Accessibility links

Есенберлиннің Қонаев туралы романы


Ұлттық кітапхана көрмесінде тұрған Ілияс Есенберлиннің кітаптары. Алматы, 20 қаңтар 2015 жыл.
Ұлттық кітапхана көрмесінде тұрған Ілияс Есенберлиннің кітаптары. Алматы, 20 қаңтар 2015 жыл.

Жазушы Ілияс Есенберлиннің кітаптарын жариялауына ешқандай шектеу қойылмаса да, оның 1970 жылдардың бас кезінде жазған «Мұхиттан өткен қайық» романын жарыққа шығару қиынға түсті.

Зерттеушілердің сөзінше, «Мұхиттан өткен қайық» романында жазушы партиялық номенлатурадағы белгілі басшылардың көпшілігін жағымсыз кейіпкерге айналдырған. Оның ішінде советтік Қазақстанның әр кезеңдегі жетекшілері Левон Мирзоян, Жұмабай Шаяхметов, сол кезде көзі тірі Пантелеймон Пономаренколардың аты-жөндері ашық аталған. Сонымен қатар 20-ғасырдың бас кезіндегі Алаш-Орда қайраткерлері жағымды образда көрсетіліп, 1931-33 жылдардағы ашаршылық пен 1950 жылдардағы тың игерудің теріс салдары бейнеленген.

Бірақ естелік авторларының жазуынша, ұзақ жылдар дауға айналып, автор бірнеше рет түзеткен романның оның көзі тірісінде жарық көрмеуіне «бас кейіпкер А.Ахметжанов образының прототипі – Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың асыра мадақталуы негізгі себеп» болған. Сол кезеңде орталық комитеттің мәдениет бөлімін басқарған Михаил Есенәлиев бұл жөнінде автормен сөйлесіп, «романда тек Қонаевтың прототипі ғана ақылды, қалғандары ақымақ ретінде көрсетілгенін, кітап шыға қалса Қонаев ыңғайсыз жағдайда қалатынын Есенберлинннің өзіне ескерткенін» жазады.

Алдыңғы тарихи романдары жоғары бағаланып, жұртшылыққа кеңінен танылған Ілияс Есенберлин жаңа романының жарияланбауына көне алмай, 1974 жылы КПСС Орталық комитетінің бас хатшысы Леонид Брежневке дейін хат жазып, «Мұхиттан өткен қайық» романына араша сұраған.

Бұған қатысты Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы Саттар Имашевтің «Есенберлиннің қолжазбасы туралы» 1979 жылғы тұжырымында роман туралы: «Оңтүстік Қазақстандағы үш ауданды көрші республикаға беру экспериментін көрсеткен, ол біздің Одақтың мызғымас бірлігіне, халықтардың шынайы достығына күмән келтірген. Ұлтшыл-буржуазиялық «Алаш» партиясының тарихымыздағы орны мен бағасы дұрыс берілмеген. Оған қоса «Алаш Орда» әдебиетшілері А. Байтұрсынов пен М.Жұмабаевты ақтауға тырысқан» деп жазылған.

«Мұхиттан өткен қайық» 1991 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланып, 2001 жылы ғана жеке кітап болып басылып шықты.

XS
SM
MD
LG