Accessibility links

Абайдың қуғыннан аман қалған ұрпағы дүние салды


Ғазал Мағауина, Абайдың шөбересі, Азаттық радиосына естелік айтып отыр. Алматы, 9 тамыз 2010
Ғазал Мағауина, Абайдың шөбересі, Азаттық радиосына естелік айтып отыр. Алматы, 9 тамыз 2010

Ақпанның 8-інде Семей жұрты Абайдың шөбересі Ғазал Жағыпарқызының жаназасын шығарды. Абай туралы деректерді жеткізушілердің бірі болған ол ақпанның 5-інде 85 жасқа қараған шағында дүние салды.


Ғазал Жағыпарқызы – Абайдың ұлы Мағауиядан тарайтын Жағыпардың қызы. 1926 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында дүниеге келген. Жастай жетім қалған оның өмірі ашаршылық, қуғын-сүргін, кейіннен соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді.

Абай ұрпақтары советтік режимнің зардабын тартып, қатты қуғындалды. Аман қалғаны соғыста қаза тапты. Соның бәрін көзбен көрген Ғазал Мұхтар Әуезовке Абай туралы мол мағлұмат берген Уәсиланың қолында тәрбиеленді.

Ұзақ жыл Алматыда тұрып дүние салған Ғазал Жағыпарқызының мәйіті ақпанның 7-ісінде Семейге жеткізілді. Ақпанның 8-інде мұсылмандық жолымен жаназа шығарылды. Марқұмның мәйіті Ақшоқыдағы Құнанбай қажы қорымына жерленді.

Төменде Ғазал Жағыпарқызының соңғы естелігін назарларыңызға ұсынамыз. Естелік Азаттық радиосына 2010 жылы тамыздың 9-ында жазып алынған.

Ғазал Мағауинаның Азаттық радиосына айтқан естелік әңгімесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:13:28 0:00
Жүктеп алу


«БІЗ АЙДОСТАН ӘЛІ КҮНГЕ ХАБАР АЛА АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ»

Абай атамның 6 ұлы, 3 қызы болған. Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия – бәйбішесі Ділдадан тарайды. Одан кейін Райхан, Гүлбадан деген екі қызы болды.

Екінші әйелі – Әйгерім. Әйгерімнен Тұрағұл, Мекайыл, Зікайыл деген үш ұл, Кенже деген қызы болды.

Ақылбайдың Әлімқұл, Әубәкір деген балалары болған. Әубәкірдің өзі ақын, әнші, сазгер болған адам. Өте шешен. Сол Әубәкірден екі ұл, бір қыз болды. Қабдіслам, Әлихан деген екі ұлы болды. Екеуі де Отан соғысына қатысып қаза тапты. Абай атамның бұл шөберелерінен бала-шаға жоқ.

Әлімқұлдан үш қыз, екі ұл бар. Зәбира, Қауаш, Ғазиза есімді қыздары болды. Ағалары – Шәбеп, Бағыфұр.

Зәбираның Валиетта есімді бірі қызы бар. Хауария-Қауаштың үш қызы, бір ұлы болған. Ұлы Эдуард қайтыс болып кетті. Әйелі – орыс. Эрнест деген ұлы қалған. Қауаштың Делли, Роза, Ләйла деген қыздары бар.Үшеуі де Семейде тұрады. Балалы-шағалы. Деллидің бір қызы бар, Розаның бір ұлы бар, Ләйласынан екі қыз, бір ұлы бар.

Шәбептен бала жоқ, 3-4 әйел алса да бала болмады. 60-қа қараған шағында қайтыс болып кетті.

Бағыфұрдан үш ұл, бір қыз болды. Бағыфұр Алматының жанындағы КНИЖ-де 30 жылдан аса зоотехник болып істеді. Клара деген қызы жастайынан қайтыс болды. Үлкен ұлы – Эрнест, механик-инженер болған. Одан бір ұл бар. Эрнест 37 жасында қайтыс болып кетті. Артынан Айдос деген бір ұл қалды. Әскери қызметін өтеп, авиацияда қызмет жасаған екен. Өзі Украинада тұрады. Әйелі – орыс. Біз Айдосты жоғалтып алдық. Әлі күнге хабар ала алмай отырмыз.

«АБАЙ АТАМНЫҢ ЕРКЕК КІНДІКТЕН ҚАЛҒАН ҰРПАҒЫ – ЖАЛҒЫЗ АЙДАР»

Бағыфұрдың екінші ұлы – Бауэр. Біз «Баукен» дейтінбіз. Биология ғылымының кандидаты болды. Роза деген әйелі бар. Баласы болмады.

Бағыфұрдың үшінші ұлы – Айдар. Айдар Алматыдағы политехникалық университетті бітірген геолог-мұнайшы. 30 жылдан асты, Ақтауда мұнайшы-инженер болып жұмыс істеп жатыр.

Айдардың жалғыз ұлы Данияр жасынан орысша оқыды. Өзі 1971 жылы 26 тамызда туған. Бұрынғы Ленинградтағы гидрометеорологиялық институттың океанология факультетін бітірген. Сонда өзіменен бірге оқыған Наталья Васильевна деген орыс қызына үйленді. Оның Дана, Кәмила деген екі қызы бар.

Абай атамның еркек кіндіктен қалған осындағы ұрпағы – жалғыз Айдар.

«КӘМИЛА ЖАҒЫПАРДЫҢ ҚОЛЫНДА ҚАЙТЫС БОЛДЫ»

Абай атамның екінші ұлы Әбдірахман Шоқан Уәлиханов сияқты оқымысты болған. Санкт-Петеребургте оқып жүргенде, отыз жастан асқанда өкпе ауруынан қайтыс болды. Рахила деген бір қызы болған. Әйелі – Мағрифа. Рахиладан екі ұл, бір қыз болды. Екі ұл да соғыста қайтыс болып кетті. Жалғыз қызы – Ай. Айдан екі қыз, бір ұл бар. Ай қайтыс болып кетті. Оның жолдасы Әбдірахман Жаймурзин – ғалым, бір кезде Жазушылар одағының хатшысы, обком хатшысы болған. Айдың бір қызы қайтыс болып кетті. Қазір Әлия мен Аманжол деген баласы қалды. Аманжол – ғалым. Әбдірахманнан қалған жұрағат – осылар.

Абай атамның үшінші баласы – Мағауия. Ол отыз төрт жасында қайтыс болады. Оның екі қыз, үш ұлы болды. Ұлдары – Құтайба, Бәбір (Бабыр), Жағыпар. Мағауия екі әйел алған. Екінші әйелі Мөржаннан – Кәмила. Ол Мұхтар Әуезовтің екінші әйелі болған. Мұхтар Кәмиланы тұрмысқа шығып кеткен жерінен алып келді. Кәмиладан екі қыз болған. Олар бір-екі жастарында қайтыс болып кеткен. Кәмила Мұхтардан ажырасқаннан кейін отызыншы жылдың соңында ағасы Жағыпардың қолында қайтыс болды.

«ӘКЕМІЗ ЖАҒЫПАР ОТЫЗ ТӨРТ ЖАСЫНДА ҚАЙТЫС БОЛДЫ»

Әкеміз Жағыпар Шығыс Қазақстан облысы Шемонайха ауданында тұрды. Сонда 1929-30 жылдары жер аударылып кеткен еді. Құнанбай ұрпақтары қуғынға түскенде осында тұрған Жағыпар отыз төрт жасында қайтыс болып, бес-алты баласы жетім қалды.

Жағыпардың әйелі – Гүлманар Ғабидоллақызы. Ғабидолла – Абайдың қасындағы серіктерінің бірі Ғабитханның баласы. Ғабитхан «Кішкене молда» аталған. Осылайша Ғабитхан біздің нағашымыз болады.

Жағыпардың үлкені – Рәпила. Семейде гимназияда оқыған. 22 жасында қайтыс болып кетті. Екінші қызы – Ищағы. Төрт жыл Отан соғысына қатысқан, соғыс және еңбек ардагері, Алматыда тұрады.

Жағыпардың Берекехан деген ұлы болды. 1942 жылы 22 жасында соғыста қайтыс болды. Семья құрып үлгермеді.

Одан кейінгі ұл – Жошыхан. Ол әке-шешеміз қайтыс болғаннан кейін Алматыда №12 мектеп-интернатта тәрбиеленді. Оныншыны бітіргеннен кейін соғысқа қатысып, 1942 жылы кетіп, 1943 жылы 19 жасында қаза табады. Он екі жасынан өлең жазған зерек еді. Екеуміз интернатта бірге тәрбиелендік.

Бәбір он екі жасында қайтыс болды.

«1935 ЖЫЛЫ БІРІНШІ РЕТ АБАЙ АТАМНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІН ЕСТІГЕН ЕДІМ»

Мен өзім интернатта оныншыны тәмамдаған соң кино мектебін бітірдім. Кино мектебінен соң, КазГУ-дің филфагын бітірдім.

Мен Уәсила апаның қолында тәрбиелендім. Уәсила – Мағауияның тұңғышы. Ол кісі 1954 жылы 65 жасында Алматыда қайтыс болды. Уәске тәтем Абайды «әкем» дейтін. «Бір жасқа толмай Абай жарықтық әкем мен Ділда әжем мен шапанына орап алып, тәрбиелеген» деп отырушы еді. Абай атамның қолында тұрып, тәрбие алған Уәсила апам Абай атамның барлық өлең-әндерін жатқа білетін.

Мен 1935 жылы Уәсила апамның қолына келгенде, бірінші рет Абай атамның әндері мен өлеңдерін естіген едім. Осы жылы біз жетім қалдық. Әкеміз 1934 жылы, шешеміз 1935 жылы қайтты. Ищан (Ищағы), Берекехан Семейдің интернатында орналасты да, мен, Рәпіш (Рәпила) тәтем, Жошыхан үшеуміз Алматыға Уәсила тәтемнің қолына келдік.
  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG