Accessibility links

Қазақтың Гагарині немесе түркі дүниесінің тұңғыш ғарышкері


Тоқтар Әубәкіров (оң жақтан бірінші) Талғат Бигелдинов (ортада) және Шота Уәлиханмен бірге тұр.
Тоқтар Әубәкіров (оң жақтан бірінші) Талғат Бигелдинов (ортада) және Шота Уәлиханмен бірге тұр.

Кейінгі кезде қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров емес, Талғат Мұсабаев деген сөз әр жерден құлағын қылтита бастады.


Бұл уәжге әуелі Ресейден келген бір концерт жүргізуші жол берген сияқты. 2004 жылдың басында Қазақстандағы Ресей күндерінің ашылуына орай Астанадағы Конгресс-холда тікелей эфир арқылы беріліп жатқан мерекелік шарада ресейлік жүргізуші Талғат Мұсабаевты ән салуға шақырып, «Қазақстанның тұңғыш ғарышкері» деп хабарлап жібергені. Орыстардың мысы басты ма, біздің жақтан ешкім мұндай өрескел мүлт кетуді түземеді. «Сүрінбейтін тұяқ жоқ, жаңылмайтын жақ жоқ» демекші, жалпы жұртшылық мұндай өрескел қателікке мән бере қоймады.

Алайда ақиық ақынымыз Серік Ақсұңқарұлы іле үн қосып, «Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар еді ғой» деген датын «Орталық Қазақстан» газетінде (17.01.2004 жылы) жариялаған болатын. Сонымен бәрі байсал тапқандай еді. Олай болмапты. Биылғы жылдың басында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде Самат Мұса әріптесіміз тағы осы мәселені қаузап, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров екенін жазды. Таң атып, күн бататындай шындықты шырағдан алып іздеп, шырылдайтындай не көрінді деуіңіз мүмкін. Көрінгені аян.
«Тоқтар Әубәкіров – Кеңес Одағының ғарышкері, Талғат Мұсабаев тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері» деген тұжырымды тұқыртып тұрып, санаңа тұсаулап салғысы келетін сыңайлы.

«Тоқтар Әубәкіров – Совет Одағының ғарышкері, Талғат Мұсабаев тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері» деген тұжырымды тұқыртып тұрып, санаңа тұсаулап салғысы келетін сыңайлы. Бірталай басылымдар, бірқатар азаматтар осы дақпырттың соңында жүр. Талғат Мұсабаев бауырымыз да үнсіз.

Олай болса, бүгінгі бүкіл әлем атап өтетін Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқан жарты ғасырлық тарихи тойынан ат-тонымызды ала қашып, бас тартуымыз керек. Дәл осы тұста тасқа қашап, тарихқа жазып қоятын бір фактіні келтірмей кетуге болмайды. Гагарин жер тартылысын жеңіп, жеті қат көкке көтерілген адамзаттың тұңғыш перзенті болса, Тоқтар Әубәкіров әлдекімдер әр саққа жүгіртетін Совет Одағының соңғы ғарышкері. Рет санына келсек, СССР-дың (бұрыңғы аббревиатура) ең соңғы және №72 космонавты. Мұны жадыңа тоқып, жаттап ал деп отырған ешкім жоқ. Ресей өз тарихына солай жазып қойыпты.

Енді әңгіме басқа ауанға көшеді. Әгәрәки Тоқтар СССР-дың ғана ғарышкері болса, онда алты Алаш қазақ совет әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезовті, Ғабит Мүсіреповті, Сәбит Мұқановты, Қазақ совет ғылымының ғұламасы Қаныш Сәтбаевты, Тоқтар туралы «Қазақ әдебиетіне» алғашқы мақаланы жаздыруға себепкер болған Олжас Сүлейменовті, совет дәуіріндегі бүкіл игі жақсыларымызды жатқа сыйлап шыға келе ме?

Сөздің тоқ етері – биыл 2 қазанда қазақтың ғарышқа ұшқанына 20 жыл. Ұмытып кетпейік.

Редакциядан:

Мағауия Сембай
- Қарағанды облыстық "Орталық Қазақстан" газетінің бас редакторы.
XS
SM
MD
LG