Accessibility links

Алтын күткен дзюдошы үмітті ақтамады


Әзербайжандық балуан Эльдар Гасымовтың қазақстандық спортшы Максим Раковты жыққан сәті. Лондон, 2 тамыз 2012 жыл.
Әзербайжандық балуан Эльдар Гасымовтың қазақстандық спортшы Максим Раковты жыққан сәті. Лондон, 2 тамыз 2012 жыл.
Олимпиада ойындарының алтыншы күнінде жүлде алады деген қазақстандық дзюдошы Максим Раков үмітті ақтамады. Қарағандылық спортшы алғашқы күресінде-ақ ұтылып қалды. Қазақстан командалық есеп бойынша 10-орынға төмендеді.

Ұтылғанда да әзербайжандық Ельдар Гасымовтан жеңілді. Бұлай дейтініміз - Раков (100 килограмм) әлемдік рейтингте - бірінші, ал Гасымов 25-орында тұр. Екеуі 2011 жылы Парижде өткен әлем чемпионатының үшінші кезеңінде белдесіп көрген, Раков ұтқан. Алайда бүкіл Қазақстан үміт күткен әлем чемпионы Лондондағы бәсекеде жүлдесіз қалды.

ҮЗІЛМЕЙТІН ҮМІТ

Сөйтіп Қазақстаннан барған тоғыз дзюдошының жетеуі ширек финалға да шыға алмады. Жанкүйерлер енді тамыздың 3-і күні аса ауыр салмақта күресетін Гүлжан Исанова мен Ержан Шынкеевке үміт артады.
Қазақстандық спортшы Рүстем Үкіманов (сол жақта) Грекия ойыншысы Константинос Коккинакиспен (оң жақта) допқа таласып жатыр. Лондон, 2 тамыз 2012 жыл.
Қазақстандық спортшы Рүстем Үкіманов (сол жақта) Грекия ойыншысы Константинос Коккинакиспен (оң жақта) допқа таласып жатыр. Лондон, 2 тамыз 2012 жыл.

Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы топтық кезеңдегі үшінші ойынында жеңілді. Сергей Дроздов жаттықтыратын команда Грекия құрамасынан 4:11 есебімен ұтылды. Әзірге Қазақстан су добы командасы «А» тобында соңғы орында тұр. Алдағы күндері Италия және Хорватия командаларымен кездеседі.

Бокстан қазақстандық Ғани Жайлауов екінші рет рингке шығып, үндістандық Джаи Вгахванды ұтты - 16:8. Жайлауов сөйтіп ширек финалға шықты. Ендігі қарсыласы - кубалық Яснир Толедо Лопес. Егер бұл боксшыны жеңсе, жартылай финалға шығып, кем дегенде қола жүлдеге ие болады. Жайлауов пен Лопес 2011 жылғы Бакудегі әлем чемпионатының жартылай финалында кездесіп, кубалық боксшы жеңіп кеткен еді.

ТҮРКІМЕНСТАН ТӨРЕШІСІ ОЛИМПИАДАДАН ШЕТТЕТІЛДІ

Олимпиада ойындарында тағы да шу шықты. Бокс бәсекесінде жарыстан шығып қалған жапониялық Сатоши Шимидзу бәсекеге қайта оралды. Ол әзербайжандық қарсыласы Магомед Абдулгамидовтен ұтылып қалған еді. Алайда Шимидзу қарсыласын үш-төрт рет құлатты. Бірақ рингтегі түркменстандық төреші Ишангулы Миритнязов мұны ескермеді.

Әзербайжандық қарсыласын анық жеңіп тұрса да, Шимидзу төрешінің қателігінен қорытынды есепте жеңіліп қалған еді. Кездесуден кейін жапониялық бапкерлер АИБА кеңесіне шағым түсірген.
Шимидзу әзербайжандық Абдулгамидовты ұтты. Кездесуде төрешілер әділетсіздік жасады.
Халықаралық бокс федерациясы «Шимидзу әзербайжандық Абдулгамидовты ұтты. Кездесуде төрешілер әділетсіздік жасады» деген шешім шығарған. Ал Абдулгамидов бұл шешімнен кейін жарысты аяқтады. Бұл кездесуде бас төреші болған түркіменстандық Миритнязов олимпиададан шеттетілді.

Жалпыкомандалық есепте 18 алтын, 11 күміс, 5 қола жүлде алған Қытай құрамасы көш бастап тұр.

Екінші орында - АҚШ. Бұл команданың қоржынында 18 алтын бар. Бірақ жалпы жүлдесі Қытайдан аз - 9 күміс, 10 қола.

Үшінші орында - Оңтүстік Корея. 7 алтын, 2 күміс, 5 қола.

Ал Қазақстан үш алтынымен Оңтүстік Африка республикасымен бірге алтыншы орыннан 10 орынға түсті. Өйткені соңғы екі күнде Қазақстан құрамасы жүлде бетін көрген жоқ.
XS
SM
MD
LG