Accessibility links

ОСК референдум өткізуді жақтағандардың жинаған қолдарын үш айдан соң жоймақшы


Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.
Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.

Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін ұзарту үшін ел азаматтарынан жиналған қол үш айдан кейін жойылатыны туралы жариялады. Мұрағатта тек бұл қолдардың растығын тексеру нәтижесі туралы толтырылған хаттамалар ғана сақталынбақ.


Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде Қазақстан азаматтарының жинаған қолы үш айдан соң түгелдей жойылады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының қаулысы қаңтардың 21-і күні ресми баспасөзде жарияланды.

Қаулыда азаматтардан жиналған қолдың үш айға дейін құпия ақпарат ретінде сақталатындығы айтылған.

«Республикалық референдум тағайындау туралы бастамашылықпен тілек білдіруші, республикалық референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының қол қою парақтары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында құпия ақпарат негізінде референдумның бастамашы тобынан құжаттар алынған күннен бастап үш ай бойы сақталады, ал кейіннен осы қаулының қосымшасына сай, акт бойынша жойылады», – делінген қаулы мәтінінде.

Қол қойылған парақтарды жою «өртеу, балқыту, 2,5 шаршы сантиметрден аспайтын мөлшерде майдалап бөлшектеу, ұсақтау, еріту немесе химиялық ыдырату, қалыпсыз массаға немесе ұнтақ күйге айналдыру арқылы жүргізіледі» делінген.

Қаулыда референдум тағайындау туралы бастаманы жақтаған азаматтардың қойған қолдарының растығын тексеру нәтижелері туралы аумақтық сайлау комиссияларының қорытынды хаттамалары мен Орталық сайлау комиссиясының қорытынды хаттамасы тұрақты сақталатыны айтылған.

Бұл қаулы 2011 жылы қаңтардың 13-інде, яғни Орталық сайлау комиссиясы референдумды қолдаған азаматтардың қолдарының растығын тексеру нәтижесін жария еткен күні қабылданған. Ол күні Орталық сайлау комиссиясы референдум өткізуді қолдаған 5 миллион 16 мың адамның, яғни елдегі барлық сайлаушылардың 55,2 пайызының қолын тексеріп, жарамды деп танылғанын жариялаған еді. Ал бұдан өзге 194 мың қол жарамсыз болып шыққан.

Бұл ресми дерекке күмән білдірген оппозиция өкілдері қол қойған азаматтардың бәрінің тізімі жариялануын талап етті.

Қаңтардың 14-і күні Қазақстан парламентінің қос палатасы бірлескен сессия өткізіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін саяси сайлаусыз ұзартып отыруға негіз болатын өзгерістерді Конституцияға енгізуді қолдап бірауыздан дауыс берді. Назарбаев парламенттің бұл шешімі Ата заңға сай келер-келмесін анықтауды сұрап, Конституциялық кеңеске жолдады.

Қаңтардың 20-сы күні президенттің баспасөз қызметі Нұрсұлтан Назарбаевтың референдум мәселесі бойынша «шешімді халық пен мемлекет мүдделерін ескере отырып қабылдайтыны» туралы мәлімдегенін хабарлады.

– Бұл бастама бұқара халықтың қолдауына ие болғандықтан және бес миллионнан астам қол жиналғандықтан зор мақтаныш сезімінде отырмын. Бүкілұлттық бастамаға партиялар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, барша қазақстандықтар қолдау білдірді. Бірде-бір мемлекет саясаткері халық пікірін елеусіз қалдыра алмайтындығы белгілі. Бірақ мемлекеттік ұстаным тұрғысынан мен үшін бұл мәселе өте маңызды. Сондықтан мен барлық «иә» және «қарсы» деген пікірлерді таразылай отырып, халық пен мемлекет мүддесін ескере отырып, еліміздің халқы үшін қажетті шешім қабылдаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев өзіне қолдау білдірген бір топ адаммен бірге Ақордада өткізген кеңесте.
XS
SM
MD
LG