Accessibility links

Террорға қарсы заңның даулы тұстары


Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекте тұрған адамдар. Алматы, 2017 жылдың қаңтары. (Көрнекі сурет)

Қазақстан ішкі істер министрлігі жедел-профилактикалық шаралардың жетістіктері жайлы рапорт беріп жатыр, ал қоғамда «террорға қарсы түзетулерді» қолдану практикасын сынайды. Кейбіреулер заңдарға енгізілген жаңа нормаларды тіпті минаға теңейді.

Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заңдарға енгізілген жаңа нормаларда азаматтарды уақытша тіркеуден бөлек,азаматтық, қызметтік қару-жарақ пен оқ-дәрі айналымы саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерін мемлекет тарапынан бақылауды күшейту және күзет қызметін жетілдіру, «арнайы операция» өткізу кезінде байланысты өшіру мүмкіндігі сияқты шаралар қарастырылған.

Жаңа жыл мерекесінен бір апта өткеннен кейін «террорға қарсы нормалар»күшіне енгені сол еді, қоғамда оларды қолдану тәртібіне қарсы наразылық күшейді. Кей сарапшылар «бұл - әлгі түзетулерге қилы себеппен еніп кеткен «миналардың» жарылуы» дейді.

ЗАҢДАҒЫ «МИНАЛАР»

Ел азаматтарын уақытша тіркеу ережелерін қолдануды бастау халықтың ашу-ызасына ұласты. «Уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұрмағаны үшін айыппұл салып жатыр» деген хабарламалар тарағаннан кейін әлеуметтік желілерде наразылық күшейді. Полиция ережелерді енгізу тәртібін жұмсартуға тырысып, кешірім сұрады. Бірақ қоғамдық резонанс күшейе түсті. Елдегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) көбінде ұзақ-сонар кезектер пайда болды. Алматы облысында ХҚКО-да кезекте тұрған 60 жастағы ер адамның қайтыс болғаны туралы хабар тарады. Халық наразылығына үкімет деңгейінде назар аударылып, премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты «ақпараттық жұмыс нашар жүргізілген» деп сынады.

Парламентте заң жобасын қоғамдық тыңдауға қатысқан белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтистің Азаттыққа айтуынша, уақытша тіркеуге қатысты міндетті норма жұмыс күшінің ауылдан қалаға ағылуы негізгі тенденциясы саналатын ішкі миграцияның табиғи процесіне қайшы. Оның сөзінше, заңдағы өзгерістер ішкі табиғи көші-қон процестері мен бір қаладан өзге қалаға көшу немесе бір қала ішінде уақытша мекенжай ауыстыру процестерін бұзады.

Халыққа қызмет көрсету орталығындағы адамдар. Алматы, 2017 жылдың қаңтары.
Халыққа қызмет көрсету орталығындағы адамдар. Алматы, 2017 жылдың қаңтары.

Жовтис «Мысалы, әйелімен керісіп қалған адам досының үйінде уақытша тұруы мүмкін. Ал досы оны кіргізгенімен, тіркеуге қойғысы келмейді. Мұндай жағдайда не істеу керек, досыңды қуып шығасың ба?» деген сұрақ қояды.

ЗАҢДЫ КҮШЕЙТУДІҢ КЕРІ ӘСЕРІ

Қоғамдық тыңдауға қатысқандардың бірі, саясаттанушы Марат Шибутов қару-жарақ сататын дүкен иелеріне қару-жарақты сақтау тәртібін күшейту қажеттігіне байланысты салынатын қосымша шығындарды террорға қарсы қабылданған түзетулердегі «баяу іске қосылатын минаға» балайды. Ұялы байланыс операторларының да қосымша шығындануына тура келеді, өйткені ақпаратты сақтау және өңдеуге қойылатын жаңа талаптарға сәйкес, олар қымбат құрал-жабдықтар сатып алуға мәжбүр болады. Саясаттанушының Азаттыққа айтуынша, заңның мұндай ережелері халықтың кей топтарының сөзсіз наразылығын тудырады.

Евгений Жовтис түзетулердің жазаны күшейтуге бағытталуын террорға қарсы түзетулер туралы заңның концептуалдық кемшілігі санайды. Жовтистің айтуынша, жаза түрін өлім жазасына кесуге дейін күшейтудің терроризммен күреске еш қатысы жоқ, өйткені өмірін құрбан етуге арнайы дайындалған шахидтер пайда болғаннан кейін өлім жазасымен қорқытудың мәні жоғалған. Оның сөзінше, заңдағы басты нәрсе - жазаны күшейту емес, қылмыскердің жазасыз қалмайтыны болуы тиіс.

Бұған қоса, Жовтис діни құқық, еркіндікті шектеуді де террорға қарсы түзетулердің үлкен кемшілігі санайды. Ол ел аумағына діни әдебиетті бір данадан артық әкелуге болмайтын талапты бұған мысал ретінде келтіреді. Оның сөзінше, өзіне қажет әрі елге әкелуге рұқсат етілген әдебиетті бір-бір кітаптан әкелу үшін шетелге бірнеше рет баруға жұрттың көбінің мүмкіндігі жоқ.

Ақтөбедегі қару-жарақ сататын "Пантера" дүкені шабуылдан соң мылтықтардың макетін ғана қалдырған.
Ақтөбедегі қару-жарақ сататын "Пантера" дүкені шабуылдан соң мылтықтардың макетін ғана қалдырған.

Оның сөзінше, діни жиындарды тек діни орындарда ғана өткізуге рұқсат беру адамның діни ғана емес, азаматтық құқық, еркіндігін де шектеу болып саналады. Жовтистің айтуынша, заңда діни және өзге жиындардың айырмашылығы қарастырылмаған, сондықтан енді атеистердің рұқсатсыз өткізген, мысалы, дүниетаным тақырыбындағы «отырысы» рұқсат етілмеген діни жиын ретінде жазаланатын болады.

ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ «ПАЙДАСЫ»

Заңдарға енгізілген «террорға қарсы» өзгерістерге қатысты жағымсыз реакция тұсында, яғни қаңтардың 11-і күні ішкі істер министрлігі (ІІМ) 2016 жылғы қыркүйектің 1-інен бастап жыл аяғына дейін жүргізілген профилактикалық жұмыс нәтижелері туралы ақпарат таратты. Әлгі ақпаратқа сәйкес, жеке меншік үйлер мен жалға алынған пәтерлерді аралау нәтижесінде 27 мыңнан аса көші-қон туралы заң талаптарын бұзу фактісі, салық органдарында тіркелмеген 18 мың пәтер анықталған.

«Бұдан бөлек, әкімшілік учаскелерді аралау кезінде полицияның учаскелік инспекторлары тиісті орындарға жедел назар аударуды қажет ететін тұлғалар туралы 4 495 ақпарат жолдады. 608 қылмыскер мен хабар-ошарсыз жоғалған 499 адам табылды. Заңсыз айналымда жүрген 390 атыс қаруы, оның ішінде оқпаны иір ойықты 32 қару тәркіленді» деп хабарлайды ІІМ.

ІІМ-ге қарасты көші-қон полициясы бастығы Серік Сайынов «Информбюро» бағдарламасына берген сұхбатында халықты тіркеу азаматтардың құқығын қамтамасыз етіп, жағымсыз зардаптармен күресу үшін енгізілгенін айтқан еді. «Адам терроршы немесе қылмыскер болып туды деп ешкім айта алмайды, бірақ оны біреулер азғырады. Есесіне біздің қолымызда оның қайда тұрғаны туралы мәлімет бар. Тіркеусіз тұрғаны үшін жауапкершілік қарастырылған, баспана иелері пәтер жалдаушыларды тіркеуге қоятын болады. Мүмкін бір адам келіп, тіркеуге тұрады, ал ол үйде бір топ терроршы бомба әзірлеп жатуы мүмкін. Бір адам туралы ақпарат болса, жедел-іздестіру шараларын жүргізу оңайлайды» деп санайды ол.

Бірақ жаңа заңға байланысты наразылық бәсеңдер емес. Парламентте қоғамдық тыңдау өткенімен, адвокат Джохар Өтебеков оны қабылдаған кезде жұртшылық пікірі ескерілген жоқ деп санайды.

Алматының орталық алаңында тұрған полицейлер. (Көрнекі сурет)
Алматының орталық алаңында тұрған полицейлер. (Көрнекі сурет)

- Олар бірді-екілі сарапшыны бірер рет шақырды, бірақ жобаға нақты қандай түзетулер енгізілгенін оларға хабарламаған, - дейді Джохар Өтебеков Азаттыққа. Бұған қоса, оның дерегінше, үкіметтен түскен террорға қарсы түзетулер жобасын парламент депутаттары тіпті күшейткен.

Жуырда ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов өткен жылы маусымда Ақтөбеде жасалған қарулы шабуылға байланысты жарияланған террорлық қауіп-қатердің "сары" деңгейі қаңтардың 16-сынан бастап жойылатынын хабарлады. Ақтөбедегі шабуылдан соң бір айдан кейін 26 жастағы Руслан Күлекбаев Алматыдағы полиция кеңсесі мен ҰҚК департаменті ғимараты жанында 10 адамды атып өлтірді. Әлгі оқиғалардан кейін «Кейбір заң актілеріне экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Оған ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылғы желтоқсанның 22-сі күні қол қойған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG