Accessibility links

Астананың жауабы мен италиялық актердің әжуасы


Алма Шалабаева қызы Алуамен
Алма Шалабаева қызы Алуамен

Италиялық Corriere della Sera газеті Қазақстан үкіметіне жолдаған сауалдарына жауап алғанын жариялады. Астана белгілі бір шартпен Мұхтар Әблязовтың әйелін қайтара алатынын мәлімдеген.

Қазақстан билігінің оппозициялық олигарх, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаеваның Италияға қайтып бара алатыны туралы мәлімдемесі шілденің 23-і күні жария болды. "Рейтерз" агенттігі италиялық Corriere della Sera газетіне сілтеме жасап таратқан ақпаратқа сәйкес Астана Италия билігінен сотқа тартылған жағдайда Шалабаеваның Қазақстанға қайтып келуіне кепілдік беруін сұраған.

ГАЗЕТТЕГІ ЖАУАП

Қазақстан үкіметінің италиялық газеттің сауалдарына қайтарған жауаптарының бірінде: "Заңдық тұрғыдан алғанда Алма Шалабаева мен оның қызының Италияға қайтып баруы мүмкін" деп жазылған.

Алма Шалабаева мен оның қызы Алуа Әблязова мамырдың 31-і күні Италиядан Қазақстанға депортацияланған еді. Оларды елден асығыс шығарып жіберген Италия полициясының операциясы адам құқықтарына қатысты жанжал тудырған. Бұл оқиғаға қатысты Италияның ішкі істер министрі Анджелино Альфано парламентте түсініктеме беріп, оған сенім таныту мәселесі бойынша дауыс берілген. Осы министрліктің басқа бір лауазымды шенеунігі отставкаға кеткен еді.

Алма Шалабаеваны депортациялау тарихы

Алма Шалабаеваны депортациялау тарихы

  • 1 маусым - қазақстандық ресми БАҚ Шалабаеваның 29 мамыр күні ұсталып, 31 мамыр күні депортацияланғанын мәлімдеді
  • 3 маусым - бас прокуратура Шалабаевадан жалған төлқұжат жасау ісіне қатысты тексеру үшін ешқайда кетпеу қолхатын алғанын хабарлады
  • 12 шілде - Италия премьері депортация күшін жоятынын айтты
  • 15 шілде - Италия оппозициясы наразылық танытты
  • 17 шілде - Италия ішкі істер министрлігінің лауазымды қызметкері Джузеппе Прокаччини отставкаға кетті
  • 18 шілде - БҰҰ адам құқықтары бойынша сарапшылары Шалабаеваны қайтаруды сұрады
  • 19 шілде - дауға ілінген Италия ішкі істер министрі Анджелино Альфано парламент шешімімен қызметінде қалды

Италия премьер-министрі Энрико Летта мен ішкі істер министрі Анджелино Альфано депортациялау ісіне қатысты ештеңе білмегендерін айтқан.

Ал "жалған құжат жасау ісіне қатысы бар" деген күдікпен ешқайда шықпау жөнінде қолхат берген Алма Шалабаева қызымен Алматыда тұрып жатыр. Оның күйеуі Мұхтар Әблязов 2009 жылдан бері шетелде. Әблязов саяси себептермен қуғын көрдім деп санайды. Қазақстан билігі оны қаржылық алаяқтық жасайды деп айыптайды. 2011 жылы Әблязовқа Ұлыбритания саяси баспана берген болатын.

САЯСИ ӘЖУА

Алма Шалабаева мен Алуа Әблязованы Рим түбіндегі вилладан полицияның арнайы жасағымен қамауға алып, асығыс Қазақстанға депортациялау италиялық оппозицияның, бірқатар халықаралық ұйымдардың, БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша сарапшыларының сынына ілінген еді.

Бұл оқиға Италияда саяси сатираның да бір тақырыбына айналып шыға келді. Белгілі италиялық актер Роберто Бениньи шілденің 20-сы күні Флоренцияда "Тұтас Данте" атты әзіл-сықақ бағдарламасын қойған. Қазіргі саяси сатира жанрындағы актердің қойылымында Италияның премьер-министрі Энрико Летта мен ішкі істер министрі Анджелино Альфаноның да аттары аталады.

Азаттыққа сұхбат берген италиялық журналист Марко Педерсинидің сөзінше, Италиядағы Қазақстан тақырыбы саясат пен өнер сахнасында қатар танымал бола бастаған.
Италия полициясы Қазақстанның өтінішін құрдай жорғалап орындап, ұятқа қалдырды.

- Өйткені осымен екінші мәрте Италия халқы қорланып отыр. Бірінші мәрте Италия дипломатиясы Монти үкіметі кезінде осал болып шыққан. Үндістанның Керала штатында тұтқындалған екі италиялық теңізшіге адам өлтірді деген айып тағылып, олар әлі сонда қамауда отыр. Италиялықтар оларды жазықсыз деп санайды. Ал бұл жолы Италия полициясы Қазақстанның өтінішін құрдай жорғалап орындап, ұятқа қалдырды, - дейді Педерсини.

Ал актер Бениньи сықақ бағдарламасында қазақстандық олигархтың отбасы мүшелерін депортациялау мәселесін қозғай кетеді. Альфаноның Қазақстан туралы ештеңе білмеймін деген сөзін келтірген ол "ішкі істер министріне бажайлап қарасаң, расында да жалпы ештеңе білмейтін адам екенін көресің" деп кекетеді. Ол Альфаноны Аблязовтың әйелін бәлкім Берлусконидің әйелімен шатастырып алды ма екен деп те түйреп өтеді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлусконидің достығына қатысты актер Роберто Бениньи досы диктатор болып шыққан адамның қысылатынын, бірақ Назарбаевтың дәл осы мәселеге қатысты ыңғайсыздана қоймайтынын айтып өтеді. Актер Италия премьер-министрі Энрико Леттаны бұрынғы премьердің ойыншығы ретінде әжуалап көрсеткен.

Бениньидің қойылымын төмендегі YouTube видеосынан көре аласыз:

XS
SM
MD
LG