Accessibility links

Генерал Жоламановқа қандай айып тағылды?


ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтың (сол жақта) жанында тұрған ҰҚК шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жоламанов. Сурет Нұрлан Жоламановтың отбасылық архивінен алынды.
ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтың (сол жақта) жанында тұрған ҰҚК шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жоламанов. Сурет Нұрлан Жоламановтың отбасылық архивінен алынды.

«Тергеушілер тапсырыс орындап отыр» деп мәлімдеп, президентке үндеу жолдаған шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жоламановтың ісі сотқа жетті. Оны әшкерелеген мақалалар да шықты.

ҰҚК-нің шекара қызметінің бұрынғы директоры, генерал-лейтенант Нұрлан Жоламановтың ісіне қатысты қаңтардың 12-сі күні Астанада белгіленген алдын ала сот тыңдауын жабық режимде өткізу жоспарланған. Азаттық тілшісіне мұны сотталушының адвокаты Мағауия Елемесов хабарлады.

Жоламановқа «аса ірі көлемде пара алды, бір немесе бірнеше қылмыс жасау мақсатында ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, басшылық етті» деген айыптар тағылған. Әйелі Гүлнәр Жоламанова мен адвокатының Азаттыққа хабарлауынша, генерал Жоламанов тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамайды.

ҰҚК шекара қызметінің директоры Нұрлан Жоламанов былтыр қазанның 27-сі күні Астанада тұтқындалған. Сот тұтқындауға санкция берген күннен бастап ол ҰҚК-нің Астана қаласындағы тергеу абақтысында отыр.

ҮЙ ҚАМАҒЫНА АУЫСТЫРУ ӨТІНІШІ

Нұрлан Жоламановтың ісі 2014 жылдың аяғында Алматы қаласынан Астанаға көшкен қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта қаралады.

Адвокат Мағауия Елемісовтің болжамынша, алдын ала сот тыңдауы кезінде Жоламановты үй қамағына ауыстыру туралы өтініш қаралуы мүмкін.

- Сотта негізгі іске қатысты тергеу мәселелері және менің бұлтартпау шарасын тергеу абақтысындағы қамаудан ешқайда кетпеу туралы қолхатқа өзгерту туралы өтінішім қаралады. Өтінішімде қан қысымы жоғары, қант диабетіне шалдыққан сотталушының денсаулығын, отбасы жағдайын ескерудісұрап, бала-шағасы Астанада тұратын генерал сот төрелігінен қашып кетеді деп қауіптенуге негіз жоқ екенін жаздым, - дейді адвокат Мағауия Елемісов.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев генерал-лейтенант, қорғаныс министрлігінің штаб бастықтары комитеті басшысының орынбасары Нұрлан Жоламановқа әскери шен тапсырып тұр. Астана, 7 мамыр 2012 жыл. Сурет Жоламановтың отбасылық архивінен алынды.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев генерал-лейтенант, қорғаныс министрлігінің штаб бастықтары комитеті басшысының орынбасары Нұрлан Жоламановқа әскери шен тапсырып тұр. Астана, 7 мамыр 2012 жыл. Сурет Жоламановтың отбасылық архивінен алынды.

Желтоқсан айының ортасында кейбір БАҚ-та тараған «Жоламановтың денсаулығы күрт нашарлап кетті» деген ақпаратты Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) дәрігерлер ұйғарымына сілтеме жасау арқылы теріске шығарды. ҰҚК-нің желтоқсанның 15-і күні таратқан баспасөз мәлімдемесінде «Жүргізілген тәуелсіз медициналық тексерулер нәтижесінде Жоламановты тергеу абақтысында ұстауға кедергі болатындай сырқаты анықталмады» деп жазылған.

Бірақ генерал Жоламановтың адвокаты Азаттық тілшісіне айыпталушының денсаулығының нашарлағанын медициналық анықтама растайды дейді.

БАҚ ГЕНЕРАЛ ІСІ ТУРАЛЫ

Желтоқсанның басында Сentral Asia Monitor газеті ҰҚК-нің Астанадағы түрмесінде отырғанына бір айдан асқан ҰҚК шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жоламановтың президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған үндеуін жариялады. Жоламанов үндеуінде істің «тапсырыспен» қозғалғанын жазған.

Нұрлан Жоламанов «ҚР ҰҚК шекара қызметіндегі елдің қауіпсіздігіне кері әсер ететін жүйелі кемшіліктер мен шекара қызметін тұралатуға, миллиардтаған ақшаны жымқыруға ҚР ҰҚК-нің кейбір жоғары шенді тұлғаларының қатысы барын анықтадым» дейді.

