Accessibility links

Этносаралық зерттеудің жаңа өлшемдері


Қазақстан халқы бірлігі күні мейрамы. Алматы, 1 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан халқы бірлігі күні мейрамы. Алматы, 1 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық кейбір сарапшылар этносаралық проблемалар мониторингін жүргізудегі қиындықтар жайлы айтады. Олар елде этносаралық қатынастар тиісті деңгейде зерттелмейді дейді.

Билік 2007 жылы наурыз айында Алматы облысындағы Маловодное мен Қазатком ауылдарында ұлты қазақ және шешен кейбір тұрғындар арасында болған қақтығысты «кәдімгі қылмыс» деп жариялады. Ресми деңгейде ол «ұлтаралық алауыздық көрінісі» ретінде бағаланбады. Ал бас прокуратура Маловодное мен Қазатком ауылдарындағы оқиға туралы хабар тарату кезінде ұлт араздығын қоздыру немесе оларды саяси мақсатта пайдалауға тырысу әрекеттері үшін тіпті қылмыстық жауапқа тарту шаралары қолданылуы мүмкін екенін ескертті.

Былтыр тамыз айында Алматы облысының Шеңгелді ауылында шешен және қазақ жігіттерінің арасындағы төбелеске де осындай баға берілді. Бір адам қаза тауып, тағы бір адам ауыр жарақат алған оқиғаны сот қылмыс деп таныды.

Әсіресе Ресей Қырымды бөліп алғаннан кейін кейбір сарапшылар мұндай амалды қоғамдағы этносаралық шиеленісті бүркемелеуге балайды. Ұлтаралық қатынастар проблемасын шешудің орнына, жылы жауып қойған Виктор Януковичтің тұсындағы Украинаның авторитарлы билігінің қателігін қайталауға болмайтынын саясаткерлер де ескертеді. Сарапшылардың айтуынша, егер
Шеңгелді ауылындағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында тұрған арнайы жедел топ жасағы. Алматы облысы. 21 тамыз 2013 жыл.
Шеңгелді ауылындағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында тұрған арнайы жедел топ жасағы. Алматы облысы. 21 тамыз 2013 жыл.
этносаралық қатынастар саласында болып жатқан өзгерістер еленбесе, қордаланған проблемалар кейін ауыр зардаптарға ұшыратуы мүмкін.

Қазақстандағы этносаралық ахуалға мониторинг жүргізудің қиындығы жуырда Алматы қаласында өткен дөңгелек үстелде де талқыланды. «Стратегия» үкіметтік емес ұйымы (ҮЕҰ) директоры Гүлмира Илеуова елдегі этносаралық қатынастар ахуалын «жайлы әрі тұрақты» деп сипаттайтын 4-5 жыл бұрынғы статистикалық деректерді келтірді.

Илеуованың болжауынша, жуық арада ұлтаралық тұрақтылықтың негізі бұзылмайды. Ал сарапшылар этносаралық қатынастардың соңғы бес жылда өзгерген динамикасының беталысы жайсыз деген пікірде.

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК

«Комсомольская правда - Қазақстан» газетінің бас редакторы Асылбек Бисенбаевтың айтуынша, билік «біздің елде тұрақтылық» дегенді әлдебір жаттанды мантра сияқты қайталай береді. Бисенбаев «биліктің пайымдауындағы мінсіз этносаралық қатынастарды елестетсең, көз алдыңа зираттары ретпен орналасқан, тап-тұйнақтай етіп жиналған, ең бастысы өлі тыныштық орнаған моланың бейнесі келеді» дейді.

Бисенбаевтың айтуынша, этностық топтар тірі организм, ал этносаралық қатынастар өзгерместен қатып қалған әлдебір зат емес, сондықтан, тұрақтылықты бұлай түсіндіру зиянды болмақ.
Саясаткер Петр Своик. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
Саясаткер Петр Своик. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
Сарапшылардың айтуынша, ұлтаралық проблемалар туралы билік қана емес, жергілікті ақпарат құралдары та тіс жармайды.

- Этносаралық қатынастар - әлеуметтік емес, саяси категория. Ең негізгі саяси мәселе болғандықтан, бұл тақырыптан бәрі қашқақтайды, - деп есептейді оппозициялық саясаткер Петр Своик.

Сарапшылардың айтуынша, этносаралық қатынастар мәселесі СССР-дағы қайта құру заманынан бері саяси мәселеге айналған. Совет одағы қоғамында «ұлт бар, бірақ ұлттық мәселе жоқ» деген түсінік болды. Сарапшылардың айтуынша, бір кезде мызғымастай көрінген елдің ұлттық мемлекеттерге (оның бірі – Қазақстан) ыдырап кетуіне ел басшылығының осындай позициясы да себеп болған.

УКРАИНА ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР ФАКТОРЫ

Билік пен БАҚ қозғаудан қашқақтайтын ұлтаралық қатынастар тақырыбы әлеуметтік желілерде қызу талқыланады. Қырымды Ресей бөліп алған соң және Украинаның шығысы мен оңтүстік-шығысында болып жатқан оқиғаларға байланысты интернетте ұлтшылдық риторикасы күрт күшейді.
«Стратегия» үкіметтік емес ұйымы директоры Гүлмира Илеуова. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
«Стратегия» үкіметтік емес ұйымы директоры Гүлмира Илеуова. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
Кейбір сарапшылар «бүкіл халықпен салыстыруға да келмейтін аздаған адамның мұндай сөздеріне мән беріп, дүрлікпеу керек» дейді.

Ал енді біреулер «керісінше, санаулы болса да бұл сөздердің иелері әсіресе этносаралық қатынастар ушыққан кезде қоғамдық пікірге үлкен, тіпті шешуші ықпал етуі мүмкін» деп ескертеді.

Ресейдің Қырымды бөліп алғанына және Украинадағы қазіргі жағдайға сілтеме жасаған сарапшылардың айтуынша, ұлтаралық қатынастарға сыртқы факторлар да әсер етеді. Олардың айтуынша, ұлтаралық қатынастарды қалыптастыру координаттарының ескі жүйесі күйреді, ал жаңа жүйесін қалай құруды ешкім білмейді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG