Accessibility links

Сенатор Дариға Назарбаеваның құдасы - Берік Имашев


Берік Имашевтің сенатор кезіндегі суреті.
Берік Имашевтің сенатор кезіндегі суреті.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қазасынан кейін іле-шала президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызының құдасы Берік Имашев орталық сайлау комиссиясы төрағалығына тағайындалды. Бірақ 2020 жылға дейін Қазақстанда ешқандай сайлау жоспарланбаған.Ал Дариға Назарбаева билік басына жақындап, сенат комитеті төрайымы болды.

Өзбекстанның авторитарлық президенті Ислам Каримовтың қазасымен тұспа-тұс басталған саяси жылдың алғашқы күндері өзі де сол сияқты совет заманынан бері келе жатқан ардагер президент Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар басшы орындарда ауыс-түйіс жасады. Президент әкесінің мұрагері болады деп жорылатын Дариға сенатта бірден екі сатыға өрледі. Ол вице-премьер қызметін тастап сенат мүшесі, сосын бірден сенаттың халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрайымы болып тағайындалды. Қоғамда «Дариға Назарбаеваның сенат төрайымына айналуы енді оңайлайды, ал әкесі отставкаға кеткен немесе қайтыс болған жағдайда ол заң бойынша сенаттағы өкілеттілігі аяқталғанға дейін президенттің орнын басады» деген алып-қашпа сөздер мен болжамдар күшейе түсті.

Берік Имашевтің саяси портреті
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:41 0:00
Жүктеп алу

Дариға Назарбаеваның өзі бұл болжамдарды терістейді, ал елде 2020 жылдан ерте ешқандай сайлау өткізу жоспары болмағанымен, Нұрсұлтан Назарбаев орталық сайлау комиссиясы басшысын да ауыстырып, бұл қызметке өзінің ескі одақтасы әрі туысы Берік Имашевті тағайындады. Ол - Дариға Назарбаеваның құдасы.

РАХАТ ӘЛИЕВ ҚУҒЫНДАЛҒАН КҮНДЕР

Берік Имашев 1960 жылы Алматы қаласында туған. Мәскеудегі жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін карьерасын совет прокуратурасы жүйесінде бастаған. 1990-жылдардың орта шенінен бастап мемлекеттік және коммерциялық құрылымдарда көбінесе құқықтық мәселелермен байланысты қызметтер атқарған.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Рахат Әлиев аз уақыт қуғында болған 2001 жылдың аяғында Берік Имашев саяси дағдарыстың ең қызған тұсында құрылған «Қазақстан демократиялық таңдауы» (ҚДТ) оппозициялық қозғалысын ұйымдастырушыларға қосылды. Олар президент Назарбаевтан либералдық реформалар жүргізуді және рейдерлікпен айналысты деп айыптаған Рахат Әлиевті «жуасытуды» талап еткен.

Әлиев пен Назарбаевтың арасындағы жанжал көп ұзамай реттеліп, ал ҚДТ қозғалысы талқандалды. Бұған дейін монополияға қарсы ведомствоны басқарған Берік Имашев аз уақыт қудалауға ұшырады. 2003 жылғы ақпанда ол қызы Аиданы Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиевке ұзатып, Рахат Әлиевпен құда болды. 2007 жылы президент пен күйеубаласы Рахат Әлиевтің арасында басталған жаңа жанжал «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген айыппен Әлиевті елден қууға дейін ушықты. Әлиевтің сол кездегі мәлімдемелері бойынша, Назарбаев қызы Дариғаны күйеуімен ажырасуға мәжбүрлеген. Осы тұста Берік Имашев қауіпсіздік кеңесі хатшысы қызметінен өз еркімен отставкаға кету туралы өтініш берді. Назарбаев Имашевтің отставкасын қабылдамады, бірақ бір жылдан кейін бәрібір оны сенат депутаты етіп - саяси тұрғыдан «зейнеткерлік» қызметке жіберді. Ол сенатта 2008 жылдан 2012 жылға дейін болды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның қызы Дариға Назарбаева. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның қызы Дариға Назарбаева. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.

Оның бірқалыпты тіршілігінің шырқы бұл кезеңде бір мәрте ғана - Имашев «ең сүйікті немере інім» деп атайтын әрі ҰҚК-нің қызметкерлері тұтқындаған «Қазатомпром» ұлттық компаниясының сол кездегі президенті Мұхтар Жәкішев қорғауды өтінген кезде бұзылды. Бірақ ол кезде Имашев «мемлекеттік қызметші мәртебесі мен прокуратура жүйесінде атқарған бұрынғы жұмысы бұған мүмкіндік бермейді» деген уәжбен Жәкішевтің адвокаты болудан бас тартқан.

Берік Имашевтің өмірінің келесі төрт жылдық кезеңі де (2012-2016 жылдар аралығы) әділет министрі қызметінде тыныш өтті. Тіпті екінші қуғындаудан кейін 2015 жылғы ақпанда Вена түрмесінде асылып қалған күйі табылған құдасы Рахат Әлиевтің өлімі де Имашевтің тыныштығын шайқалта алмады. Әйтеуір құдасының қазасына байланысты оның тарапынан жұрт алдында әлдебір ашық мәлімдеме жасалған жоқ.

Ал Берік Имашевтің қызы Аида мен Рахат Әлиев және Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлінің отбасында төрт перзент дүниеге келіп, мақала кейіпкерінің жиендері көбейді. Ерлі-зайыпты жастар қаржыдан таршылық көрмейтін тәрізді: Нұрәлі ертеректе Нұрбанкті басқарған, биыл ол Астана әкімі орынбасары қызметінен «өзін жайлы сезінетін» бизнес саласына қайта оралған.

