Accessibility links

Назарбаев Қытай қазақтары мәселесін "енді білгенін" айтты


Дүниежүзі қазақтары құрылтайында диаспора өкілдерінің бірі Қытай қазақтарының қысымға алынғанын көтерді. Жиында қауымдастық төрағасы қайта сайланып, оның бірінші орынбасары ауысты.

Бүгін Астанада дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы ресми түрде басталды. Құрылтай басталар алдында жиынға қатысуға және қонақтармен кездесуге барған астаналық белсенділер Айдын Егеубаев, Қайырлы Омар, Сәуле Сейдахметова, Нұржан Сейітжанов, Раушан Қалмомынұлын полиция ұстап әкетіп, Алматы аудандық ішкі істер бөліміне апарып, соңынан қайтадан босатқан. Белсенділер құрылтайға келгендермен бірнеше мәселе, арасында Қытай қазақтарына жасалып жатқан қысым жайлы сөйлеспек болғанын айтады.

ҚЫТАЙДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫ ГЕРМАНИЯ ҚАЗАҒЫ АЙТТЫ

Құрылтайды Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп ашты. Президент өз сөзінде латын әліппесіне көшуді 2025 жылға дейін соза берудің қажеті жоқ екендігін, "Отандастар" қоры құрылатынын және шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына бөлінетін грант екі есеге өсетіндігін айтты.

Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайына жиналған адамдар. Астана, 23 маусым 2017 жыл.
Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайына жиналған адамдар. Астана, 23 маусым 2017 жыл.

Дүниежүзі қазақтары құрылтайында өзі сөз сұрап ортаға шыққан Германиядан келген делегат Өмірхан Алтын Қытай қазақтарына қатысты қысымның күшейіп бара жатқанын еске салды. Бұдан алдын Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданында "мұсылман ұйғырлармен жақын қарым-қатынаста болған" оншақты этникалық қазақ тұтқындалғаны туралы "Азат Азия радиосы" хабарлаған болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Шыңжаңда "ұйғырлармен араласқан" қазақтарды қамаған

Өмірхан Алтын Қытай билігінің бұл әрекеті адам құқығына қайшы дейді.

- Қытай үкіметі өзінің негізгі заңына және халықаралық адам құқықтарына қайшы ағайындарымыздың құқығын таптап отыр. Ондағы ағайындар шырылдап жатыр. Менің айтарым осындай киелі жиында шырылдап жатқан ағайындарды еске алып қойсақ, - деді германиялық қазақ.

Ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы, президент Назарбаев бұл мәселені бұрын білмегенін, енді ғана бақылауына алатынын айтты.

- Шыңжаңда неше түрлі келеңсіз жағдайлар болып жатады. Терроризм де бар, сепаратизм де бар. Бірақ, қазақтарға жасалып жатқан қиянат дегенді енді естіп отырмын. Бар болса, біз елшілік арқылы біліп, сыртқы істер министрлігі арқылы тиісті көңіл аударатын боламыз, - деді президент.

МАМАШЕВТІҢ ОРНЫНА ТҰРЫСБЕКОВ САЙЛАНДЫ

Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайдың соңында делегаттар президент Нұрсұлтан Назарбаевты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы етіп бірауыздан сайлады. Ал төрағғаның бірінші орынбасарлығы Талғат Мамашевтен Зауытбек Тұрысбековке өтті. Президент Талғат Мамашевке бұрынғы атқарған қызметіне алғыс білдіріп, жаңа орынбасарына сәттілік тіледі.

Зауытбек Тұрысбеков бұрын облыс әкімі, министр және бірнеше елде елшілік қызмет атқарған. Қауымдастыққа келер алдында биліктегі "Нұр Отан" партиясының хатшысы болған.

21-25 маусым аралығында өтетін құрылтай кезінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, бірнеше министрліктің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел жиындары өтеді және құрылтай қонақтары EXPO-2017 көрмесін аралайды деп жоспарланған.

Бұдан алдын, 22 маусымда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары кезінде Талғат Мамашев құрылтайда көптеген мәселе талқыланатынын айтқан еді. Ол Азаттық тілшілерінің "Шыңжаңдағы діни радикал ұйымдармен араласы бар деген күдікпен тұтқындалған қазақтардың мәселесі көтеріле ме?" деген сауалға "Басымды қатырмашы" деп дөрекі түрде жауап берген.

ВИДЕО: Талғат Мамашевтің Азаттық тілшісі сұрағына жауабы. Астана, 22 маусым 2017 жыл.

​EXPO-2017 халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған құрылтайға 800-ге тарта делегат қатысып жатқаны хабарланған. Олардың 350-і 39 мемлекеттен келген.

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы бірінші рет 1992 жылы Алматыда өткен. Әуелде былтыр өтуі тиіс болып, соңына биылға жылжытылған қазіргі жиынның тақырыбы президенттің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласына негізделіп отыр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG