Accessibility links

Назарбаев "біршама өкілеттіктерін беретінін" айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үндеу айтып отыр. Астана, 25 қаңтар 2017 жыл. (Видеодан скриншот)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде телеарна арқылы үндеу жасады.

Президент Назарбаев "Қазақстан үшін аса маңызды, тағдырлы мәселе" ретінде конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу жайын ұсынатынын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттің басқару жүйесін жаңғырту екі бағытта өтпек.

Әуелі президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктері үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беріледі.

- Сонда бұл салаға үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асады. Бұл өзгерістерді үкімет қазіргі парламенттің сессияның аяғына дейін парламентке енгізуі тиіс, - дейді президент Назарбаев.

Назарбаевтың айтуынша, бұдан соң президент стратегиялық міндет орындап, билік тармақтары арасында жоғарғы төреші рөлін атқаруы тиіс. "Бұған қоса үкімет пен парламенттің рөлі арту тиіс" дейді ол.

Оның айтуынша, "күшті президенттік билік мемлекет қалыптасар кездегі үлкен қиындықтарды жеңу кезінде керек болған".

- Ол кезінде өзін ақтады. Бар жетістіктеріміз дәл осы жүйенің арқасында іске асты, - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Екінші бағыт - билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету, осы реформаның аясында үкіметті жасақтаудағы парламенттің рөлін күшейту.

- Парламент сайлауында жеңген партия үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Тиісінше биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді, - дейді Қазақстан президенті.

Назарбаевтың пікірінше, осыдан кейін үкімет бұрынғыдай президенттің алдында емес, қайта сайланған мәжілістің алдында өкілетінен бас тарта алады.

Бұған қоса парламент палатасы тарапынан үкімет мүшелеріне сенімсіздік таныту ретін қарапайым ету жайы да айтылды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінше, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде құрылған жұмыс тобы барлық сұрақтарды жан-жақты зерттеп, қоғамдық талқылауға шығару үшін ұсыныстар жиынтығын әзірлейді.

Президенттің айтуынша, қолданыстағы заңдарды өзгерту арқылы үкімет пен парламентке 40-қа жуық өкілеттілік беруге болады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев билік бөлінісі мәселесіне қатысты тиісті заңдар мен конституцияға өзгеріс енгізу қажетін алғаш ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында, 2016 жылы 15 желтоқсанда айтқан еді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG