Accessibility links

БТА банк басшысы шетелдік акционерлердің Қазақстан үкіметін сотқа бергендігін растады


БТА банкінің басқарма төрағасы Әнуар Сәйденов. Алматы, 2009 жыл.
БТА банкінің басқарма төрағасы Әнуар Сәйденов. Алматы, 2009 жыл.

Бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары банк акционерлері сот арқылы БТА банктен 20 млрд доллар талап еткендігін хабарлаған болатын. Дегенмен банктің басқарма төрағасы Сәйденов олардың талабы 3 млрд доллар екендігін айтып отыр

Акционерлер тобы БТА банктен 20 миллиард доллар талап етіп, төрелік сотқа шағымданғандығы туралы ақпаратты сәуірдің 29-ы күні «Республика» газеті таратқан болатын. Бұл басылымның жазуына қарағанда, акционерлер жауапкер ретінде мемлекет атынан үкімет, премьер-министр, Ұлттық Банкі, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат даму қоры және Қаржы министрлігін атаған. Акционерлер тобына еуропалық елдердің бірқатар инвесторлары кіреді.

Олардың мәлімдеуінше, алдын ала есеп бойынша, қазақстандық және халықаралық заңдарды бұза отырып, БТА банктің национализациялануына әкеп соқтырған соңғы уақыттардағы бірқатар жайттарға байланысты, банк акционерлері 20 миллиард доллар шығынға батқан. Ал, оның нақты көлемін трибунал анықтайтын болады деп жазды «Республика» газеті.

30 сәуір, бейсенбі күні баспасөз мәслихатын өткізген БТА банктің басқарма төрағасы Әнуар Сәйденов жоғарыда келтірілген ақпаратты жартылай растап, жартылай жоққа шығарды:

- Осындай талап түскен. Бірақ ол жерде, әрине 20 миллиардқа тіпті жақындамайды. Ондағы әңгіме 3 миллиард доллар төңірегінде болып отыр. Әрқайсысы 1,5 миллиард доллардан екі шағым түсті. Мұндай талаптарды заң бойынша қарастыратын боламыз. Ал, БТА банктің жалпы қарызы – 13 млрд доллар. Оның ішіне банктің 2037 жылға дейін қайтарылуы тиіс міндеттемелері де кіреді.

Оның айтуынша, акционерлер өздерінің шағымын «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры банктің акционерлер құрамына енген кезде олардың шығыны жоғарыда көрсетілген мөлшерде шыққандығымен негіздеген.

БАНК АҚПАРАТТЫ ҚҰПИЯ ҰСТАЙДЫ

Азаттық радиосына осы мәселе турасында пікір білдірген белгілі экономист, әлемдік экономика және саясат институтының бас ғылыми маманы Қанат Берентаев 20 миллиард доллар көлеміндегі қаржының шын мәнінде орын алуы мүмкін екендігін айтады:

- Бұл жерде мынадай жағдай орын алған секілді: банктің бұрынғы басқарма төрағасы Мұхтар Әблязов қаңтар айында-ақ мемлекеттің дәл осындай әрекетпен акцияларды сатып алу арқылы банкті национализациялаған жағдайда, яғни банктің меншік иесі ауысқанда, сырттан қарыз алу шарттары өзгеріп, несиегерлер қарызды уақытынан бұрын қайтаруды талап етуге құқығы бар деген болатын. Сондықтан олардың қанша қаржы талап ететіндігін дәл айта алмаймыз. Ол 20 миллиард доллар да болуы ғажап емес. Өйткені БТА секілді біздегі банктер ақпараттарын анағұрлым құпия ұстайды.

Алайда БТА басшылары несиегерлермен жүргізіліп жатқан келіссөздер сәтті аяқталатындығына сенімді. Банктің басқарма төрағасы Әнуар Сәйденов жақында БТА банктің тобы Лондонда несиегерлермен телефон арқылы конференция өткізгендігін, соның барысында несиегерлердің банкке сұрақтары көп болғаны сонша, жиын соңында олар сыртқы қарызға қатысты сұрақтарға жауап беретін веб-парақша ашу туралы ұсыныс жасалғандығын атап көрсетті.

- Бірінші реакциясы көңілге қонымды болды. Біз әзірге жекелеген ұсыныстарды жасаған жоқпыз. Өйткені біздің қаржы кеңесшілеріміз мұндай ұсыныстарды мамыр айының басында жасауды ұйғарып отыр. Олар көбіне-көп 2008 жылдың қорытындысы бойынша аудиттің қалай аяқталатындығына байланысты.

БТА БАНКРОТҚА ҰШЫРАЙ МА?
БТА банктің логосы, Алматы, 2009 жыл.


Бұдан бөлек, Әнуар Сәйденов мамыр айында банктің кеңесшілері мен несиегерлердің кездесуі болатындығын, сондай-ақ банк несиегерлері өздерінің бірлескен комитетін құру туралы ұсынысы бар екендігін айтты. Банктің басқарма төрағасының пікірінше, мұндай комитеттің құрылуы БТА банкке де ыңғайлы.

- Бұл жағдайда біз жекелеген несиегерлердің әрқайсысымен емес, солардың топтасқан жиынымен келіссөздер жүргізетін боламыз, - деді ол.

Бұл уақытта, жергілікті ақпарат құралдарының барлығы дерлік БТА банктің жағдайына қатысты әртүрлі болжамдарын келтіріп жатыр. Бұл жердегі негізгі тақырып БТА банкротқа ұшырай ма деген сауал төңірегінде өрбуде. Осыған орай, банктің басқарма төрағасы дефолт пен банкрот мағынасы жағынан тең ұғымдар еместігін және банкке банкроттық қаупі туып тұрмағандығын ерекше атап көрсетіп отыр:

- БТА банкте мұндай жағдай болған жоқ. Яғни, банктің ликвидтік қаржысы бар. Біз өз клиенттеріміздің, салымшыларымыздың алдындағы жауапты сезінеміз. Олардың қаржысына қауіп жоқ. Клиенттердің бізге тапсырған төлемдері мен аудармалары ел ішінде және шетелде толық орындалады. Әсіресе банктің осы қызметін негізгі акционер «Самұрық- Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры толық қолдайды. Яғни, банктің осы күнгі қызметі жалғасып жатыр.

Десек те, жергілікті сарапшылардың бірқатары банктің жағдайы Сәйденов айтқандай керемет еместігін айтуда. Мысалы, Азаттыққа пікір білдірген экономист Қанат Берентаев БТА банктің қазіргі несиелік портфелін бар болғаны 1 миллиард долларға бағалап отыр. Ал, Әнуар Сайденов болса қазіргі күні банктің жалпы несиелік портфелі 18 миллиард 70 миллион доллар деген мәлімет берді.

Ақпан айында үкімет қаржы дағдарысымен күрес мақсатында БТА банкті өз бақылауына алған болатын. Артынша-ақ банк басшылары ауыстырылып, шетелге қашуға мәжбүр болған оның бұрынғы жетекшісі Мұхтар Әблязов және топ менеджері Роман Солодченко БТА банктегі мұндай өзгерістер банктің өзін банкротқа ұшыратады деп болжаған болатын.
XS
SM
MD
LG