Accessibility links

Моңғолия қазағы жастар арасында әлем чемпионы атанды


Сумодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, моңғолия қазағы Серік Бердімұратұлы. (Garid.hiimori.mn сайтынан алынған скриншот).
Гонконгте қазанның 30-ы мен қарашаның 12-сі аралығында өткен халықаралық сумо фестивалінде Моңғолия қазағы Серік Бердімұратұлы алтын медаль алды.

Жастар мен жасөспірімдер арасындағы ірі сумо жарысына әлемнің 34 елінің - Жапония, Қытай, Ресей, Бразилия, Украина, Польша, Голландия, Венгрия, Моңғолия сияқты сумо спорты жақсы дамыған мемлекеттердің спортшылары қатысқан.

Бұл жарыста 100 килограмм салмақ (сумодағы орта салмақ - ред) бойынша күрескен Серік Бердімұратұлы алтын медаль жолында сегіз кездесу өткізген. 18 жастағы спортшы алғашқы айналымда Польша, Грузия, Бразилия сумошыларын ұтқан. Жартылай финалда украиналық Микола Кожуховты жеңген. Финалда жапониялық сумошы Ацуши Онамиді кимартитэ («таза жеңіс») тәсілімен жықты.

Жеке жарыста әлем чемпионы атанған Серік Бердімұратұлы жалпы есепте Моңғолия құрамасының қола жүлде алуына үлес қосты.

18 ЖАСТАҒЫ СПОРТШЫ ТӨРТ КҮРЕСТІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Моңғолиядағы қазақ журналисі Өмірбек Қабайдың айтуынша, Баян-Өлгей аймағында Цэнгэл ауылында дүниеге келген Серік Бердімұратұлы - спортпен он жасынан бері шұғылданады, қазір Моңғолияның Улаанбаатар қаласындағы колледжде студент.

Серік Бердімұрат сумо, самбо, моңғол күресі және дзю-домен айналысады.

Моңғолиялық Kaznews.mn сайтының жазуынша, Серік сумодан өтетін әлем чемпионатына жолдаманы 2012 жылы мамыр айында өткен Моңғолия біріншілігінде ұтқан. Сумошы - 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Моңғолия чемпионы.

Ол биыл моңғолдың ұлттық күресінен де чемпион атанған.

Моңғолиялық сайттардың дерегіне сүйенсек, Серік Бердімұратұлы - самбодан да жасөспірімдер арасында Моңғолия чемпионы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011 жыл).

Моңғолия дзюдо құрамасына да мүше Серік Бердімұрат 2012 жылы қыркүйекте ел астанасы Улаанбаатарда дзюдодан өткен халықаралық «Шыңғыс хан» кубогында бесінші орын алған.

Пікірлерді көріңіз (9)

Бұл форум жабық. Бірақ пікірталасты Азаттықтың Facebook-парақшасында жалғастыра аласыз: https://www.facebook.com/azattyq
XS
SM
MD
LG