Берік Имашев бірнеше мемлекеттік наградамен марапатталған әрі салық полициясы полковнигі деген шені бар.

«ЛИБЕРАЛ» ЖӘНЕ «ЖҮЙЕ СОЛДАТЫ»

Берік Имашев «Қазақстанның демократиялық таңдауы» оппозициялық саяси қозғалысын ұйымдастырушылар қатарында ғана емес, «Ақ жол» партиясы басшылығында да болған.

«Ақ жол» партиясының жетекшілері баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 20 қыркүйек 2004 жыл.
«Ақ жол» партиясының жетекшілері баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 20 қыркүйек 2004 жыл.

2001 жылғы қарашаның 18-інде Алматыда лауазымды қызмет атқаратын жас шенеуніктер, парламент депутаттары және табысты кәсіпкерлердің бір тобы шұғыл баспасөз жиынын өтікізіп, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) оппозициялық қозғалысы құрылғанын мәлімдеген. ҚДТ қозғалысын кейін түрмеде отырып шыққан Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязов басқарды. Әлгі съезден кейін ҚДТ «негізін құрушылар» жікке бөлініп кетті. Әлихан Бәйменов, Ораз Жандосов және Болат Әбілов құрған «Ақ жол» партиясы кейін мемлекеттік тіркеуден өтті. Әлгі партия төрағасының бұрынғы орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедов «Ол кезде Берік Имашев партияның басшылық құрамында болған әрі құқықтық мәселелерді басқарған» деп еске алады.

ҚДТ қозғалысы мен «Ақ жол» партиясы либерал құндылықтарды ұстанды. Бірақ Бөріхан Нұрмұхамедовтің айтуынша, ҚДТ жетекшілері өзгерістер тезірек енгізілгенін қалады, ал «Ақ жол» жетекшілері мұның мүмкін емес екенін түсінді, сондықтан ұзақ әрі байсалды саяси жұмыс жүргізуге ниеттенді.

Берік Имашев «Ақ жол» партиясы басшылары қатарында болмағанымен, партияның басшы құрамына енген. Нұрмұхамедовтің айтуынша, ол партияның заң блогын басқарып қана қоймай, сот жүйесі сияқты заң саласын реформалау мәселелері бойынша жобаларды тікелей өзі әзірлеген.

Имашевтің ұйымдастырушылық қабілеттеріне сипаттама берген Нұрмұхамедов «Ол - міндеттеріне өте жауапты қарайтын адам. Ол өз көзқарастарын құқықтық тұрғыдан дұрыс ресімдеп, дұрыс жеткізуге көп көңіл бөледі. Құжатқа өте мұқият болатын, олардың тап-тұйнақтай болып тұруын, әрдайым тәртіп болуын талап ететін. Өзін сот процесінде де мықты практик ретінде көрсеткен» дейді.

Саясаттанушы «Берік Имашев өміріндегі табыстарына өзі қол жеткізді, бұғанқызы мен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев екеуінің некесінің еш қатысы жоқ» деп санайды.

- Олардың балалары шаңырақ құру туралы шешімді өздігінен қабылдады. Меніңше, ол екеуінің таңдауын, позициясын құрметтеді, - дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.

"Нұр Отан" партиясының парламент сайлауындағы жеңісін тойлау шарасы. Астана, 21 наурыз 2016 жыл.
"Нұр Отан" партиясының парламент сайлауындағы жеңісін тойлау шарасы. Астана, 21 наурыз 2016 жыл.

«Ал Берік Имашевтің кейін «Ақ жолдан» «Нұр Отанға» өтіп, партия ауыстырғанын қалай бағалауға болады? деген сұраққа Бөріхан Нұрмұхамедов «Негізі, Имашевтің жаратылысы батысшыл, яғни ол либералдық құқықты ұстанатын адам» деп жауап берді. Нұрмұхамедовтің пайымдауынша, «Нұр Отан» мүшесіне айналғанына қарамастан, Берік Имашевтің «Ақ жолдағы» «либералдық феномені» ешқайда кеткен жоқ.

Оны тәуелсіз саясаткер деп санамайтын ҚДТ саяси кеңесінің бұрынғы мүшесі Зәуреш Батталованың пікірі өзгеше

- Кезінде ол ҚДТ-ға кіріп, қайта шығып кеткен. Саясатқа қалай келсе, саясаттан да дәл солай бірден кетті. Ол мемлекеттік шенеуніктің жолын таңдады әрі сол жолмен әлі келеді. Сондықтан ол мына жүйенің жауынгері ретінде қайда бар десе, сол жерде жұмыс істеп, мына билікке керек дүниені істейді. Бітті. Ол жайлы басқа айтарым жоқ, - дейді ол.

Мемлекеттік органдардағы қыркүйек айындағы ауыс-түйіс, оның ішінде Берік Имашевті орталық сайлау комиссиясы төрағасы етіп тағайындауға қатысты берген комментариінде президент Нұрсұлтан Назарбаев елде «жаңа басқарушылар заманы келді» деп мәлімдеген болатын. Бірақ кадрлық ауыс-түйістер Ислам Каримовтың қазасынан шамамен бір аптадан соң болып әрі Назарбаев бұрынғы кадрлар «колодасын» көбінесе құр араластырумен шектелгеннен кейін қоғам «Назарбаев билік транзитін даярлап жатыр» деп жори бастаған. Бірақ бұл -өзге тақырыптың әңгімесі.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG