Accessibility links

Жоғарғы сот "Тасжарғанның" апелляциялық шағымын қарауды кейінге қалдырды


6 тамыз күні Жоғарғы соттың қадағалау алқасы қолдарындағы құжатта меншік иесі дұрыс көрсетілмеген деген желеуді алға тартты. Бұған орай «Тасжарғаның» бас редакторы Бақыткүл Мәкімбай АҚШ-та «Қазақгейтке» қатысты сот басталар алдында билік газетті мейлінше шығармауға тырысып жатыр деп баға береді.

Астанаға жан-жақтағы облыстардан әдейілеп келген «Тасжарған» газетінің оқырмандары көп тұрақтамай, ауылдарына қайтуға мәжбүр болды. Себебі, Жоғарғы соттың қадағалау алқасы «Тасжарған» газетінің апелляциялық шағымын қарауды белгісіз мерзімге кейінге қалдырды. Қадағалау алқасының төрағасы Анатолий Смолин сотқа жауап беруге келген газеттің бас редакторы Бақытгүл Мәкімбайдың қолындағы сенімхатты негізсіз деп тапты.

Анатолий Смолиннің айтуынша, сенімхат газеттің «бас оқырманы» болып келген Ермұрат Бапидікі. Ал Жоғарғы сотқа ұсынылған құжатта, «Тасжарғанның» меншік иесі - Қарлығаш Бисалиева деп көрсетілген екен.

Алайда, жауап беруші Бақытгүл Мәкімбай үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап газеттің меншік иесі өзгергенін, «Тасжарғанның» негізгі заңды иесі Ермұрат Бапи болғанын айтты.

Дегенмен, Жоғарғы соттың қадағалау алқасы Бақытгүл Мәкімбайдың уәждері құжатта көрініс таппаған деп, істі қарауды белгісіз мерзімге кейін шегерді.

Ал «Тасжарған» газетінің бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай Азаттық радиосына берген сұхбатында, Жоғарғы соттың Ермұрат Бапидың атынан әкелінген сенімхатты назарға алмауы - саяси қудалауға түскен басылымды қайта шығармау үшін жасалынған әрекет деп бағалайды.

- «Тасжарған» саяси қудалауға түскен басылым. Жоғарғы сот «егер тез шешім шығарсақ, олар газетті қайтадан шығара қояды» деп әдейі созып отыр. Оның үстіне мен айтудан қорықпаймын, 18- қыркүйекте АҚШ-та атышулы «Қазақгейт» ісіне қатысты сот басталады. Сот барысы жайында «Тасжарған» газетінің жазатыны белгілі, - дейді Бақытгүл Мәкімбай.

Бақыткүл Мәкімбайдың Жоғарғы соттың Ермұрат Бапидың сенімхатын назарға алмауына да айтар уәжі бар.


-Алматы қаласының қадағалау сотында Ермұрат Бапидан сіз қалай директор болдыңыз деп сұрағанда, адвокаттар тиісті құжаттардың барлығын іске тіккен. Қазақстандағы сөз бостандығына қысым жасайтын осындай саяси жүйеге қарамастан, Жоғарғы сотқа үміттеніп едік. Енді оладың бет алысын түсіндік. Біз таяу арада «Дат» жобасының басқа газетін жарыққа шығарамыз, - дейді Бақытгүл Мәкімбай.

Жоғарғы соттың баспасөз-қызметінің өкілі Азаттық радиосына « басылым заңгерлері құжаттарды әзірлегенде кәсіби деңгейде, асқан мұқияттылықпен қарағаны дұрыс болар еді, әңгіме бұл жерде құжаттарға салдыр-салақ қарау туралы болып отыр» деді

Осыған дейін Алматы қалалық сотының қадағалау алқасы «Тасжарған» газетіне қатысты істі сотқа беруші мәжіліс депутаты Ромин Мадиновтың мүддесіне шешіп, «Тасжарғанда» 2008 жылғы 24 сәуірде жарық көрген «Байғұс латфундист» мақалада депутаттың ар-намысына нұқсан келтірілгені үшін газетке 30 миллион теңге айыппұл салған еді.

Алайда, басылым сот шешіміне нарызылық білдіріп, Жоғарғы соттың қадағалау алқасына шағымданған болатын.

XS
SM
MD
LG