Accessibility links

«Қазақша білетін маман Омбыдағы компанияларға да керек»


Ресей қазағы Жанат Бекмағамбетов (ортада). Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Ресейдің Омбы облысындағы қазақ азаматы қазір мектепте ана тілі қосымша оқытыла бастағанын айтады. Оның сөзінше, жергілікті кәсіпкерлер де қазақ тілін үйренгісі келеді.

Ресейдің Омбы облысындағы қазақ мәдени орталығының президенті Жанат Бекмағамбетов 1975 жылы сол өңірде дүниеге келген. Он шақты жыл полицияда қызмет еткен, кейін жеке кәсіппен шұғылданған азамат қазір қоғамдық жұмыспен айналысады, қазақ және орыс тілдерінде «Жас жұбайлар» атты журнал шығарады.

Жанат Бекмағамбетов Азаттық тілшісімен сұхбатында Омбыдағы қазақ тілінің ахуалы туралы айтты.

Азаттық: – Сізді жерлестеріңіз сыртыңыздан «Омбыдағы қазақ жастары арасынан шыққан алғашқы депутаттыққа үміткер» деп таныстырды. Ол аймақта сізден кейін саясатқа қызыққан жастар бар ма?

Ұлттар мәдениеті фестивалінде отырған Ресей қазақтары. Ресей, Омбы, 24 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Ұлттар мәдениеті фестивалінде отырған Ресей қазақтары. Ресей, Омбы, 24 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Жанат Бекмағамбетов: – Омбыдағы қазақтар арасынан саясатқа ынта білдірген және кейінгілерге жол көрсеткен жалғыз адаммын. Бір рет депутаттыққа үміткер болып көрдім. Сенсеңіз, бұл – өте қиын жұмыс. Содан кейін денсаулық, білім және мәдениет саласына қатысты жұмыстармен айналысуды жөн санадым. Ал кейінгі жастар маған қарайды. Бізде саясатқа араласқысы келетін жастар өте аз, бірақ бастамашыл жастар шыға бастады.

Азаттық: – Ресейдегі қазақтар көп әрі Қазақстанмен шекаралас Омбыдағы қазақ тілінің жағдайы қандай?

Жасым 42-ге келгенде қазақ тілін енді-енді үйреніп жатырмын. Өйткені жастық шағымда қазақ тілі бізде тек «алып кел», «алып кет» деген секілді «ас үйдің» тілі ретінде қолданылды.

Жанат Бекмағамбетов: – Жасым 42-ге келгенде қазақ тілін енді-енді үйреніп жатырмын. Өйткені жастық шағымда қазақ тілі бізде тек «алып кел», «алып кет» деген секілді «ас үйдің» тілі ретінде қолданылды. Мектепте мүлдем оқытылмады. Сол себепті қазір біз мектепте кәсіби мамандардың оқытуын қолға алып жатырмыз. Мәселен, биыл қаладағы 130-мектептің жоғарғы сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Өйткені бізде қазір қазақстандық компаниялармен стратегиялық қарым-қатынаста жұмыс істеп жатқан компаниялар бар. Оларға қазақ тілінде құжаттар толтыратын мамандар қажет.

Азаттық: – Сіз басқаратын қазақ мәдени орталығы тіл үйретуге байланысты қандай жұмыс атқарып жатыр?

Жанат Бекмағамбетов: – Дәл қазіргі сәтте Омбы қазақтарының мәдени орталығы тіл үйренуге байланысты жұмыстармен айналысып жатыр. Қазір біз мектепте тіл үйренуге қатысты екі жобаны қолға алып жатырмыз. Мектепте біздің оқытушыларға арнайы штат енгізіліп, директор өзі қадағалап отыр. Оларға білім департаментінен жалақы төленеді.

Жанат Бекмағамбетовтің жергілікті сайлау кезіндегі насихат плакаты. Сурет жеке мұрағаттан алынды. Омбы, 2016 жылдың қыркүйегі.
Жанат Бекмағамбетовтің жергілікті сайлау кезіндегі насихат плакаты. Сурет жеке мұрағаттан алынды. Омбы, 2016 жылдың қыркүйегі.

Өйткені ақылы түрде курс ашқаныңмен, халық бәрібір келмейді. «Ақша жоқ» дейді, ал тегін ашсаң, «уақыт жоқ» деп шығады. Мәдени орталықтың жетекшісі ретінде менің өзім де мектеп оқушыларымен бірге тіл үйреніп жүрмін.

Тек оқушылар ғана емес, көптеген кәсіпкерлер де қазақ тілін үйренгісі келеді. Өйткені Қазақстан бізбен шекаралас мемлекет болғандықтан арадағы алыс-беріс те жиі болып тұрады. Олар Қазақстаннан келген азаматтармен өз тілдерінде еркін сөйлескісі келеді.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG