Accessibility links

Астаналық адвокаттардың судьямен тартысы


Астананың тергеу абақтысындағы адвокаттар бөлмесі. 2017 жылдың қаңтары. Фото адвокат Төлеген Шаиковтың Facebook парақшасынан алынды.
Астананың тергеу абақтысындағы адвокаттар бөлмесі. 2017 жылдың қаңтары. Фото адвокат Төлеген Шаиковтың Facebook парақшасынан алынды.

Аты аңызға айналған совет генералы Иван Панфиловтың жиеншарларына қарсы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиенінің талап-арызына қатысты өткен әрі судьяның талап-арызы бойынша адвокаттардың өздеріне қарсы қылмыстық іске ұласқан сот шуы Грузияда жалғасты. Тбилисиде өткен наразылық акциясына қатысқандар Назарбаевтың жиеніне қарсы сотта ақыры жеңіске жеткен Панфиловтың жиеншарларының адвокаттарына араша түсті, ал бұл жеңіс әлеуметтік желілерде скептицизмге ұласты.

Астананың апелляциялық соты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевың жиені Айсұлтан Назарбаевтың талап-арызы бойынша шыққан жеті жылға соттаған үкімнің күшін жойып, ағайынды Ержан мен Асқар Бірімжановтарды бостандыққа шығарды. Бірақ «сот төрелігіне кедергі жасағаны үшін» олардың үш адвокатының үстінен қылмыстық іс қозғалды, судья оларды сот отырыстарындағы, жалпы сот процесі кезіндегі қылықтары үшін айыптайды. Ал адвокаттар «біздің ісімізде қылмыс құрамы жоқ, біз бар болғаны клиенттерімізді тым белсенді қорғап, судьяның кәріне ұшырадық» деп мәлімдейді. Іс әлеуметтік желілер мен қоғамдық орталарда саясиландыру сатысына дейін тез жетті.

Шілденің 25-і күні Грузия адвокаттары қауымдастығы адвокаттары Тбилисидегі Қазақстан елшілігі алдына митингіге жиналды. Астаналық үш адвокат - Әсел Тоқаева, Аманжол Мұхамедьяров және Ерлан Ғазымжановтың фотосуреттері жапсырылған плакат ұстаған ұйым төрағасы Заза Хатиашвили Қазақстан елшілігі өкіліне адвокаттардың Қазақстанның сот билігі тарапынан қуғын-сүргінге ұшырағанына алаңдайтынын айтты. Бұған қоса, тікелей эфирде Грузия адвокаттары қауымдастығы төрағасы Заза Хатиашвили қазақстандық үш адвокат клиенттерін барынша қорғап, өз жұмысын орындады деп мәлімдеді. Мұның бәрін Euronews.ge сайты трансляциялады.

Астаналық адвокаттар Әсел Тоқаева мен Аманжол Мұхамедьяров сотта Қазақстан президентінің қызы Дариға Назарбаеваның кіші баласы Айсұлтан Назарбаевтың жеке меншік кәсіпорнында жұмыс істеген Ержан мен Асқар Бірімжановтың мүддесін қорғаған болатын. Бірімжановтар элиталық пәтерді италиялық дизайнерлердің жобасына сәйкес жөндеуі тиіс болған, бірақ кейін екеуінің үстінен «алаяқтық» және «өзінше билік ету» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, жеті жылға сотталды. Астананың Алматы аудандық №2 сотының судьясы Гүлжахан Ұбашева айыптау үкімімен қоса адвокаттарға қатысты жеке қаулы да шығарды. Апелляциялық сот ағайынды жігіттер мен өзге екі сотталушыны ақтады, ал адвокаттарға қатысты сотқа дейінгі тексеру жалғасқан.

Айсұлтан Назарбаевтың Facebook парақшасы.
Айсұлтан Назарбаевтың Facebook парақшасы.

Назарбаевтың жиенінің пәтеріне қатысты қозғалған іс бойынша мердігер ұйымның тағы екі өкілі сотқа тартылып, алғашқы сот оларды бес және алты жылға түрмеге кескен болатын. Олардың бірі Ақмарал Шамғалиеваның мүддесін астаналық адвокат Ерлан Ғазымжанов қорғаған. Апелляциялық сот оның клиентін де ақтады, ал «Сот төрелігіне кедергі жасау» қылмыстық бабы бойынша судья Гүлжахан Ұбашева шығарған жеке қаулы күшінде қалды.

- Ол кісінің уәжінше, сот алқасына шағыммен жүгінгеніміз сот төрелігінеқысым жасау екен. Судья өз билігін пайдаланып, болған жайтты осылай түсіндіргені, іс қозғағаны қынжылтады. Ал біз адамдарды біліктілікпен қорғаймыз деп сотқа жақпадық. Бұл қысым ғой. Бұл - адвокаттық қызметке бөгет жасау. Бізді бүкіл әріптестеріміз, адвокаттар алқасы қолдап отыр, - дейді Әсел Тоқаева.

СУДЬЯНЫҢ АЙЫПТАУЛАРЫ

Астананың Алматы аудандық №2 сотының судьясы Гүлжахан Ұбашеваның жеке қаулыларында «белгіленген кестеге қарамастан, адвокаттар Мұхамедьяров пен Тоқаева» екі сот отырысына келген жоқ әрі «ол кезеңде сот отырыстарына қатысу маңызды болғанымен, жеке шаруаларымен» Бішкектегі конференцияға кетіп қалған деп жазылған. Сол себепті сот отырыстары кейінге қалған, ал судья сотталушылардың адвокатын ауыстырған.

Бұған қоса, судьяның пікірінше, адвокаттар Тоқаева мен Мұхамедьяров іске қатысты жарыссөз өткізуді бірнеше күнге кейінге қалдыруды өтініп, «құқық пен мүддені қорғау жөніндегі адвокаттық міндеттерін орындаудан қасақана жалтарған».

Жеке қаулыларға сәйкес, олар екеу болғанымен, судья Ұбашева жеке қаулыларының әрқайсысында «адвокат Тоқаева ғана» немесе «адвокат Мұхамедьяров қана» деп жазады. Судья Гүлжахан Ұбашева әлгі әрекеттерді қылмыстық істі қарауды негізсіз созбақтау деп санайды.

Астананың Алматы аудандық №2 сотының судьясы Гүлжахан Ұбашева. Астана, 22 қаңтар 2014 жыл.
Астананың Алматы аудандық №2 сотының судьясы Гүлжахан Ұбашева. Астана, 22 қаңтар 2014 жыл.

Бұған қоса, судья Ұбашева адвокат Әсел Тоқаеваны «қорғау амалдарын судьяның жеке басына соқтықпай, заң аясында жүргізуге міндетті болғанымен, сот залында жанжал шығарып әрі үнемі судьяның әрекеттерін бағалап» агрессиялық мінез танытты деп айыптайды. Судья адвокат Аманжол Мұхамедьяровты өтініштері қабылданбағаннан кейін «ойдан шығарылған негіздемелер бойынша судьядан бас тарту туралы мәлімдеме жасады» деп айыптайды. Адвокаттың ол мәлімдемесі қанағаттандырылмаған.

Бұған қоса, Гүлжахан Ұбашева адвокаттардың «ойдан шығарылған негіздемелермен» судья этикасы жөніндегі комиссияға, жоғарғы соттың сот жюриіне жүгінгеніне де наразы. Судья адвокаттардың бұл әрекетін «қысым» деп бағалайды.

Адвокаттық этика нормаларынан аттап әрі сотталушы А.Шамғалиеваны өзге сотталушы А.Әбдірахмановты айыптау арқылы қорғауды жөн көрді, адвокаттың мұнысы жөнсіз, әдепсіз қылық әрі өзінің әріптесі – адвокат Р. Жәмшитоваға қатысты адвокаттық этика нормаларын бұзу.

Үшінші адвокат - Ерлан Ғазымжанов «адвокаттық этика нормаларынан аттап әрі сотталушы А.Шамғалиеваны өзге сотталушы А.Әбдірахмановты айыптау арқылы қорғауды жөн көрді, адвокаттың мұнысы жөнсіз, әдепсіз қылық әрі өзінің әріптесі – адвокат Р. Жәмшитоваға қатысты адвокаттық этика нормаларын бұзу».

Судья Ұбашеваның әрекеттері мен мінез-құлқына қатысты шағыммен судья этикасы жөніндегі комиссияға, жоғарғы соттың сот жюриіне адвокат Ғазымжанов та жүгінген.

«Ең сорақысы, адвокат Ғазымжанов Е. Facebook әлеуметтік желісіне сол сәтте сот шешімін шығару үшін кеңесу бөлмесінде болған судьяға қатысты жалған ақпарат жариялаған. Адвокат Е.Ғазымжановтың аталған әрекеттері судьяға қысым жасауға тырысу екенін көрсетеді» деп санайды Гүлжахан Ұбашева.

АДВОКАТТАР УӘЖІ

Ал судья Гүлжахан Ұбашеваның қарсыластарының пікірі өзгеше. Адвокат Әсел Тоқаеваның пікірінше, судья шығарған жеке шағымдар шындыққа жанаспайды әрі олар - «істі жүргізу кезіндегі этика нормаларын бұзғанын жасыру амалы».

Адвокат Аманжол Мұхамедьяров судья қорғаушы тараптың адвокаттарына қысым жасау үшін қызмет бабын пайдаланды деп мәлімдейді.

- Ол кісіге біздің айыптауды терістеген, яғни іске қатысты сот процесін айыптау сипатында жүргізумен қабыспаған позициямыз қолайсыз болды, - дейді Аманжол Мұхамедьяров.

Адвокат Әсел Тоқаеваның айтуынша, әріптесі екеуі Бішкекке жеке шаруаларымен емес, кәсіби қызмет бабымен барған.

Ержан мен Асқар Бірімжановтар, совет генералы Иван Панфиловтың немерелері.
Ержан мен Асқар Бірімжановтар, совет генералы Иван Панфиловтың немерелері.

- Әріптесім Мұхамедьяров Аманжол екеумізді PRI халықаралық ұйымы мен Қырғыз Республикасы адвокаттары одағының шақыруымен әрі Қазақстан Республикасының жаңарған қылмыстық- процессуалдық кодексін қолдану тәжірибесімен бөлісу үшін сарапшы-тренер ретінде шақырған болатын. Сотқа ғылыми-практикалық конференцияға қатысатынымыз жайлы сот отырыстарын 2017 жылғы маусымның 8-і мен 9-ына белгілегенге дейін екі мәрте, яғни 2017 жылғы мамырдың 25-інде және 2017 жылғы маусымның 1-інде ескерткенбіз. Оны растайтын электрондық авиабилеттерді қоса тіркегенбіз әрі сот отырыстарын әлгі күндерге белгілемеуді өтінгенбіз. Бірақ судья Ұбашева өтінішімізге және дәлелді себепке қарамастан, сот отырысын әдейі әлгі күндерге белгілеген, - дейді Әсел Тоқаева.

Бірақ судья Ұбашева өтінішімізге және дәлелді себепке қарамастан, сот отырысын әдейі әлгі күндерге белгілеген.

Оның сөзінше, ол сот отырыстарының бәріне қатысқан, бірақ клиентінің қарсылығы мен кезекші адвокаттан бас тартқанына қарамастан, судья адвокатты мемлекет есебінен тағайындау туралы қаулы шығарған. Ол Ұбашеваның «мен жайлы агрессиялық мінез танытты деген сөздері де шындыққа сәйкес келмейді» дейді.

Әсел Тоқаева мен Аманжол Мухамедьяровтың айтуынша, екеуі судьяның «барып тұрған ұятсыз, көрінеу сыңаржақ» әрі судья этикасы кодексіне сай емес этикалық қылықтарына қатысты ғана шағымданған.

Адвокат Аманжол Мұхамедьяровтың пікірінше, адвокатты аудандық сот қаулысында аталған әрекеттері үшін тәртіптік жауапқа тарту - мемлекеттің адвокаттардың рөлін қорғау және құрметтеу жөніндегі халықаралық-құқықтық міндеттемелеріне қайшы.

- Судьяның жөнсіз әрекеттері мен судья этикасы талаптарына сай емес қылықтарына қатысты адвокаттың бір ғана шағымы адвокатқа қатысты жеке қаулы шығаруға ұласты, мен мұны адвокаттарды тым белсенді әрі сотқа қолайсыз позициясы үшін соттың қудалауы ретінде бағалауға мәжбүрмін, - дейді адвокат Мұхамедьяров.

Адвокат Ерлан Ғазымжанов жеке қаулыға қатысты пікірінде судьяның сот процесі кезіндегі этикаға қайшы қылықтарына қатысты заңда белгіленген тәртіппен әрі қылмыстық істің мәнісіне қатысы жоқ және судьяға клиентінің пайдасына әлдебір шешім қабылдау туралы тікелей немесе жанама түрде нұсқау жоқ шағыммен жүгінгені үшін оны қудалауға әрі қылмыстық қудалаумен қорқытуға судья Ұбашеваның құқығы жоқ деп жазады. Бұған қоса, ол судьяның өзге, мысалы Facebook желісінде күмәнді ақпарат жариялады деген айыптауларын да жоққа шығарады.

СЫНАУ МЕН ҚОЛДАУ

Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында адвокат Әсел Тоқаева адвокаттардың үйлесімді әрі жұмыла атқарған жұмысының арқасында сотталушылардың бәрі ақталды, бұл жеңіске жету оңай болмады деп мәлімдейді. Оған белсенді пайдаланушы Lidiya Eickmeyer әлеуметтік желі арқылы былай деп жазған:

Құрметті ҚР адвокаттары, мынадай сұрақ: әріптестеріңізді шын жүректен құттықтап жатқан Сіздер жігіттерді Елбасының Мәми жолдасқа соққан қоңырауы емес, шынымен адвокаттардың кәсіпқойлығы мен табандылығы арқасында ақтады деп санайсыздар ма?

«Құрметті ҚР адвокаттары, мынадай сұрақ: әріптестеріңізді шын жүректен құттықтап жатқан Сіздер жігіттерді Елбасының Мәми жолдасқа соққан қоңырауы емес, шынымен адвокаттардың кәсіпқойлығы мен табандылығы арқасында ақтады деп санайсыздар ма? Сіздердің құттықтауларыңыз сот жүйесін жайлаған жүгенсіздікті заңдастыру деп ойламайсыздар ма?»

Lidiya Eickmeyer-дің пікірінше, адвокаттардың уайымдамауына болады, өйткені Қазақстан президентінің жиеніне қатысты істе жеңген олар «сот төрелігіне кедергі жасау» айыбына қатысты сотта өздерін оңай ақтап шығуы мүмкін.

Бұған қоса, ол «шындығында, кез-келген назарбаевтық сот түкке тұрғысыз санайтын қуыс кеуде қазақстандық адвокаттар сот жүйесінің нұр-машинасына тап болған онсыз да қайыршы азаматтардың соңғы тиынын қағып алу үшін өздерінің маңыздылығы жайлы иллюзия қалыптастыруға мәжбүр» деп жазады.

Республикалық адвокаттар алқасындағы Солтүстік Қазақстан облысы адвокаттарының өкілі Сергей Сизинцевтің пікірінше, адвокаттарды клиенттерінің мүддесін қорғау мақсатында кәсіби міндеттерін орындағаны үшін тәртіптік және қылмыстық жауапқа тартып отыр.

Facebook желісіндегі парақшасында Сергей Сизинцев «Әлгі қаулылардазаңдарды немесе адвокаттар этикасы кодексін нақты бұзғаны жайлы сілтеме жоқ. „Facebook-ке ақпарат жариялады“, „жарыссөзге дайын емес болып шықты“, “Бішкекке кетіп қалды“. Сонда не үшін 407-бап бойынша соттау керек? Әлгі қаулылардың заңға қайшы екенін айтудың өзі артық. Олар адвокат клиентін қорғаудың бүкіл заңды құралдары мен амалдарын пайдалануға құқылы ғана емес, міндетті деп көрсетілген қылмыстық-процессуалдық кодекс ережелерін ғана емес, өзінің кәсіби функцияларын атқарғаны үшін адвокат қандай да бір жауапкершілікке тартылмауы тиіс деп көрсетілген адам құқығы мен адвокат құқықтарының кепілдіктері саласындағы барлық мәлім халықаралық құжаттарды бұзып отыр» деп жазады.

Бұған қоса, ол егер клиентінің мүддесі үшін қажет болса, адвокат дауласуға, дәлелдеуге, қарсыласуға міндетті, сондықтан адвокат өз позициясын айтуға, оның ішінде ашық түрде мәлімдеуге, судьяның, прокурордың, тергеушінің үстінен шағымдануға құқылы деп санайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG