Accessibility links

Оралмандар «заманауи үйлеріне» пеш қоя бастады


«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған ауылдың тұрғыны үйдің неден салынғанын көрсетіп тұр.
«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған ауылдың тұрғыны үйдің неден салынғанын көрсетіп тұр.

Өскеменнің іргесіндегі Шығыс оралмандар ауылының тұрғындары үйлерін шығынданып электр қуатымен жылытуға мәжбүр. Олар былтырғы қарыздары әлі жабылмағанын айтып шағымданды.

Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен қаласының маңына «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 2009 жылы оралмандарға арнап салынған Шығыс ауылында 463 үй бар. Негізгі қоныстанушылар – Моңғолия мен Қытайдан көшіп келген оралмандар.

Ауылдағы пешсіз үйлер электр қуатымен жылытылады. Қысы ұзақ, әрі суық өңірге оралман ретінде қоныстандырылған Шығыс ауылының тұрғындары өздеріне несиеге берілген бұл үйлердегі тиімсіз, шығыны көп жылу жүйесіне қатысты үнемі арыз-шағым айтып келеді. Шығыстықтар үйлерін төңіректеріндегі басқа да ауыл тұрғындары құсап жай пеш салып, көмірмен арзанға жылытқысы келеді. Бірақ әу бастағы жоспарлауға сәйкес қала үйлері сияқты электр қуатымен жылитын болып салынған баспаналар көпшілігі жұмыссыз оралмандардың жыл сайынғы қарызын ұлғайтып тұр.

42 МИЛЛИОН ТЕҢГЕЛІК ҚАРЫЗ

Шығыс ауылының Бекен есімді тұрғыны пеш орната алмаса да, үйінің сыртын қаптап алғанын, мұның ешбіріне шамасы келмегендер әлі суық үйде отырғандарын айтады. Бекеннің сөзінше, «ауылда жағдай да жоқ – біраз адам ғана мектеп пен балабақшада жұмыс істейді, қалғандары қалаға барып көтерме жұмыс жасайды».

Ауылдың енді бір тұрғыны энергияға жұмсалған қаржы өткен жылғыдан аз екенін айтып қуанды.

"Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша салынған үйдің көгеріп кеткен едені. Шығыс Қазақстан облысы, қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
"Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша салынған үйдің көгеріп кеткен едені. Шығыс Қазақстан облысы, қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
«Биыл қыс жылы боп тұр ғой. Қазір светке ай сайын 20 мың теңге шығады. Өткен жылы қыс қатты болып, ай сайын 30-40 мың теңге жұмсаған едік» дейді аты-жөнін айтпауды өтінген ауыл тұрғыны Азаттық тілшісіне.

Былтыр қыста үйлерін электр қуатымен жылытқан Шығыс тұрғындары энергетиктерге 42 миллион теңге қарыз болған еді. Қарыз өтелмеген соң ауылға электр қуаты берілмей қойған. Оған ауылдың 300-ге жуық тұрғыны наразылық білдіріп, 2013 жылы мамырда облыс әкімімен жолығуға жаяу жолға шыққан. Тұрғындарды Ертіс өзенінен өтетін көпір аузында полиция тоқтатып, олармен кездесуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келген. Әкім одан бұрынғы екі жылда да «қалалық бюджеттен 80 миллион теңге төлеп, бұл кісілердің қарыздарын жауып бергендерін» айтып, «бұл жолы әркімнің жағдайына қарай отырып мәселені шешуге» уәде еткен.

Аты-жөнін айтпауды өтінген Шығыс тұрғынының сөзінше, жұмыс тобы тексеру жүргізгенімен мәселе шешілмеген, «тұрғындар былтырғы 42 миллион теңге қарызды жылу компаниясына әлі төлеп бітпеген».

«Басында бәрін қалпына келтіретіндей болып уәдені үйіп-төккен еді. Кейін сиырқұймышықтатып барып жоқ қылды. Қазір 20 шақты үй ғана пеш орнатып алды. Қалғандарымыз әлі сол тоқпен отырмыз» деді ауыл тұрғыны.

Азаттық тілшісінің «Сіздер неге пеш салып алмадыңыздар? Рұқсат берілмеді ме әлде мүмкіншіліктеріңіз жоқ па?» деген сауалына:

«Рұқсат беруін берді ғой. Бірақ пеш қою үшін үйдің ішкі планын өзгертіп, қайта жасақтау керек. Оған бәріміздің шамамыз келе бермейді. Бұл жердегілердің көбісі тұрақты жұмыс істемейді. Істеген күннің өзінде жалақылар мардымсыз» деп жауап берді тұрғын.

«463 ҮЙДІҢ 15-ІНДЕ ПЕШ БАР»

Азаттық тілшісі істің мән-жайын Шығыс ауылындағы жергілікті өзін-өзі басқару комитеті директорының орынбасары Амантай Бақыттан сұрады.

«Шығыста барлығы 463 үй бар. Соның 15-іне пеш салынған. Яғни 14-і өз күштерімен пеш орнатса, қалған біреуіне тұрмыс-жағдайы нашар болғандықтан облыс әкімшілігі пеш қойып берді» дейді Амантай Бақыт.

Ол демеушілердің көмегімен 80 үйге, халықтың өз күшімен 121 үйге жөндеу-жылылау жұмыстары жасалғанын айтты.

«Былтырғыдай емес, светтің ақшасы биыл айына 15-20 мың теңгеге шығып тұр. Ал алдыңғы жылы ақпан айларында ақшалары 40-50 мың теңгеге дейін шығып кеткен болатын. Биыл жылылау жұмыстарын жүргізгеннен кейін үйлердің жылу ұстауы жақсы» деді жергілікті өзін-өзі басқару комитетіің өкілі.

"Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша салынған Шығыс ауылы. Сурет Шығыс Қазақстан облысы ресми сайтынан алынды.
"Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша салынған Шығыс ауылы. Сурет Шығыс Қазақстан облысы ресми сайтынан алынды.
​Азаттық тілшісі Шығыс ауылындағы мәселеге қатысты облыс әкімшілігіне де хабарласты. Әкімдіктің баспасөз қызметінің Дамир есімді өкілі облыстық төтенше жағдайлар комитетінің рұқсатымен Шығыстағы үйлерге пештер салынғанын хабарлады.

Ал «ауыл тұрғындарының 2009 жылдан бергі қарыздары қалай өтеліп жатыр» деген сұраққа ол: «Шығыс ауылының бұрынғы қарыздарын облыс әкімшілігі бюджеттен арнайы қаржы бөліп жапты, ал кейінгі қарыздарды (42 миллион тенгені – ред.) тұрғындардың өзі бөліп-бөліп төлеп жатыр» деді.

Шығыс ауылындағы үйлердің сапасы нашар екені, қыс түскенде суып кететіні бұған дейін де сөз болған еді. Бұл үйлерді салған фирма басшысы 2013 жылы қарашада «мемлекет қаржысын тиімсіз пайдаланып, құрылыс жұмыстарынан кейін анықталған кемшіліктерді жоймағаны үшін» қамауға алынған. Оның жауапқа тартылатынын облыс әкімінің ауыл тұрғындарымен өткізген кездесуінде облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов мәлімдеген.

Шығыс Қазақстан облысы – шетелден соңғы жылдары көшіп келген оралмандар көп қоныстанбайтын өңірлердің бірі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанынан құрылған көші-қон комитетінің дерегінше, бұл облысқа 2011 жылы – 2979, 2012 жылы – 2463, 2013 жылдың тоғыз айында 946 оралман қоныстандырылған.
XS
SM
MD
LG