Accessibility links

Назарбаевтың саяси серіктерінің бірі Сарыбай Қалмырзаев қайтыс болды


Сарыбай Қалмырзаев. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.
Сарыбай Қалмырзаев. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.
Шілденің 27-сінде Қазақстандағы ақпарат агенттіктері «ұзаққа созылған сырқаттан кейін, 64 жасында Сарыбай Қалмырзаев дүниеден өтті» деген хабар таратты. Әзірге қайда, қашан қайтыс болғаны айтылмады.

2010 жылы ҚазТАГ агенттігі «қаржы полициясының басшысы, президент әкімшілігінің іс басқарушысы қызметтерін атқарған Сарыбай Қалмырзаевтың миына қан құйылып, инсульт алғанын» хабарлады.

«ПРЕЗИДЕНТТІҢ КОМАНДАСЫНДАМЫН»

Ақпарат құралдарында шыққан «түрлі сыбыс-болжамдардан» кейін, президент істерін басқарушының орынбасары Абай Бисембаев Қалмырзаевтың «Германияға дәрігерге қаралуға кеткенін, жақын арада оралатынын» хабарлауға мәжбүр болды.

Шетелде емделіп келгеннен кейін, Сарыбай Қалмырзаев журналистерге «денсаулығының дұрыс екенін, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың командасында» жүргенін мәлімдеді. Оның 2011 жылы атқарған соңғы қызметі - Қазақстан президентінің іс басқармасындағы мемлекеттік резиденциялар директоры.

Сарыбай Қалмырзаев соңғы жылы денсаулығына байланысты саяси істерден алшақтап кеткен еді. Оның есімі ақпарат құралдарында соңғы рет 2012 жылы қаңтар айында «Свобода слова» газетін сотқа берген кезде жиі аталды.

Сарыбай Қалмырзаев журналистерге денсаулығы туралы мәлімдеме жасап тұр. Алматы, 12 қазан 2010 жыл.
Сарыбай Қалмырзаев журналистерге денсаулығы туралы мәлімдеме жасап тұр. Алматы, 12 қазан 2010 жыл.

Қалмырзаевқа берілген онға жуық медальдардың ішінде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» ордені де бар.

Сарыбай Қалмырзаев 1949 жылы маусымның 10-ы күні Жамбыл облысы, Шу ауданында дүниеге келген. Мәскеудің экономикалық статистика институты мен СССР министрлер кеңесі жанындағы халық шаруашылығы академиясын «экономист» мамандығы бойынша бітірді.

Қалмырзаев еңбек жолын 1971 жылы Қазақ ССР статистика басқармасында экономист болып бастады. 1997-2002 жылдары – Жамбыл облысының әкімі, Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы қызметтерін атқарды. 2003-2004 және 2008-2011 жылдары Қазақстан президентінің іс басқарушысы болды. 2004-2008 жылдары Қазақстанның экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігін басқарды.

«ПРЕЗИДЕНТ КОМАНДАСЫНДАҒЫЛАРДЫҢ» БҰҒАН ДЕЙІНГІ ҚАЗАСЫ

Назарбаевтың сенімді серіктерінің тағы бірі Владимир Ни 2010 жылы қыркүйектің 9-ы күні 78 жасқа қараған шағында, Швейцария ауруханаларының бірінде ұзаққа созылған дерттен кейін қайтыс болды.
Владимира Ниге топырақ салуға келген жұрт. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.
Владимира Ниге топырақ салуға келген жұрт. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.

Нимен қоштасу рәсімінде сөз сөйлеген Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов «Ол президентке бар ықыласымен берілді, оған сенімді үзеңгілес бола отырып, барынша адал және шынайы қызмет етті», – деді.

Сол сөзінде Ахметжан Есімов марқұмның отбасына Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі барып, көңіл айтып шыққанын хабарлады.

Ал Нұртай Әбіқаев «Қазақстан президентінің командасындағылардың барлығы да «Отанымыз бен президентімізге қалай қызмет ету керек екендігін» Владимир Ниден үйренді» деген еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG