Accessibility links

Бас бостандығы шектелген Ғабдуллин «президентке разы» болды


Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы Бигелді Ғабдуллин. Астана, 24 қаңтар 2017 жыл.

Астана соты журналист Бигелді Ғабдуллиннің бас бостандығын бес жылға шектеп, сот залынан босатты. Ол еркіндікке «президент Назарбаевтың арқасында шыққанын» айтады.

Астана қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған аудандық соты судьясы Бағлан Ыдырысов «лауазымды тұлғалардан мемлекеттік тапсырыстарды бопсалағаны» үшін сотқа тартылған азамат - Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы Бигелді Ғабдуллинді қылмыстық кодекстің 194-бабы 4-бөлімі 2-пункті («Қорқытып алу») бойынша айыпты деп тапты.

Судья Бигелді Ғабдуллинге прокурор Әлібек Айтжанов сұраған жазаны кесіп, яғни бостандығын бес жылға шектеп, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен сот залынан босатты. Бұған қоса оның көпшілік орындарға баруына, мемлекеттік орындар мен жекеменшік ұйымдарда 10 жылға дейінгі мерзімде басшылық жасауына тыйым салынды. Бигелді Ғабдуллиннің мүлкі тәркіленбейтін болды.

Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы Бигелді Ғабдуллин сотта отыр. Астана, 24 қаңтар 2017 жыл.
Central Asia Monitor газетінің бас редакторы әрі Radiotochka.kz порталының шығарушысы Бигелді Ғабдуллин сотта отыр. Астана, 24 қаңтар 2017 жыл.

«НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВҚА РИЗАШЫЛЫҒЫМ ШЕКСІЗ»

Сот залынан босап шыққан Бигелді Ғабдуллин тілшілерге «президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында бостандыққа шыққанын» хабарлады.

Екі жарым ай түрмеде отырғаным өмірлік сабақ болды.

– Маған араша түскен әдебиет пен мәдениет қайраткерлері Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Смағұл Елубаевтардың үніне көңіл аударған президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығым зор. Екі жарым ай түрмеде отырғаным өмірлік сабақ болды, – деді Бигелді Ғабдуллин.

Ол Азаттық тілшісінің «Журналистика саласындағы қызметіңізді жалғастырасыз ба?» деген сұрағына «Без комментариев» деп жауап берді.

Бигелді Ғабдуллиннің адвокаты Аманжол Мұхамедияров «сот шешімінің кейбір тұстарына шағымдануға ойланатындарын» айтты. Адвокат жарыссөз кезінде судьядан Ғабдуллинге шешім шығарғанда «көпшілік орындарға баруына тыйым салмауын» өтінген еді. Адвокаттың сөзінше, базар мен дүкендер де көпшілік орын болып есептелінеді.

Бигелді Ғабдуллин қаңтардың 23-індегі соттағы жарыссөзде «қылмысын мойындап, ісіне өкінетінін, қылмыстық жазадан босаса президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жүзеге асыруға аянбай еңбек ететінін» айтқан.

Ол 2016 жылы қарашаның 14-і күні коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының өзіне қатысты іс қозғауы «тосын жағдай болғанын» сипаттаған.

...Қазақстан президентінің саясатын жақтаушы ретінде, «Нұрсұлтан Назарбаевтың 8 қыры» кітабының авторы ретінде мен үшін тіпті күтпеген жағдай болды.

«Екі республикалық баспасөз құралының редакторы ретінде, халықаралық жазушылар одағының президенті ретінде, Алматы қалалық мәслихаты депутаты ретінде, үш орден мен 18 медаль иесі ретінде, Қазақстан Республикасы президентінің саясатын жақтаушы ретінде, «Нұрсұлтан Назарбаевтың 8 қыры» кітабының авторы ретінде мен үшін тіпті күтпеген жағдай болды» деген Бигелді Ғабдуллин.

Ол «тергеудің сыз тартқан салқын бөлмесіндегі қиын күндері» 2016 жылғы әрекеттерін зерделеп, қылмыстық іске жол бергенін түсінгенін, істеген істеріне өкініп, кінәсін толық мойындайтынын, жәбірленушілерге шығындарын толық төлегенін» айтып, жазасын жеңілдетуді сұраған.

«Егер қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болсам, бар күшімді, бар тәжірбиемді елдің бірінші президентінің саясатын іске асыруға жұмсаймын» деген Бигелді Ғабдуллин.

«БОПСАЛАУҒА ТҮСКЕН» ШЕНЕУНІКТЕР СОТҚА ҚАТЫСПАҒАН

Сотта айтылған деректер бойынша, Бигелді Ғабдуллин Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстары, Астана қаласы әкімдігі және энергетика министрлігінен жиыны 21 миллиондай теңгені мемлекеттік тапсырыс арқылы бопсалап алған.

Қаңтардың 17-і күні өткен сотта куәгерлік еткен Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасы басшысы Рахия Тұрмағамбетованың сөзінше, «2016 жылы Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың абырой беделіне нұсқан келтіретін негізсіз сыни мақала жарияланған» Бигелді Ғабдуллин газетіне 2017 жылы мемелекеттік сатып алу арқылы берілетін қаржы көлемін басқа облыстардағыдай 10 миллион теңгеге жеткізуді талап еткен.

Бигелді Ғабдуллин бұл айыпты растап, оған қоса «Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтан 8 миллион теңгені талап етіп, мемлекеттік тапсырыспен алғанын», «Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовпен кездесіп, мемлекеттік тапсырыс арқылы 6,1 миллион теңге алғанын», «энергетика министрі Қанат Бозымбаев туралы Central Asia Monitor газетінде екі сыни мақала жаздырып, соның арқасында министрлікке қарасты компаниядан 2 миллион теңге алғанын» мойындаған.

Алайда энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы Асқар Жалдинов сотта Бигелді Ғабдуллин тарапынан өзіне және басшысына қатысты ақша бопсалау ісі болмағанын мәлімдеген. Ол Central Asia Monitor газетіне министрлікке қарасты компаниядан берілген екі миллион теңге Қашаған мұнай кешенінің ашылуын жарнама ретінде жазуға бөлінгенін айтқан.

Сотта куәлік беруге Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы өкілдері ғана келген. Ал Бигелді Ғабдуллиннің адвокаты Аманжол Мұхамедияров сотта аты аталған шенеуніктерді – Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевты, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовті, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевты және энергетика министрі Қанат Бозымбаевты куәгер ретінде сотқа шақыруға талап етпейтіндерін, «бұл лауазымды азаматтар тергеу кезінде түсініктеме бергенін» тілшілерге айтқан.

Ал прокурор Әлібек Айтжанов бұл сұрақ бойынша тілшілерге жауап беруге пейіл танытпады.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 61 жастағы Бигелді Ғабдуллиннің ұсталғанын 2016 жылы 15 қарашада хабарлаған. Бюро таратқан ақпарат бойынша, Ғабдуллин өзіне қарасты БАҚ-ты пайдаланып, мемлекеттік органдардың басшыларына олардың «іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдар жариялау жолымен» ақпараттық шабуыл жасаған. Кейін ол лауазымды тұлғалардан «сыни жарияланымдарды тоқтату үшін өз ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыстар беруді бопсалаған».

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG