылық Жарымбетов. Астана. 30 қаңтар, 2017 жыл.
Жақсылық Жарымбетов. Астана. 30 қаңтар, 2017 жыл.

– Еш басылым демеушілік көмектен бас тартпайды. Біз де сөйттік, бірақ газетті төрт-ақ адам – бір беттеуші, бір корректор және екі журналист шығара бастадық. Сөйтіп бүкіл шығындарды қысқарттық, сондықтан 2015 жылдан газет өзін ақтай бастады. Бірақ одан түскен табыстың өзі типографиялық және редакциялық шығындардан аспайтын. Біздің газетіміз идеялық жоба болатын. Біз одан пайда табамыз деп ойлаған емеспіз. Газетіміз ешкімге тәуелді болмасын дедік, – деді «тұрақты ақша беріп, партия сөзін сөйлетпек болған саясаткерлердің ұсынысынан да бас тартқанын» айтқан Мамай.

Жанболат Мамайдың сөзінше, ол Жақсылық Жарымбетовпен 2015 жылдан кейін араласпаған. Журналист прокурордың «Жарымбетовтің үстінен іс қозғалғанын білдіңіз бе» деген сұрағына:

– Оның қылмыстық жауапқа тартылғанын биыл, 2017 жылы 17 қаңтарда Стамбул әуежайында ұсталғанын естігенде білдім. Қалай болғанда оның кінәсіздік презумциясы бар екені анық еді. Өйткені ешқандай сот шешімі болған емес, – деп жауап берді.

Жанболат Мамайдың сотынан көрініс. Алматы, 14 тамыз 2017 жыл.
Жанболат Мамайдың сотынан көрініс. Алматы, 14 тамыз 2017 жыл.

Прокурор «Әблязовты көрген де, танысқан да емеспін» деген Жанболат Мамайға «Сіз Жарымбетовке жіберген газет нөмірлерінде үнемі Әблязов туралы жазылған, оны қалай түсіндіресіз?» деген сұрақ қойды. Прокурордың сұрағынан кейін сот залында қимыл-қозғалыс пайда болып, кейбіреулердің күлгені байқалды. Бұған шамданған прокурор оларды залдан шығарып жіберуді сұрады. Жанболат Мамай «Трибуна» газетінің электронды нұсқасын Жақсылық Жарымбетовке ұдайы жіберіп тұрғанын, онда тек Әблязов туралы ғана болуы мүмкін еместігі жайлы уәжін айтты.

ЖАЛҒЫЗ КУӘ

Судья Дәурен Мәукеев Жанболат Мамайды тыңдап болғаннан кейін сот залына саясаткер Әміржан Қосановты куәлікке шақырды. Өзін «Трибуна» газетінің бірнеше жылдық тұрақты авторларының бірі ретінде таныстырған Әміржан Қосанов та прокурордың Жанболат Мамайға қойған соңғы сұрағына жауап бере кетті.

– «Трибуна» газетінде Әблязов туралы объективті жазуға тырыстық. Мәселен, өзіне тағылған айыпқа Әблязов нақты құжаттармен дәл жауап бергені жөн болатынын бірнеше рет айттым. Одан өзге Әблязовтың ұстанымдарымен келіспейтін тұстарымды да талай жаздым. Жанболат Мамай ол үшін редакциялық шектеу қойған емес, – деді ол.

Саясаткер Әміржан Қосанов.
Саясаткер Әміржан Қосанов.

Әміржан Қосановтың айтуынша, Жанболат Мамай «Трибуна» газетінде түрлі саяси көзқарастардың жазылуына кедергі жасамай, қандай да бір олигархтың мүддесіне жұмыс істемейтінін бірнеше рет білдірген».

Түс қайта басталған сот отырысы осылайша Жанболат Мамай мен Әміржан Қосановты тыңдаумен ғана шектелді. Судья Дәурен Мәукеев келесі сот отырысын тамыздың 24-сіне сағат 12-ге белгіледі.

ВИДЕО: Жанболат Мамайдың сотынан тікелей трансляция

Тамыздың 21-індегі сот отырысы да бір ғана куәні тыңдаумен аяқталған еді. Ол күні Жақсылық Жарымбетовтің бұрынғы күйеу баласы Ғалымжан Аханов сөйлеп, «бір жыл ішінде бірнеше рет белгісіз біреулерге ақша апарып бергенін» растаған.

Осыған дейін прокурор жариялаған айыптау актісінде БТА Банктің бұрынғы басшысы, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов «жымқырған қаржысының ізін жасыру мақсатында 2011-2014 жылдары БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары, сол кезде шетелде болған Жақсылық Жарымбетов арқылы Жанболат Мамаймен байланысқан. Жарымбетов Мамаймен Skype арқылы байланысқан және үшінші адам арқылы 110 мың доллар көлемінде қаржы берген. Мамай қаржыны газет шығаруға жұмсаған» деп көрсетілген еді.

Жанболат Мамайдың ісі бойынша сотта БТА Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов те куәгер ретінде жауап берген. Мамайға ақша бергенін растаған ол «елге тәуелсіз БАҚ керек деп санағандықтан көмектескенін» айтқан.

Жақсылық Жарымбетов Мұхтар Әблязовтың ісі бойынша биыл шартты мерзімге сотталған. Бірнеше жыл шетелде жүрген ол биыл қаңтар айында Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланған.

Оппозициялық «Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакторы міндетін атқарушы 28 жастағы Жанболат Мамай 2017 жылы 10 ақпанда қамалып, тамыздың 14-інен бері сотқа тартылып жатыр. Ол Мұхтар Әблязовпен қандай да бір байланысы барын жоққа шығарады және «Әблязовтың ұйымдастыруымен БТА Банктен ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған» деген айыптың саяси астары бар екенін айтады.

2009 жылдан бері Еуропада жүрген оппозициялық саясаткер, биыл маусым айында Алматы соты тарапынан «банктен ақша жымқырды, қылмыстық топ құрды және оны басқарды» деген айыптармен сырттай 20 жылға соттаған Мұхтар Әблязов та бұл айыптауды «абсурд» деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG