Accessibility links

Астанада ЕҚЫҰ саммиті басталды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ саммитіне қатысушыларды қарсы алып тұр. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ саммитіне қатысушыларды қарсы алып тұр. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.

Желтоқсанның 1-і күні Астанада ЕҚЫҰ-ның саммиті басталды. Оған ұйымға мүше 56 мемлекеттің өкілдері, БҰҰ бас хатшысы және халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысып отыр.


АСТАНАНЫҢ ЖАҢА ҰСЫНЫСЫ

Сәрсенбі күні Астанада басталған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің саммитін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Ол сөзінде ұйымға мүше елдерге Еуразия қауіпсіздігі туралы келісім әзірлеу туралы ұсыныс жасады.

«Біз келер жылы Ислам елдері ұйымына төрағалығымызды Еуразия кеңістігінде сенімді нығайтуға күш салуға пайдаланбақпыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан соң саммитке қатысушылар алдында ЕҚЫҰ-на 2010 жылы төрағалық еткен Қазақстанның сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Петрос Эфтимиу және ЕЫҚҰ бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо сөйлейді.

Араға 11 жыл салып өткізіліп отырған ЕҚЫҰ-ның кезекті саммитіне 20-дан астам мемлекет басшылары, сондай-ақ кейбір елдердің атынан үкімет жетекшілері және үкімет мүшелері қатысып отыр.


ҚҰҚЫҚТАР МЕН БОСТАНДЫҚТАР

Саммит басталар қарсаңда Нью-Йорктегі Журналистерді қорғау комитеті Астандағы 55 мемлекеттің өкілі қатысып отырған алқалы жиынның күн тәртібінде Қазақстандағы баспасөз бостандығы мәселесін талқылауға шақырды.

Халықаралық комитет ЕҚЫҰ төрағасы болып отырған Қазақстан өз елінде баспасөз саласында еркіндікті шектеп, тәуелсіз басылымдар мен журналистерді қысымға алып отырғанын атап көрсеткен.

Журналистерді қорғау комитетінің мәлімдемесінде қазіргі уақытта Қазақстанда өз кәсіби қызметі үшін жазаланған кемінде бір журналист пен адам құқығын қорғаушы түрмеде отырғаны, тәуелсіз басылымдарға миллиондаған сомадағы айыппұл салу салдарынан ақпарат құралдарының жабылуға мәжбүр болғандығы айтылған.

Сөз бостандығын қорғайтын халықаралық ұйым өз үндеуінде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерді Қазақстанның баспасөз еркіндігі саласында өзіне алған міндеттемелерін орындауын талап етуге шақырған.
XS
SM
MD
LG