Accessibility links

Генерал Майкеев 6 жылға сотталды


Генерал Бағдат Майкеев
Генерал Бағдат Майкеев

«Аса ірі көлемде пара алған» деген айып тағылған экс қорғаныс вице-министрі айыпты мойындамайды, әрі үкімге қатысты шағым бермек. Осы іс бойынша өзге үш айыпталушының әрқайсысы 10 жылға сотталды.

Маусымның 27-сі күні Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Бағдат Майкеевке үкім шығарды. Ол «заңсыз қару-жарақ сақтаған және жалпы көлемі шамамен бір жарым миллион долларға жуық пара алған» деген айыппен алты жылға сотталды.

Бұл іс бойынша айыпталушы тағы үш адам – кәсіпкерлер Павел Титаренко, Алтынбай Қайырбеков және Олег Спицин «пара берді» деген айыппен 10 жылға сотталды.

Генерал Майкеев пара алғанын сотта мойындамады. Ол тапаншаны заңсыз сақтағанын ғана мойындады. Генерал мен оның адвокаттары пара алу бабы бойынша соттан ақтауды сұрады.

ҮКІМГЕ ДЕЙІН ЖӘНЕ КЕЙІН

Үкім жарияланатын күні айыпталушылардың туыстары мен жақтастарының көптігінен сот залы қапырық болып кетті. Оның үстіне, Алматыда 34 градус ыстық болды.

Процеске келген азаматтық белсенді Тахиржан Ахметов жұрттан бөлектеу тұрды. Ол бұрынғы өткен сот отырыстарының біріне алдыңғы жағында «Ұры түрмеде отыруы тиіс», ал арқасында «Генерал Майкеев 10 мың долларымды қайтарып бер!» деген жазуы бар майка киіп келген еді. Сол себепті тұрғандардың бірі судья келер алдында «Бүгін неғып майкаңызды кимегенсіз?» деп сұрады. Тахиржан Ахметов оған жауап қатпады.

Генерал Майкеев пен өзге үш сотталушының туыстары Тахиржан Ахметов жаққа қарағыштай берді, бірақ жазуы бар майка киіп сотқа келген кездегідей соттан оны залдан шығарып жіберуді сұрамады.

Майкеевтің өңі шаршаған, сырқат адамдай көрінді. Тамағының астынан ені үш, ұзындығы 12 сантиметрдей медициналық пластырьды көлденең жапсырып қойыпты. Майкеевтің туыстары бұл жайтқа қатысты комментарий беруден бас тартты. Бұған дейін «генерал қалқанша безіне операция жасатыпты» деген сыбыс тараған еді.

Әскери сот судьясы Асқар Қайыров. Алматы, 27 маусым 2014 жыл
Әскери сот судьясы Асқар Қайыров. Алматы, 27 маусым 2014 жыл

Судья Асқар Қайыров үкімнің жаза мерзімін жариялау тұсына жеткенде залда сәл гуіл естілді де, бірақ бірден басылды. Судья үкімді мәтіннен көз алмастан аяғына дейін оқып шықты. Судья үкімнің соңғы қорытынды бөлімін ғана оқығандықтан, үкімді жариялау көп уақыт алмады.

Жаза мерзімі аталған соң судья сотталушылардың меншігіндегі тәркіленуі тиіс мүліктердің тізімін оқи бастады. Тізімге қылмыстық іс бойынша айыпталғандардың балалары мен өзге туыстарының атына тіркелген жылжымалы және жылжымайтын талай мүлік енген.

Үкім жарияланған соң Азаттық тілшісі генерал Бағдат Майкеевтен: «Үкімге қарсы шағымданасыз ба?» деп сұрады. Әуелі адвокатына қарап, ол басын изеген соң генерал міндетті түрде шағымданатынын айтты.

Сот отырысынан кейін сотталғандардың туыстары комментарий беруден бас тартты. Генерал Майкеевтің ағасынан (інісінен) комментарий алмақ болып ұмтылған журналистердің жанына жүгіріп келген бір жігіт «генералдың ағасы (інісі) ешқандай комментарий бермейді» деп мәлімдеді.

Ақпарат құралдарының сұрағынан сотталушылардың адвокаттары да қашқақтады. Тек олардың бірі - адвокат Құрышбек Тәңірбергенов қана журналистерге "генерал Майкеевке тағылған айыптардың бәрі - айыптаушы тараптың ойдан шығарған, дәлелденбеген болжамдары" деді.

КОРРУПЦИЯМЕН КҮРЕСКЕРДІҢ ӨЗІ КОРРУПЦИОНЕР МЕ?

61 жастағы генерал Майкеев коррупциямен күресуге шақырып талай мәлімдеме жасаған. Соңғы рет, былтыр қазанда командирлерді әскери қызметшілердің бойында «жемқорлыққа қарсы көзқарас» қалыптастырып, құқықтық мәдениетке баулуға үндеген еді.

Құрышбек Тәңірбергенов, адвокат. Алматы, 27 маусым 2014 жыл
Құрышбек Тәңірбергенов, адвокат. Алматы, 27 маусым 2014 жыл

Карьерасын полициядан бастаған Майкеев генерал шенін алған соң ғана армияның жоғарғы басшылығына ауысқан. Әдетте мұндай жайт сирек кездеседі. Ол 2007 жылы Алматы облыстық ішкі істер департаменті бастығы қызметін атқарып жүріп коррупциялық жанжалға ілінген. Ол кезде тағылған айып расталмай, Майкеевтің қызметі өсіп, көп ұзамай оны армия басшылығына ауыстырды. Әскери салада қорғаныс министрі орынбасарына дейін өскен.

Соңғы бес жылда Қазақстан қорғаныс министрлігінің генералдары жыл сайын дерлік «коррупциялық қылмыс жасады» деген айыппен сотталады. Бағдат Майкеев – сотталған төртінші генерал. Бұдан ертеректе әуе қорғаныс күштері бас қолбасшысының бұрынғы орынбасары, генерал-майор Асқар Бөлдешев, қорғаныс министрлігінің қару-жарақ бас басқармасының бұрынғы бастығы, генерал-майор Алмас Әсенов, қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маерманов ұзақ мерзімге сотталған еді.

Сотталған генералдардың бәрін жоғары әскери шендері мен мемлекеттік наградаларынан айыру туралы мәселе қозғалған. Генерал Майкеев соңғы мемлекеттік наградасын - екінші дәрежелі «Даңқ» орденін 2013 жылдың желтоқсанында алған. Екі айдан кейін оны "аса ірі көлемде пара алған" деген айыппен Астанадағы үйінің ауласында тұтқындаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG