Accessibility links

Евгений Жовтиске шығарылған сот үкімінің өзгеріссіз қалғанына сарапшылар таңданбайды


 Полиция қызметкерлері Евгений Жовтистің қолына сот залында кісен салып жатыр. Бақанас, 3 қыркүйек, 2009 жыл.
Полиция қызметкерлері Евгений Жовтистің қолына сот залында кісен салып жатыр. Бақанас, 3 қыркүйек, 2009 жыл.

Апелляциялық сот алқасы адам құқын қорғаушы Евгений Жовтиске Бақанас сотының оны кісі өліміне айыпты деп төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы шығарған үкімін күшінде қалдырды. Сот процесін бақылаушылар оның тағы да заң бұзушылықтармен өткенін айтып отыр.

Адам құқын қорғаушы Евгений Жовтистің бірінші сатыдағы соттың үкіміне қарсы шағым-арызын қараған Алматы облыстық сотының Талдықорғандағы апелляциялық алқасы Жовтистің өзінің қатысуынсыз өтіп, үкімді күшінде қалдырды. Үкім бойынша Жовтис жазасын қоныстану-колониясында өтейтін болады. Адам құқын қорғаушы 24 қазанда Өскемендегі қоныстану-колониясына жіберіледі. Сот процесін бақылаушылар оның тағы да заң бұзушылықтармен өткенін алға тартады.

Евгений Жовтис пен оның адвокаты Виталий Воронов сот үкімі әділетсіз деп апелляциялық шағым берген болатын және халықаралық ұйымдар мен қазақстандық қоғамдық ұйымдар тергеу амалдары, алғашқы сот үрдісі әділетсіз болды деп наразылық танытқан-ды. Алматыда және басқа да аймақтарда, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерлерде де Жовтисті қолдау акциялары өтті.

Бүгінгі апелляциялық сотта жол апатынан қаза тапқан жүргіншінің анасы - Райхан Молдабаева Жовтисті кешіретінін айтып, оған қарсы бұрын шығарылған сот шешімін бұзуды өтінді. Прокурор Жовтисті қорғаушылардың барлық өтініші мен Молдабаеваның өтінішіне де өз наразылығын білдірді.
Жовтиске қолдау білдіруге арнайы келген бұл адамдар Алматы облыстық сотының ішіне кіре алмады. Талдықорған, 20 қазан 2009 жыл.


Сейсенбі күні таңертең Алматыдан Талдықорғанға белгілі құқық қорғаушы Жовтистің қолдаушылары автокеруенмен жолға шыққан еді. Сағат 14-ке белгіленген Алматы облыстық сотындағы отырысқа асыққан топ жол-жөнекей бірқатар кедергілерге тап болып, олар сот мәжілісіне кешігіп жеткен болатын. Көпшілігі сот процесіне кіргізілмеді.

"БИЛІК ЖОВТИСТЕН ҚОРҚАДЫ, АЛ БАСҚАЛАРҒА СЕС КӨРСЕТІП ОТЫР"

Жовтистің ісіне қатысты Талдықорғандағы апелляциялық сот алғашқы инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырғандығына саясаттанушы Әміржан Қосанов еш таң қалмайтындығын айтты.

- Мұндай шешімді жалпы қоғам күтті. Өйткені оның алдында бір-екі оқиға болды. Біріншіден, «Время» басылымының тілшісі Тохнияз Кучуковты билік оның басына түскен жағдайын өз пайдасына пайдаланып, прецедент болуы үшін, яғни жалғыз Жовтис қана емес, басқа да осындай оқиғалар қатаң жазаланатындығын көрсетті. Екіншіден, Жовтистің атына қолдау білдіріп, оның Қазақстанда құқықтық қоғам орнатудағы сіңірген еңбегінен бастап, азаматтық позициясына дейін баға берген халықаралық ұйымдар, Қазақстанның ішіндегі қоғамдық ұйымдардың пікіріне билік құлақ асқан жоқ. Үшіншіден, бұл – тек Жовтиске ғана емес, одан өзге де билікке сын айтып жүрген азаматтарға берілген белгі, - дейді біздің радиомызға сұхбат берген Жалпы ұлттық социал демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов.

Сондай-ақ ол ешқандай партияға кірмейтін, саясаттан алыс жүрген Жовтистен билік қатты қорқады деп отыр.

- Жовтис – саясаткер емес, ол – құқық қорғау саласындағы білікті маман. Сондықтан ол белгілі бір жағдайда қауіпті. Дегенмен, биліктің бүгінгі жағдайына, болашағына айтарлықтай қауіп төндіре алмайды. Десек те, осындай азаматтың басына түскен жағдайын пайдаланып билік, басқаларға да «өз орындарыңды біліңдер!» деген сыңай көрсетіп отыр, - дейді Ә.Қосанов.

ДЕПУТАТ ҮШІН БАРЛЫҒЫ ДА ЗАҢ ШЕҢБЕРІНДЕ

Парламент депутаты Уалихан Қалижан бұл істе ешқандай саяси рең жоқтығын айтады.

- Жовтистің қатысуымен болған жол оқиғасында адамның мерт болуы қазір екінші жаққа ауысып кетті де барлық мәселе Жовтисті саяси құрбан ретінде көрсетуге бағытталып кетті. Бұл – оппозициялық партиялар мен осы мақсаттағы басылымдарда көрініс тауып отыр. Ал енді күнде осындай жол апатынан мыңдаған адамдарды басып кетіп, сотталып жатқан қаншама жүргізуші бар. Солардың құқын неге олар қорғамайды? – деген сауал тастайды У. Қалижан.

Сонымен бірге депутат кісі өліміне алып келген қайғылы оқиға үшін тиісті жаза болуы тиіс деген пікірде.

- Егер шатаспасам, қылмыстық кодексте адам өліміне алып келген жол-көлік апатының себепкері, ол тіптен байқамай қалса да, 1 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы тиіс. Сондықтан бұл Жерде Жовтисті неге 4 жылға жапты деген сөз болмауы тиіс. Ол заңда солай көрсетілген, -дейді депутат.
Жол полицейлері Роза Ақылбекова (сол жақтан үшінші) мен Райхан Молдабаеваны (солдан - екінші) ұстап жібермеуге тырысты. Алматы облысы, 20 қазан 2009 жыл.


- Қаза болған жігіттің анасы Жовтиске кешірім берді емес пе?

- Сіз білесіз бе, мен қарапайым адамдармен бір кездесу барысында олар маған «Жовтис қайтыс болған жігіттің анасына 15 мың доллар беріп, ұлының құнын өтеген» деп айтты. Егер ондай болатын болса, онда елдегі қалталылардың барлығы кез-келген адамды басып, сосын тиісті қаржысын беріп, кешірім ала беретін болса, не болады? Онда біз заңды қалай сыйлаймыз? Сондықтан менің ойымша Жовтистің жағдайында оған саяси астар берудің қажеті жоқ. Шерулер мен наразылық акцияларын да ұйымдастырудың қажеті жоқ. Барлығы заңды түрде, заң шеңберінде болуы тиіс, - деп шегелеп айтты біздің радиомызға сұхбат берген депутат Уалихан Қалижан.

"ҚАЗАҚСТАНДА ӘДІЛ СОТ ЖОҚ"

Ал адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық қазақстандық бюро төрағасының орынбасары Жеміс Тұрмағанбетова, «Қазақстанда әділ сот болмаған, әлі де жоқ», - дегенді айтады.

- Судья шешім шығару барысында қайтыс болған жігіттің анасы Жовтисті кешіргендігін қаперіне де алмады, одан да өзге жеңілдететін жағдайларды ескермеді. Мұның барлығы біздің қоғамда құқық мәселесі тиісті деңгейде емес екендігін көрсетеді, - деді құқық қорғаушы.

Айта кету керек, мұндай істерді Жоғарғы сот қарамайды, сондықтан бүгінгі сот отырысы Жовтистің ісінде соңғы инстанция болған.

Адам құқы мен заңдылықтардың сақталуы бойынша халықаралық қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтисті 3 қыркүйек күні Балқаш аудандық соты жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер болды деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қоныстану-колониясында өтеуге шешім шығарған болатын.
XS
SM
MD
LG