ҚР ҰҚК шекара қызметіндегі елдің қауіпсіздігіне кері әсер ететін жүйелі кемшіліктер мен шекара қызметін тұралатуға, миллиардтаған ақшаны жымқыруға ҚР ҰҚК-нің кейбір жоғары шенді тұлғаларының қатысы барын анықтадым.
Нұрлан Жоламанов.

Оның сөзінше, тергеуді «шекара қызметін күйреткен ҚР ҰҚК лауазымды тұлғаларына бағынышты қызметкерлер жүргізеді». Тергеудегі генерал Нұрлан Жоламанов Қазақстан президентіне үндеуін «арнайы комиссия құрып, оған ҚР ҰҚК-нің шекара қызметідегі жағдайды мұқият тексеруді тапсыруыңызды және қылмыстық істі тексеруді өзге тергеу органына жүктеуге көмектесуіңізді сұраймын» деп аяқтаған.

Ал генералдың әйелі Гүлнәр Жоламанова былтыр қарашаның 12-сі күні күйеуіне қатысты шектеу шарасын ешқайда кетпеу туралы қолхатқа ауыстырып, оның ісін тексеруді ішкі істер министрлігіне жүктеуді, ал сот процесін ашық әрі БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткізуді сұрап, бас прокурор Асхат Дауылбаевқа өтініш жолдаған.

Жоламанов тұтқындалған соң Қазақстанның кейбір БАҚ-тары генералдың отбасы мүшелерінің ауқатты тұрмыс деңгейі тапқан табысына сай емес деп жазған еді. Сотталушының әйелі Азаттық тілшісіне «газеттегі өсек-аяңға» қатысты комментарий бермейтінін айтты. Ал адвокат Мағауия Елемесов мұның дәлелденбеген ақпарат екенін әрі оның қорғауындағы генералдың ісіне ешқандай қатысы жоғын ескертті.

ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ШУЛЫ ОҚИҒАЛАР ТІЗБЕГІ

ҰҚК-не қарасты шекара қызметінің бұрынғы директоры, бірақ әлі генерал-лейтенант шеніндегі Нұрлан Жоламановтың ісі – соңғы жылдары ҰҚК шекара қызметіне қатысты шыққан шулы оқиғалар мен жанжалды істердің бірі ғана.

2012 жылдың мамырында «Арқанкерген» шекара бекетінде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапты. Жаппай кісі өліміне қаза тапқан азаматтардың қызметтесі - қатардағы сарбаз Владислав Челах айыпты деп танылды. Екі аптадан кейін шекара қызметінің сол кездегі директоры генерал Нұржан Мырзалиев отставкаға кетіп, ал 2012 жылдың аяғында Челах өмір бойына түрмеге кесілді.

Шымкент қаласында өткен ҰҚК шекара қызметінің ұшағы апатынан қаза тапқан марқұмдарды аза тұту шарасынан көрініс. Суретті twitter әлеуметтік желісіне Vyacheslav Abramov жүктеген. Шымкент, 27 желтоқсан 2012 жыл.
Шымкент қаласында өткен ҰҚК шекара қызметінің ұшағы апатынан қаза тапқан марқұмдарды аза тұту шарасынан көрініс. Суретті twitter әлеуметтік желісіне Vyacheslav Abramov жүктеген. Шымкент, 27 желтоқсан 2012 жыл.

Нұржан Мырзалиевтің отставкасынан кейін ҰҚК шекара қызметінің директоры міндетін уақытша атқарушы болып полковник Тұрғанбек Стамбеков тағайындалды. Ол жарты жылдан кейін, яғни 2012 жылы желтоқсанның аяғында Шымкент маңында шекара әскерінің Ан-42 ұшағымен апатқа ұшырап, қаза тапты.

Оқи отырыңыз: Былтырғы ұшақ апатын да жемқорлықтан көреді

2013 жылы қаңтардың 31-і күні Алматыдағы шекара қызметі академиясының бастығы генерал-майор Талғат Есетовтің қызмет кабинетінен оның оқ тиген өлі денесі табылды. Билік генерал «өзіне өзі қол салған» деген ресми болжамын жариялады.

ҰҚК шекара қызметі директорының бұрынғы орынбасары полковник Әлім Хасенов «коррупциялық қылмыс жасады» деген айыппен сотқа тартылды. Ол «шекара бекеттерін салуға бөлінген 300 миллионға жуық теңгені жымқыруға қатысы бар» деген айыппен 2014 жылы 11 жылға сотталды.

2013 жылы желтоқсанның 30-ы күні ҰҚК Шекара қызметі "Батыс" аймақтық басқармасының бастығы Әбдіразақ Ілиясов коррупциялық қылмыс жасады деген айыппен 13 жылға сотталды.

Қазақстан тарихында Нұрлан Жоламанов – ҰҚК шекара қызметінің сотқа тартылған екінші генералы әрі бірінші директоры.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG