Accessibility links

Ахметов ісінде үш миллион еуроның қайдан шыққаны анықталды


Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов ісі бойынша сотталушы Камилла Пірәлиева (сол жақта). Қарағанды, 9 қараша 2015 жыл.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов ісі бойынша сотталушы Камилла Пірәлиева (сол жақта). Қарағанды, 9 қараша 2015 жыл.

Елдің бұрынғы премьері Серік Ахметовтің сотында жұрт назары сотталушы Камилла Пірәлиеваға ауды. Ол жаңа жылыжай кешені жобасының құны шынымен үш миллион еуроға асыра көрсетілгенін растады.

Бүгін Қарағанды облысының бұрынғы әкімі әрі бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің ісіне қатысты сотта Қарағанды облысындағы «Топарские теплицы» жобасына байланысты соңғы әрі маңызды айыптау эпизоды қаралды. Тергеу болжамынша, Ахметовтің адамдары мемлекет қаражатын бірнеше компания арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып, жымқырған.

«НЕ АЙТЫП, ҚАНДАЙ ҚҰЖАТҚА ҚОЛ ҚОЙҒАНЫМДЫ АҢҒАРМАДЫМ»

Тергеу «ақша жымқыруға қатысы бар» деп болжайтын испандық «Руфепа Техно АГРО» компаниясының сату жөніндегі менеджері баласының сырқатына байланысты соттан өзін тергеуді тездетуді сұраған. Ол үй қамағында отыр. Тиісті еңбек міндеттерін ғана орындап, «бұдан ешқандай пайда көрмегенін» айтқан сотталушы «сыбайластық» айыбын терістейді.

Оның «әлдебір шешім қабылдау менің міндетіне кірмейтін» деген сөзін адвокаттың сауалына жолдаған жазбаша жауаптарында «Руфепа Техно АГРО» компаниясының бас директоры Хосе Антонио Моралес те растайды.

Пірәлиеваның түсіндіруінше, Қазақстанда өткен жылыжай жабдықтары көрмесіне «Руфепа Техно Агро» компаниясының сату жөніндегі менеджері ретінде келген кезде компанияның болашақ клиенті – «Топарские теплицы» фирмасы директоры Александр Забировпен танысып, ол жаңа жылыжай кешенін салу жоспары туралы айтқан. Ол Пірәлиеваға коммерциялық ұсыныс әзірлеуді ұсынған.

Оның айтуынша, 12 миллион еуроның жобасы әзірленген, бірақ Забиров «қосымша қаржыландыру қажет болады» деген уәжбен жоба құнына тағы 15 пайыз, яғни шамамен үш миллион еуро қосуды сұраған. Пірәлиеваның айтуынша, жоба құнын өзгертуді коррупцияға қатысты іс бойынша сотталушылардың бірі Ерлан Қисықов та өтінген. Ақыры шамамен 15 миллион еуроның жобасы бекітілген. Пірәлиеваның айтуынша, оған «жоғары лауазымды шенеуніктер арасында бүкіл мәселені шешетін бас акционер бар» деген. Сотталушының айтуынша, «ірі тапсырыстан айырылғысы келмеген компания бұл ұсынысқа келісімін берген әрі ешкім әлгі үш миллион еуро өзге мақсатқа жұмсалады деп ойламаған».

Мені тұтқындап, бір айлық баламен Қарағандыға әкелген кезде санам бұлдырап, бәрі тұман сияқты көрінген. Бала босанғаннан кейін депрессияда болғаным құжат жүзінде расталған, не айтып, қандай құжатқа қол қойғанымды да аңғармадым.

- Келісім-шартқа қол қойғаннан кейін Забировтан «Жылыжай мәселесі не болып жатыр?» деп сұрадым. Ол «ақша жетпейді, сондықтан қарыз алуға тура келеді» деді. Мен «Сонда әлгі ақша да жетпей қалды ма?» деп сұрап едім, «ол ақшаны өзге компаниялар талап әкетті» деп жауап берді, - дейді сотталушы Пірәлиева.

Пірәлиеваның сөзінше, ол әлгі үш миллион еуро «откат», яғни пара ретінде қарастырылғанын кейін түсінген. Прокурор соттан тергеу кезінде Пірәлиева «бүкіл мәселені шешетін» шенеуніктің бұрынғы премьер-министр екенін көрсеткеніне назар аударуды сұрады.

- Дәл олай деп айтқан жоқпын. Тергеушілер менің сөздерімді дұрыс түсінбеген. Мені тұтқындап, бір айлық баламен Қарағандыға әкелген кезде санам бұлдырап, бәрі тұман сияқты көрінген. Бала босанғаннан кейін депрессияда болғаным құжат жүзінде расталған, не айтып, қандай құжатқа қол қойғанымды да аңғармадым. Сондықтан қазір бүкіл шындықты айтып тұрмын, - дейді Камилла Пірәлиева.

«КОМПАНИЯ КІМДІКІ - БІЛМЕЙМІН»

Бүгін екі куәгер - кезінде екеуінің атына «Топар агрохолдинг компаниясы» фирмасына кіретін компаниялардың үлестері жазылған Бақыт Нұрекина мен Мерлан Беалиевтен де жауап алынды. «Әлгі компанияның нақты қожайыны кім?» деген сұраққа екеуі де жауап бере алмады.

«Топар» асыл тұқымды шаруашылықтың тең қожайыны, куәгер Нұрекина 2012 жылы мемлекеттік қызметке кеткен Беалиевтің өтінішімен «Топарские теплицы» кәсіпорнының 50 пайызы, «Топар» шаруашылығының 50 пайызы және «Сарыарқа АгроМаркетинг» компаниясының шамамен 60 пайызын өз атына жазуға келіскенін айтады. Ол «Топар» агрохолдинг компаниясының нақты қожайыны кім екенін білмейді. Бірақ Ахметовтің отбасымен «жақсы араласады» деген фактіні терістемеді.

Тең құрылтайшы ретінде жұмыс құжаттарына қол қойдым, бірақ компанияның жұмысына қатысым болған жоқ.

- Ахметов пен оның әйелі Любовь Михайловнамен таныстығымыз 30 жылға жуықтады. Балаларымыз бірге өсіп, жақын араластық. Серік Нығметұлының әйелімен достығымды құрмет әрі мақтаныш тұтамын. 2006 жылы Астанаға көшуді ұйғарып, Серік Ахметовтің әйелі Любовь Михайловнаға телефон соғып, Астанаға көшкім келетінін айтып, жұмыс сұрадым. Кейін екеуінің баласы Данияр хабарласып, бір компаниядан жұмыс ұсынды. Беаливпен кейін әлгі компанияда таныстым. Ал 2011 жылы Беалиев бірнеше компаниядағы үлесін сыйлық ретінде беру арқылы менің атыма жазуды ұсынды. Тең құрылтайшы ретінде жұмыс құжаттарына қол қойдым, бірақ компанияның жұмысына қатысым болған жоқ, - дейді Нұрекина сотта.

Прокурордың «2014 жылы Вишневка кентіндегі жеке меншік үйге не үшін бардыңыз?» деген сұрағына Нұрекина «толық есімде жоқ» деп жауап берді. Ол тек сол күні Астана трассасында ұялы телефонынан хабарласып, көлік жүргізушісі арқылы қайда келуі тиіс екенін түсіндіргенін ғана айтты. Ол келген кезде әлгі үйде біреулер әлдебір мәселені талқылап жатқан. Ол «әлгі үйден көп ұзамай кетіп қалғандықтан, олардың нақты не жайлы сөйлескені есімде жоқ» дейді.

Тергеу болжамынша, бұл іске қатысты тергеу басталған сәтте Агрохолдинг акционерлері мен тең қожайындары Вишневка кентінде құпия кездесу өткізіп, тергеуге іліккен жағдайда немесе беттестіру кезінде кім және нақты не айту керек екенін талқылаған.

«Топарские теплицы» фирмасының қағаз жүзінде ғана директоры болып, қағаздарға қол қоюмен ғана шектелгенін айтқан куәгер Беалиевтің есінде де көп жайттар сақталмаған. Оның айтуынша, компания құрылтайшысы болуды іске қатысты сотталушылардың бірі Матаев өтінген. Ол жалақы мен дивиденд алмағанын, бірақ аздап сыйақы алғанын айтады. Ол «Топарские теплицы» фирмасындағы үлесін «Забировтан сатып алған сияқтымын» деп болжайды, ал асыл тұқымды шаруашылықтағы үлесті кімнен алғаны есінде жоқ. Сот тергеуі кезінде ол шатасып, «Агрохолдинг компаниясы кімнің меншігі?» деген сұраққа жауап бере алмады.

Сотта куәгер ретінде тергелген «ҚазАгро-Финанс» компаниясы менеджері Құлмағамбетов жаңа жылыжай кешені әу бастан үміті аз жоба болғанын, оны қаржыландыруға қатысты қиындықтар туғанын айтады. Куәгер «мұны өз ұйғарымымда көрсеткенмін, бірақ жобаны ештеңеге қарамастан бекітті» дейді.Әлгі кешеннен түсетін кіріс мардымсыз болған.

Бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер «қызмет бабын асыра пайдаланды», «бюджет ақшасын жымқырды» және «кәсіпкерлікпен заңсыз айналысты» деп айыпталады. Ал «пара алды» деген қосымша айып тағылған сотталушы Серік Ахметов тағылған айыптарды мойындамайды. Ол 2014 жылдың қарашасынан бері үйқамақта отыр.

Мақаланы қазақ тіліне аударған - Айжан Оралғазина.

XS
SM
MD
LG