Accessibility links

Гуантанамоның бұрынғы 5 тұтқыны Қазақстанға келді


Гуантанамоның V лагеріндегі күзет қызметкері. (Көрнекі сурет)
Гуантанамоның V лагеріндегі күзет қызметкері. (Көрнекі сурет)

Американың Кубадағы Гуантанамо базасындағы әскери түрмесінен босаған бес адам Қазақстанға келді.

Гуантанамо түрмесінен босаған бес адам 31 желтоқсанда Қазақстанға келді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, оларды АҚШ үкіметі Гуантанамодағы қамаудан "қылмыс жасады деген айып тағуға негіз жетіспеген" соң босатқан.

Министрлік хабарламасында олардың Қазақстанға келуі өздерінің жеке өтініштері мен БҰҰ босқындар жөніндегі Жоғары комиссары басқармасының тиісті арызының негізінде жүзеге асқаны айтылады. Қазақстан оларды қабылдауға БҰҰ Босқындар туралы конвенцияны ескеріп келісім берген.

Қазір Гуантанамодан келген адамдарға "пана іздеп жүрген тұлға" мәртебесі берілген. Оларды "босқын" ретінде тану туралы шешім әзірге қабылданбаған. Бірақ сыртқы істер министрлігі бұл мәселені ішкі істер министрлігі ұлттық заңнамаға сәйкес қарастырады деп отыр.

Гуантанамодан келген адамдардың шығындарын халықаралық адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар көтереді.

Бұдан алдын АҚШ Гуантанамодағы әскери түрмедегі бес тұтқынды босатып Қазақстанға жібергенін хабарлаған еді. Үшеуі - Йемен, екеуі Тунис азаматы болып келетін бұл адамдар 10 жылдан аса түрмеде отырған. Олар АҚШ-тағы 2001 жылғы "11 қыркүйек оқиғасынан" кейін "әл-Қайда ұйымына қарасты әскери жасақпен байланысы болуы мүмкін" деген күдікпен Пәкістанда ұсталған.

Жазасын өтеп болған тұтқындар өз елдеріндегі қауіпсіздік мәселесіне орай Қазақстанға жіберілген. Олар жазасын өтеп біткен ондаған тұтқынның бірнешеуі ғана.

Бұдан басқа Гуантанамо түрмесінде 127 тұтқын отыр. Өткен айда Гуантанамоның бес тұтқыны Грузия мен Словакияға берілген.

Гуантанамода кезінде Қазақстанның төрт азаматы тұтқында болған.

Бұл әскери түрме 2001 жылы Нью-Йоркте болған "11 қыркүйек оқиғасынан" кейін Американың Кубадағы Гуантанамо әскери-теңіз базасында жасақталған.

Американың қазіргі президенті Барак Обама сайлау науқанында осы түрмені жабуға уәде берген және биылғы жолдауында түрмені "жабу қажеттілігі" туралы тағы да айтқан.

XS
SM
MD
LG