Accessibility links

Талғат Ермегияевты 14 жылға соттады


"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев сотта отыр. Астана, 13 мамыр 2016 жыл.
"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев сотта отыр. Астана, 13 мамыр 2016 жыл.

Астана қалалық қылмыстық істер соты "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев пен өзге 10 адамға үкім шығарды.

Астана қалалық қылмыстық істер сотының судьясы Әділхан Шайхыисламов Талғат Ермегияевты қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-тармағы ("пара алу") және 189-бабының 4-тармағының 2-бөлімі ("өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену немесе ысырап ету") бойынша айыпты деп тауып, оны 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Талғат Ермегияев 14 жылға сотталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:32 0:00
Жүктеп алу

Судья Ермегияевты жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге, жаза мерзімін ол ұсталған 2015 жылдың 8 маусымынан бастап есептеуге, содан бергі үйқамақта отырған екі күнін бір күндік бас бостандығынан айырумен тең деп есептеуге үкім етті. Ермегияевты мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйымдарда лауазымды қызметтер атқару құқығынан өмір бойына айырған судья оның "қылмыстық жолмен табылған дүние-мүлкін тәркілеуге" үкім етті.

Сонымен бірге судья Шайхыисламов ел президент Назарбаевқа Ермегияевты мемлекеттік "Парасат" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізді. Судья Ермегияевты сот залынан қамауға алуға бұйырды.

"4 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі қаржыны заңсыз иеленді" деп айыпталған, 2015 жылы маусым айында сот шешімімен үйқамамаққа алынған Ермегияев биыл 13 мамырда өткен сотта өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеген.

Бүгінгі сотта Ермегияевпен бірге істі болған азаматтырдың бірі - компанияның бұрынғы атқарушы директоры Суламбек Баркинхоев "коррупциялық қылмыс жасады" деген айыппен 7 жылға сотталды.

"Астана ЭКСПО-2017" компаниясы басшысының бұрынғы орынбасарлары Әлішер Пірметов пен Мұрат Омаров та осы бап бойынша айыпты деп танылып, тиісінше 5 және 8 жылға сотталды.

Аян Адамбаев 7 жылға сотталып, мүлкі тәркіленді;

Орал Ибадильдин 7 жылға сотталып, мүлкі тәркіленді;

Қуаныш Медеуов 8 жылға сотталып, мүлкі тәркіленді;

Валерий Син 8 жылға сотталып, мүлкі тәркіленді және мемлекеттік орындарда қызмет ету құқығынан өмір бойы айырылды;

Мәдина Дәулетбаева 4 жылға сотталып, мүлкі тәркіленді, сот оның жазасын өтеуін 5 жылға кейінге қалдырды;

Азамат Тұматаев 10 сотталып, мүлкі тәркіленді;

Шоқан Матайбековтің еркіндігі 5 жылға шектелді.

ВИДЕО: Соттан тікелей трансляция

Астана соты бұған дейін, 8 маусымда "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясындағы қаржы жымқыру ісіне байланысты 12 адамды соттаған. Араларында компанияның құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсенов та бар ол азаматтар бұған дейін прокурор таққан айыптармен келісетіні туралы процессуалдық келісім жасасқан. Бұл адамдарға қатысты жеке сот өндірісі ашылған.

Үсенов "қызмет өкілетін теріс пайдаланды", "өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленді немесе ысырап етті" және "қылмысқа айдап салды" деп айыпталып, 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын алған.

Сот "қаржы жымқырды", "қылмысқа айдап салды, көмектесті", "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алды немесе талан-таражға салды" деп айыпталған өзге 11 адамның екеуіне - бас бостандығын шектеу, бесеуіне - бас бостандығынан айыру, төртеуіне - айыппұл салу үкімін шығарған.

«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы Астанада 2017 жылы өткізу жоспарланған халықаралық көрмеге дайындықпен айналысады.

XS
SM
MD
LG