Accessibility links

Астана ЕАЭО-ның Ереван саммитін басқа қалада өткізуді ұсынған


Астана, Ақорда. (Көрнекі сурет)
Астана, Ақорда. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның ЕАЭО үкімет басшылары саммитін Ереваннан басқа қалада өткізу ұсынысына Ресей «келісуге дайын». Сарапшы «Қазақстан өкілдері Ереванға барса, Баку оны Арменияны қолдау деп түсінеді» дейді.

Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) үкімет басшылары саммиті сәуірдің 8-і күні Ереван (Армения астанасы – ред.) қаласында өтеді деп Таулы Қарабақтағы сәуірдің 2-сі басталған Әзербайжан-Армения қақтығысына дейін жоспарланып қойған болатын.

ЕАЭО-ның саммитін басқа қалада өткізу ұсынылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:56 0:00
Жүктеп алу

«МӘСІМОВ ЕРЕВАНҒА БАРМАЙДЫ»

Алайда бүгін Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің Ереванға бармайтыны хабарланды. Мұны Азаттыққа премьер-министр кеңсесі баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары Думан Хамит растағанымен, «әзірге сапардан бас тарту себебін айта алмайтынын» білдірді.

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев пен Армения премьер-министрі Овик Абраамянның Мәскеуде кездескен сәттері. 9 шілде 2015 жыл.
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев пен Армения премьер-министрі Овик Абраамянның Мәскеуде кездескен сәттері. 9 шілде 2015 жыл.

Ал Ресей үкіметінің ресми сайтында премьер-министр Дмитрий Медведевтің Арменияға сапарын шегермейтіні, сәуірдің 7-сі күні - Ереванға (Армения), ал келесі, яғни Ереванда ЕАЭО үкімет басшылары саммиті өтуі тиіс болған сәуірдің 8-і күні Бакуге (Әзербайжан) баратыны хабарланды.

Осы ақпаратта Дмитрий Медведевтің Армения премьер-министрі Овик Абраамянмен телефон арқылы сөйлесетіні, Абраамянға «қалыптасқан жағдайға байланысты Ресейдің Еуразия үкіметаралық кеңесінде төрағалық етіп отырған Қазақстанның ЕАЭО саммитін Мәскеуге, келесі аптаға ауыстыру ұсынысына келісуге дайын екенін хабарлайтыны» жазылған.

Ресей үкіметінің сайтында премьер Дмитрий Медведев пен Армения үкіметінің басшысы Овик Абраамянның Қазақстанның ЕАЭО саммитін Мәскеуге ауыстыру туралы ұсынысын талқылағаны да хабарланды.

Кейбір ресейлік БАҚ-тың жазуынша «ЕАЭО саммиті Қарабақ қақтығысына байланысты шегерілген». РБК басылымы Дмитрий Медведевтің баспасөз хатшысы Наталья Тимаковаға сілтеме жасай отырып, Қазақстанның ЕАЭО саммитін Мәскеуде өткізу ұсынысын Ресейдің қабыл алғанын хабарлады.

САРАПШЫ ПІКІРІ

Қазақстандық саясаттанушы Расул Жұмалы Еревандағы саммитті басқа қалаға ауыстыруды «дұрыс шешім» деп бағалап, мұның Қазақстанның дипломатиялық ұсынысы екенін айтады.

Саясаттанушы Расул Жұмалы.
Саясаттанушы Расул Жұмалы.

- Қазақстан ЕАЭО төрағасы ретінде саммиттің өткізу уақытын, орнын өзгертуге ұсыныс жасауға толық құқылы. Саммитке қатысты өзгерістер Таулы Қарабақтағы жағдайға байланысты екені анық. Егер саммит Ереванда өтсе, қатысқан елдер Таулы Қарабақ [қақтығысы] жағдайында Арменияға қолдау білдірген болып көрінеді. Әзербайжан - саяси және экономикалық тұрғыда Қазақстанға әлдеқайда жақын, серіктес ел. Сондықтан Қазақстан [үкіметі] делегациясы Ереванға барған жағдайда Әзербайжан ол сапарды Арменияға қолдау деп қабылдауы мүмкін еді, - дейді ол.

Армения мен Әзербайжанның арасындағы даулы аймақ – Таулы Қарабақтағы жағдай сәуірдің 2-іне қараған түні күрт шиеленіскен еді. Тараптар атысты тоқтату келісімін бұзды деп бір-бірін айыптады. Қарулы қақтығыс кезінде екі тараптан да ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам жараланғаны хабарланды.

Астана Таулы Қарабақтағы жанжал аймағында адамдардың қаза болуына алаңдаушылық білдіріп, тараптарды ұстамды болуға және атысты тоқтату туралы уағдаластықтарды қатаң сақтауға шақырады.

ЕАЭО-ға Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Армения мүше.

XS
SM
MD
LG