Accessibility links

Қазақстанның көкөнісі Ресей түгілі өзіне жетпесін айтады


Мәскеудегі дүкендердің бірінің сөресінде тұрған түркиялық кәді. 1 желтоқсан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Мәскеудегі дүкендердің бірінің сөресінде тұрған түркиялық кәді. 1 желтоқсан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауыл шаруашылығы мамандары министр Асылжан Мамытбековтің түркиялық өнімдерге тыйым салған Ресейге азық-түлік апарып сату жоспарына күмәнмен қарайды.

Қазақстандағы жылыжайлар қауымдастығының президенті Қанат Қошман ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің «қазақстандық фермерлер Түркияның көкөнісі мен жеміс-жидегінен қағылған Ресейге өнімін апарып сатуға дайын» деген пікіріне иланбайды.

Министр кеше: «Біздің фермерлер сұранысқа ие өнімнің бәрін апарады. Егер Ресей нарығында қосымша сұраныс туса, фермерлеріміз өнімдерін онда сатуға дайын» деген еді.

Қанат Қошманның сөзінше, Қазақстан дәл қазір – қысқы маусымда көкөністі Ресейге сатпақ түгіл өзіне жеткізе алмайды.

– Осы маусым аралығына көкөніс екі есе қымбаттап, Қазақстанның көкөніске сұранысы 89 мың тонна болады. Елдегі жылыжайлар бұл кезеңде барлығы 25 мың тонна ғана өнім береді. Қалған 64 мың тонна көкөністі Өзбекстан, Қырғызстан, Қытайдан сатып аламыз, – дейді ол.

Тек помидор, қияр және салат өнімдері бойынша статистикалық деректер келтірген Қанат Қошман Қазақстанның тек жазғы маусымда ғана ішкі сұраныстан 500 мың тонна артық (яғни 3 миллион 250 мың тонна) көкөніс алатынын айтады.

Алматыдағы базарлардың бірі. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы базарлардың бірі. (Көрнекі сурет)

– Қазақстанның сол кезде ғана ішкі сұранысын қанағаттандырып, артығын экспорттауына мүмкіндігі бар, – дейді жылыжайлар қауымдастығының президенті Қанат Қошман.

«Қазақстан Ресейге жеміс-жидек пен көкөністі жыл бойы емес, тек белгілі бір маусымда ғана экспорттай алуы мүмкін» деген сөзді бұл өнімдерді өсіруге ең қолайлы аймақтың бірінің – Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекші маманы Асқар Әсемқұлов та айтады.

– Қазір жылыжайда помидор қалды, сыртта әлі капуста бар. Күздік картоп жаңадан өсіп келеді. Қалғаны таусылды. Ал Түркияда олар енді шығып жатыр. Оның үстіне Түркияда өсетін субтропикалық өсімдіктер көп. Сондықтан, меніңше, біз тек өзімізде шығатын өнімдерді Ресейге белгілі бір уақытта ғана экспорттай аламыз, – дейді Асқар Әсемқұлов.

Сарыағаш-Шымкент күрежолы бойында жеміс пен көкөніс сатып тұрған әйел. 26 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Сарыағаш-Шымкент күрежолы бойында жеміс пен көкөніс сатып тұрған әйел. 26 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық тілшісімен сөйлескен Сарыағаш ауылының кей тұрғындары да өнімдерін Ресейге апаруға тырысатындарын айтады. Олардың сөзінше, Қазақстан Еуразия экономикалық одағына кіргелі Ресей нарығында көршілес Өзбекстаннан баратын өнімдермен бәсекелесетін мүмкіндік туған. Асқар Әсемқұловтың сөзінше, Сарыағаш ауданы биыл жазда Ресейге 60 мың тонна көкөніс пен 2 мың тонна жеміс-жидек экспорттаған.

Анкара мен Мәскеудің арасы биыл 24 қарашада Түркияның әскери-әуе күштері Сириямен шекарада Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсіріп, ресейлік бір ұшқыш қаза тапқаннан кейін нашарлаған. Ресей бұл оқиғадан кейін Түркияға қарсы салынған санкциялар тізімін бекіткен. Үш күн бұрын Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев қол қойған қаулыда 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Түркиядан Ресейге әкелуге болмайтын ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізімі жарияланған. Ол тізімде томат, пияз, салат, капуста, брокколи, қияр, апельсин және мандарин сияқты цитрус жемістер, алма, жүзім, алмұрт, шабдалы, өрік, құлпынай, бүлдірген бар. Ресейге Түркиядан тұз, қалампыр, тауық және күркетауық етін әкелуге де тыйым салынған.

XS
SM
MD
LG