Accessibility links

Қазақстан мен Ресей біртұтас әуе қорғанысын құрмақ


Әуе шабуылынан қорғаныс жаттығуы. Ар жақта тұрған - С-300 зениттік зымыран кешені. Беларусь, 24 қыркүйек 2009 жыл.
Әуе шабуылынан қорғаныс жаттығуы. Ар жақта тұрған - С-300 зениттік зымыран кешені. Беларусь, 24 қыркүйек 2009 жыл.
Шілденің 11-і күні Қырғызстанда әуе қорғанысы жөніндегі үйлестіру комитетінің отырысы өтті. Ресей мен Қазақстанның аймақтық біртұтас әуе қорғанысы жүйесін құру келісіміне 2013 жылы қол қоятыны да осы жиында белгілі болды.

Отырысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Армения, Беларусь, Украина, Ресей қорғаныс министрліктерінің өкілдері қатысты.

– Әуе қорғанысын біріктіру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Қазір құжаттарға қатысты өзара келісімдер жүріп жатыр. Аймақтық біртұтас әуе қорғанысы жүйесін құру туралы келісім-шартқа келесі жылы қол қоямыз, – деді Қазақстан қарулы күштері әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы Нұржан Мұқанов.

Бұл мәліметті Қазақстан әуе қорғаныс күштері әскери штабының бастығы полковник Серік Исмаилов та растады.

– Бұл – келісім-шарт емес, өзара келісімнің жобасы. Оған қатысты біздің ұсыныстарымызды алған. Ал оның дәл қазір қандай жағдайда екенін айта алмаймын, – деді Серік Исмаилов шілденің 11-і күні Азаттық тілшісіне.

«БІРІККЕН» МЕН «БІРТҰТАСТЫҢ» АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал-майор Валерий Сапсайдың ойынша, «біріккен әуе қорғанысы» мен «біртұтас әуе қорғанысы» жүйелерінің ара-жігін ажыратып алу керек.

– 1990 жылы қол қойылған ТМД елдерінің біріккен әуе қорғанысы жүйесі ұлттық
Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал-майор Валерий Сапсай. Алматы, 9 мамыр 2012 жыл.
Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал-майор Валерий Сапсай. Алматы, 9 мамыр 2012 жыл.
жүйелер арасында өзара ақпарат алмасуды көздейді. Ал Қазақстан-Ресей арасындағы біртұтас әуе қорғанысы жүйесі бір ғана командалық орталықтан (сірә, Мәскеуден) басқарылса керек. Ол жерден екі ел президенттерімен немесе әуе кеңістігіне қауіп төнген елдің президентімен келісіліп, нысананы жою туралы, бұйрық жедел түсіп тұруы тиіс, – деді генерал-майор Валерий Сапсай.

Қазақстан қарулы күштері әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы Нұржан Мұқанов 11 шілде күнгі сөзінде «2013 жылы Қазақстанға әуе шабуылына қарсы қолданылатын ресейлік С-300 зениттік зымыран кешенінін жеткізу мәселесі де шешіледі» деген еді.

Валерий Сапсайдың айтуынша, қазір Ресейде тактикалық-техникалық сипаттамасы жағынан С-300-тен әлдеқайда озық С-400 зениттік зымыран кешені қолданылады.

«МҰНДАЙ ОДАҚ ҚАЖЕТ»

Запастағы генерал-майор, Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Әмірбек Тоғысов екі ел арасында мұндай біртұтас қорғаныс жүйесін құруды қолдайды.

- Қазір Қазақстанда нысана дәл тигізу мүмкіндігі мол әуе қаруы мен зымыран
Запастағы генерал-майор Әмірбек Тоғысов.
Запастағы генерал-майор Әмірбек Тоғысов.
жүйесі жоқ. Бізде әзірге тек С-300 ғана бар, ал Ресейде ең жаңа әрі сенімді С-400 зымыран комплексі бар. Біздің шекарамыз өте кең екендігін, ал әуе қорғанысының құрамы, оның ішінде зымыранды қаруымыздың санын ескерсек, мұндай одақ қажет, – деді Әмірбек Тоғысов.

Қазақстан қарулы күштері өкілі біртұтас қорғаныс жүйесі келісімі бойынша Ресейдің Қазақстанға «тек кеңес беріп, соңғы технологиялармен бөлісу» міндетін мойнына алатынын айтқан.

– Әуе қорғанысы жүйесіне кімнің басшылық жасауы, нысананы анықтауда ақпараттың ашықтығы деген секілді сұрақтар негізге алынуы керек. Әрине, шекараны бірге қорғауымыз керек, бірақ біздің шекарада негізгі билік Қазақстанда болуы тиіс. Ресей тек қана техника мен кеңес беруші болғаны жөн. Әйтпесе тәуелсіздігімізді жоғалтып аламыз, – деді запастағы генерал-майор Әмірбек Тоғысов.

Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Қырғызстанда өткен жиында ресейлік полковник Владимир Дрик өз елінің «Беларусьпен жеке, Армениямен жеке, Қазақстанмен жеке зымыран шабуылынан қорғанатын аймақтық жүйе құру келісімін жасайтынын» айтқан.
XS
SM
MD
LG