Accessibility links

Кітапша таратқан баптистер көлігі тәркіленді


Голованенколар отбасының айып тұрағына қойылған көлігіндегі сот орындаушыларының құжаты. Сурет voiceofsufferers.org сайтынан алынды.
Голованенколар отбасының айып тұрағына қойылған көлігіндегі сот орындаушыларының құжаты. Сурет voiceofsufferers.org сайтынан алынды.

​Шучинск қаласында тұратын көп балалы баптистер отбасы 553 доллар айыппұлды төлемегені үшін сот орындаушылары алып кеткен көлігін бір жарым жылдан бері қайтара алмай жүр. Айыппұл «рұқсат етілмеген орында» кітапша таратқаны үшін салынған.

Ерлі-зайыпты Сергей мен Галина Голованенко - көп балалы отбасы. Сегіз баланың үлкені 18-де, ал ең кішісі - алты айлық. Отағасы етікші болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, екі жыл бұрын бауыры екеуі «жылжымалы христиан кітапханасында қызмет еткен». Екеуі Қазақстанның солтүстігіндегі курортты қала Шучинскіде кітап дүкені жанында Інжіл кітабынан үзінділер және құлшылық етуге шақырған сөздер жазылған кітапшалар таратқан. Оларды сол жерде полицейлер ұстап, қалталарынан 19 кітапша шығарған.

КІТАПШАЛАР

Халықаралық құқық қорғаушылар рестриктивтік (шектейтін) деп таныған жаңа заң бойынша, Қазақстанда діни кітаптарды белгілі бір орындарда ғана таратуға рұқсат етілген.

2013 жылдың қарашасында Ақмола облысы Бурабай ауданы мамандандырылған әкімшілік соты Сергей Голованенко заң талабын бұзды деп танып, оған 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 86 мың 550 теңге (тамыздағы девальвацияға дейін - 553 доллар) көлемінде айыппұл салған. Екінші діндарға қатысты да осындай қаулы шығарған. Екеуі тағылған айыпты мойындамаған әрі айыппұлды төлеуден бас тартқан. Биліктің кітапшалардың мазмұнына қатысты наразылығы жоқ, жаза діни кітапшаларды көшеде таратқаны үшін тағайындалған.

Сергей Голованенко. Сурет voiceofsufferers.org сайтынан алынды.
Сергей Голованенко. Сурет voiceofsufferers.org сайтынан алынды.

Былтыр ақпанда сот шешімін орындаушылар Голованенконың Volkswagen Sharan маркалы көлігін тәркілеп, айыппұл тұрағына апарып қойған, көлік әлі сонда тұр. Сергей Голованенко көлігін 15 мың долларға бағалайды.

- Тұрмысымыз қарапайым. Сот шешімін орындаушы көлікті тәркілемес бұрын үйге келіп қарап кеткен, басқа ештеңені ұнатпаған ғой. Үйде тоңазытқыш, кір жуғыш машина, ескі жиһаз ғана бар, теледидар жоқ. Автомобилімді алып кеткен кезде мені шақырып, айыппұлды төлемегенім үшін екі тәулікке қамап қойды, - дейді Сергей Голованенко.

Ол бұрынғысынша өзін әлі кінәлі санамайтынын, сондықтан адвокаттың қызметіне жүгінбегенін және аппеляиялық шағым бермегенін айтады.

- Қазақстанда бізге қатысты көп сот өтті, бірақ бірі де біздің пайдамызға шешілмеді. Апелляция беріп, уақытымды текке шығындаймын деп ойладым. Айыппұлды да төлеген жоқпын. Ешқандай заңды бұзған жоқпын. Конституцияға сәйкес наным-сеніміммен бөлісуге құқым бар. Мен көшеде ешкімді азғырған жоқпын, жұртқа тек кітапшалар ұсындым. Адам «қажеті жоқ» десе, «жақсы» деп жайына қалдырамын. Ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Мен жанды құтқару мәселесін маңызды санаймын, сондықтан мұны адамдарға айттым. Бүгін облыстық прокуратурадан хат алдым. Олар сот өндірісін тоқтатуға негіз жоқ деп санайды. Бірақ біз бұған жасып-жабырқамаймыз, құдайдан медет тілейміз.Құдай бәрін көріп тұр, - дейді Сергей Голованенко.

ЖАЗА

Сергей Голованенконың айтуынша, Volkswagen Sharan автомобилін тәркілеу туралы сырттай шешім шығарылғанын оған ешкім ескертпеген, сондықтан заңда белгіленген мерзім ішінде әлгі қаулыға қатысты шағымдану құқығын пайдалана алмаған.

Сергей Голованенко Бурабай аудандық сотына жолдаған шағымында «Атқару өндірісі және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 55-бабына сәйкес, «борышкердің мүлкiнен өндіріп алынатын айыппұл көлемі атқарушылық құжатты орындауға кететін шығынға сай болуы тиіс» деп жазған.

Оның пікірінше, тәркіленуі тиіс мүліктің мөлшері мен көлемі оған салынған 50 АЕК көлеміндегі айыппұлдан көп аспауы тиіс.

- Бірақ сот орындаушысы айыппұл көлемінен әлдеқайда қымбат тұратын мүлікті тәркіледі, өйткені көлігімнің құны бір мың АЕК-тен асып кетеді, - дейді Сергей Голованенко.

Сергей Голованенконың әйелі Галина балаларымен тұр. Сурет voiceofsufferers.org сайтынан алынды.
Сергей Голованенконың әйелі Галина балаларымен тұр. Сурет voiceofsufferers.org сайтынан алынды.

Әділет министрлігінің Шучинск қаласындағы сот актілерін орындау департаментінің Азаттыққа хабарлауынша, егер айыппұл төленбесе, Голованенконың автомобилі сатылады. Сот орындаушысы Марат Зайдекенов Голованенконың отбасында өзге құнды зат болмағандықтан, жеке меншік айып тұрағына көлігін қойғанын айтады.

- Автомобиль әлі бағаланған жоқ. Бұл қауым мүшелері ешқандай сот актілерін мойындамайды әрі айыппұлды төлеуден принципті түрде бас тартады, - дейді Марат Зайдекенов.

Голованенко мен сот орындаушысы тәркіленген көлік апарылған тұрақтың жеке меншік екенін айтады. Сот орындаушысының айтуынша, Шучинск қаласындағы тұрақтардың бәрі жеке меншік. Көлікті бір күнге қою ақысы қанша болатынын олар білмейді. Егер жеке меншік тұрақтың қожайыны көлік тұрған мерзімге ақша төлеуді талап етсе, оны кім төлейтінін де екеуінің ешқайсысы айтпады. Голованенко енді көлігімді жеке меншік тұрақта «сақтап қойғандары» үшін ақша төлететін шығар деп ойлайды.

БАПТИСТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ СОТТАР

Қазақстандағы Евангелие христиан баптистері шіркеуінің өкілі Дмитрий Янценнің Азаттыққа айтуынша, Қостанай облысының Арқалық қаласында бір апта бұрын дәл осындай себеппен өзге діндарлар ұсталған. Олар да көшеде діни кітаптар таратқан. Оның айтуынша, «діни кітаптарды таратып, Қазақстан заңдарында белгіленген талаптарды бұзғаны үшін» баптистерге қарсы биыл үш жаңа сот өткен. Шіркеу өкілінің айтуынша, былтыр түрлі айыптармен баптистерге қатысты 69 сот өткен.

- Биыл 10 баласы бар көпбалалы ана Гардеева Елена Владимировнаның да мүлкі тәркіленген. Айыппұлды төлемегені үшін оның үйінен кір жуғыш машина, микротолқынды пеш, шаңсорғыш және ноутбукті алып кеткен. Кітап таратқаны үшін оған да 100 АЕК көлемінде айыппұл салған, бұрынғы бағаммен есептегенде, бұл - бір мың доллар, - дейді Дмитрий Янцен.

Халықаралық нормалар негізінде біз өзімізді кінәлі санамаймыз. Бұл қомақты ақша болғанымен, әрі тіпті оны төлеуге шамамыз келсе де, наным-сенімімізге байланысты айыппұлдарды төлемейміз.

Ол да Қазақстан конституциясы бойынша қауым мүшелері наным-сенімін еркін уағыздауына болады, бірақ олар «үнемі тыйымға ұшыраймыз» деп санайды.

- Халықаралық нормалар негізінде біз өзімізді кінәлі санамаймыз. Бұл қомақты ақша болғанымен, әрі тіпті оны төлеуге шамамыз келсе де, наным-сенімімізге байланысты айыппұлдарды төлемейміз, - дейді Дмитрий Янцен.

Баптизм - христиан дінінің протестант ағымдарының бірі. Баптистер шоқындыруды суға толық батыру арқылы өткізу тәсілін қолданады. Олар Інжіл сөздері жазылған баспа өнімдерін тарату арқылы қауымға жаңа адамдарды шақырады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG