Accessibility links

"Қазатомөндірістің" жобаларды игерудегі табысы туралы әлемдік баспасөз жаза бастады


Қазақстан әлемдегі ең ірі уранмен қамтамасыз етуші ел мәртебесіне қосымша, өңделген әрі қолданылуға даяр ядролық отын мен реакторлық технологияларды экспорттаушы мемлекетке айналу үшін маңызды шаралар қолданып жатыр деп жазады кейбір батыстық басылымдар.

ЯДРОЛЫҚ ЖАРЫЛЫСТАР ЕЛІНЕН АТОМДЫҚ ОТЫН ӨНДІРУШІ ЕЛГЕ

«Платц» сайтының хабарлауына қарағанда, Қазақстан биылғы жылдың бірінші жартысында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда уран өндіру көлемін 57 пайыз мөлшерінде арттырған. Бұл туралы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының өкілдері сәрсенбі, тамыздың 12 жұлдызында ресми түрде мәлімдеген. Мұндай өндірістік қарқын осы жылдың аяғында елдің қолын уран өндіру бойынша дүниежүзілік жетекші ел деген мәртебеге жеткізуі тиіс деп жазады сайт.

Биылғы жылдың бірінші жартысында уран өндірудің жалпы көлемі 6 мың тоннадан асып кеткен, ал осы жылдың екінші жартысында Қазақстанда қосымша 8 мың тонна уран өндірілмекші. Бүгінгі күні Қазақстан әлемде уран өндіру көлемі бойынша Австралияны сәл артқа тастап, Канаданы алдына салып, екінші орында келеді. Шетелдік компаниялармен «Қазатомөнеркәсіптің» тізе біріктіруі арқылы ұйымдастырылған біріккен кәсіпорындар қазіргі уақытта жаңа уран кеніштерін игеру ісіне белсене кірісіп жатыр.

Орталық кеңсесі Лондонда орналасқан «Дүниежүзілік ядролық ассоциациясының» (World Nuclear Association) мәліметіне қарағанда, Қазақстан былтыр 8 521 тонна уран өндірген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 28 пайыз мөлшерінде артық. Егер «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы биыл өзінің 14 мың тонна уран өндіру туралы алға қойған мақсатына қол жеткізе алса, онда бұл оның жылдық кен өндіру көлемін 40 пайыз мөлшерінде көбейте алғанын білдіретін болады әрі компанияның бүкіл дүниежүзі бойынша уран өндіру саласындағы жетекші фирмаға айналғандығының айғағына айналмақшы. Өткен жылы Канада 9 мың тонна уран өндірсе, Австралия бұл кеннің 8 430 тоннасын өндірген еді дейді сайт.

«ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» ЕНДІ АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯЛАРЫН САЛУМЕН АЙНАЛЫСПАҚ

«Уорлд ньюклиэр ньюс» сайты да «Қазатомөнеркәсіптің» уран өндіру бойынша өзінің алға қойған жартыжылдық мақсатын биылғы жылдың бірінші жарты жылында 9 пайыз мөлшерінде асыра орындағанын жазады. Компания қазір Қаратау маңында уран шикізатын өңдеу зауытын салып жатыр. Сонымен қатар, Қазақстанда күкірт қышқылын өндірумен айналысатын екі зауыт салынуда, ол уранды шахталарда жерастылық сілтіден айыру әдісі бойынша өндіруге мүмкіндік береді.

Биылғы жылдың бірінші жартысында Жаңақорған маңында салынуға тиіс зауытты жобалау жұмыстары аяқталды. Құны 216 миллион доллар тұратын бұл зауыт 2011 жылдан бастап жұмыс істей бастамақшы. Степногордағы уран өндіру зауытының қажетін өтеу үшін Италиядан әкелінетін өндіріс жабдығы құрастырылып болып, қазір Қазақстанға жөнелтілуге даяр тұр деп хабарлайды «Уорлд ньюклиэр ньюс».

Канаданың «Камеко» компаниясы мен «Қазатомөнеркәсіп» 2008 жылдың маусым айында біріккен «Үлбі Конверсия» деп аталатын кәсіпорын құрғанын жария еткен болатын. Бұл кәсіпорын уранның алтыфторлық қоспасын (уран гексафторидін, UF6) өндірумен айналыспақ әрі оның өндірістік қуаты жылына 12 мың тонна уран гексафторидін өндіруге пара–пар болмақ.

«Қазатомөнеркәсіп» аталған кәсіпорынның 51 пайыздық үлесін иемденсе, ал «Камеко» - 49 пайыздық үлесіне иелік етіп отыр. Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» пен Францияның «Арева» компаниясы бірігіп, «Катко» атты біріккен кәсіпорын құрған еді, бұл компанияны бақылау үлесі аталған екі құрылтайшы фирма арасында тиісінше «49 – ға 51 пайыз» мөлшерлемесі бойынша бөлінген.

«Катко» 2039 жылға дейін жылына 4 мың тонна уран өндіріп отырмақ әрі келісімшарт бойынша өндірілген уранды сату ісі толығымен тек «Арева» компаниясының үлесінде болады. Аталған біріккен кәсіпорынды құру туралы құжатқа осы жылдың күзінде Франция президенті Никола Саркозидің Қазақстан Республикасына жасалатын ресми сапары кезінде қол қойылады деп күтілуде. Сайт таратып отырған ақпаратқа қарағанда, «Қазатомөнеркәсіп» Жапония, АҚШ әрі Қытайдың атом реакторларында қолданылуы тиіс отын түйіршіктерін де сынақтан өткізумен айналысуда.

Қазақстан мұның сыртында, халықаралық ядролық реакторларды жобалау мен салу бизнесінде де өзінің бағын сынап көрмекші дейді «Уорлд ньюклиэр ньюс» сайты. «Қазатомөнеркәсіп» басшыларының айтуынша, Ресей фирмаларымен біріге отырып іс жүзіне асырылған «VBER-300» реакторын жобалау ісі сәтті аяқталған. Бұл реактор Ақтау қаласындағы ядролық нысанда қолданылмақшы.

Онлайн-басылымның хабарлауынша, реактор конструкциясын «Қазатомөнеркәсіп» келер жылдары халықаралық нарықтарда саудаға қойып, сатумен айналыспақ. Сайт сонымен қатар, «Қазатомөнеркәсіптің» қытайлық Гуандунь ядролық – энергетикалық корпорациясымен (CGNPC) осы жылдың көктемінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғанын айтады. Аталған құжатта екі компания мақсаты – Қытайда атом электр станцияларын салумен айналысатын біріккен кәсіпорын құру екендігі айтылған.

Қазір «Қазатомөнеркәсіп» аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін жүргізіп жатыр, бұл жұмыс біткен соң, компания жобаны іс жүзіне асыруға қатысты нақты шешімдер қабылдайтын болады деп атап көрсетеді сайт.

РЕСУРСТАР ҮШІН АЙҚАС

Жапонияның танымал сауда үйі «Сумитомо» «Қазатомөнеркәсіп» компаниясымен сирек кездесетін лантаноид металдарын жеткізу жөніндегі келісімшартқа қол қойды деп хабарлайды «Таймс» басылымы. Сирек кездесетін лантаноид металдары экологиялық таза пайдалы қазба байлығы болып саналады, бұларды әлемдік нарықта сату бүгінгі күні толығымен Қытайдың монополиялық иелігінде боп отыр. Бұл металдар қоршаған ортаға залалсыз заттарды өндіруде кеңінен қолданылады, мысалы, (электр энергиясын өндіретін) жел турбинасын жасауда.

«Сумитомо» «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы ядролық кешендерінің маңында өңдеу зауытын салмақ ниетте, себебі «Қазатомөнеркәсіп» өндіретін уран кені лантаноид металының бай көзі болып табылады. Қазақстанда, сонымен қатар, ауыздың суын құртатындай көп мөлшерде совет үкіметі кезінде қазылып, қазір иесіз, иен қалған уран кен орындары жетерлік, деп жазады газет. Аталған кеніштерге қол жеткізу үшін келешекте Жапония мен Қытай өзара қатты бәсекеге түсіп, белдесіп кетуі ғажап емес.

Басылымның айтуынша, «Сумитомо» қол қойған келісімшартқа жауап ретінде Бейжің өш алу шарасын қолдануы мүмкін. Қытай лантаноид тәрізді сирек кездесер металдарды саудалаудың дүниежүзілік нарығында өзінің монополиясына қауіп төндіруі мүмкін кез-келген әрекет пен келісімшарттың алдын алып, болдырмауға тырысады.

Бүгінде аталған металдың бүкіл әлем бойынша өндірісінің 98 пайыздайы Қытай үлесіне тиесілі. Бұл ахуал мүдделі компаниялар мен үкіметтер тарабынан Қазақстанның совет кезінде пайдаланылып, қазір иен жатқан уран кен орындарына қарай бағытталған «алтын безгегі» көшін тудыруы мүмкін. Токиодағы сарапшылар пікірінше, енді қазба байлық қорлары үшін қақтығыстың өршуі сөзсіз.

Дүниеде электр аутомобилі заманының күні туып келеді, бүкіл әлем бойынша үкіметтер мен тұтынушылар оны қарсы алуға даярланып жатыр, алайда бұл заманның келуі пайдалы қазбаларды жеткізіп беруге тәуелді боп қалып отыр деп атап көрсетеді басылым.

Сирек кездесетін металдар тобы қатарына «лантаноид» деп аталатын 14 пайдалы қазба байлығының түрі енеді, олар экологиялық таза технологияның әрбір түрін өндіру үшін керекті боп саналады: бұлар аталған таза өнімдерді жасауда кеңінен қолданылады – күн панелдері мен үнемді электр шамдарынан бастап гибридті мотор мен жел турбиналарын өндіруге дейінгі істердің бәрінде лантаноидтар ауадай қажет. Бұл металдар магнетизмінің қуаты күшті, сондықтан олар электр аутомобильдерінде қолданылатын салмағы жеңіл әрі арзан электр моторларын жасауда пайдаланылады.

Осы металдардың ең маңызды екі түрі болып табылатын неодим и диспрозийдің бай кеніштері Қазақстан жерінде жатыр деп жазады «Таймс». Өткен он жыл бойы, әр жылда «Тойота», «Мицубиси» және басқа да аутофирмалар гибридтік аутомобилдерді өндіру көлемін өсіріп, электр энергиясын отын ретінде қолданатын аутомобиль түрлерін жетілдіру үстінде болған уақта, Қытай сирек кездесетін металдарды экспорттау квотасын жыл сайын тұрақты түрде, шамамен жылына 6 пайыз болатын деңгейде азайтып отырған.

Қытайдың биылғы жылғы Жапонияға арналған квотасы бар болғаны 38 мың тонна екен – бұл тек «Тойота» мен «Хонда» компанияларының қажетін өтеуге ғана жетеді. Қытай сирек кездесетін металл кеніштерін сатып алып жатқан Австралиядағы сарапшылардың пікірінше, алдағы үш жыл ішінде бұл металдарды жеткізуде қатты тапшылық пайда болмақ. Себебі, дүние жүзі бойынша сирек кездесетін металдарға деген сұраныс мөлшері оны өндірумен айналысатын зауыттар мен тау – кен өнеркәсібінің өндірістік мүмкіндігінің шегінен асып кететін болады.

Қытайдың дүниежүзілік сирек кездесетін метал нарығындағы еңсені езетін монополиясы, деп атап көрсетеді газет, контрабанда жүйесінің кеңінен өріс алып, қанат жаюына түрткі болды. Бұл жүйенің қалыптасуына Жапония мен басқа да мемлекеттердің Қытайдың экспорт квоталарын қайтсе де айналып өтуге мүдделілігі себеп болған.

«Сумитомо» Қазақстанда орналасуы тиіс аталған зауыттағы өндірістен жылына 3 мың тонна металл өндіруге үміт артып отыр, бұл Жапонияның ағымдағы қажеттігінің 10 пайызын қанағаттандыруға мүмкіндік бермек. Қазақстан кеніштерінен тыс, сирек кездесетін металдар әлемдегі кей басқа кен орындарында да бар: Қытай бүкіл дүние жүзі бойынша осындай кеніштерді сатып алуға тырысуда немесе дүниежүзілік нарықта Қытайға бәсеке тудырып, оның дара үстемдігіне қарсылық көрсеткен компаниялар тұғырын біржола шайқалтып жіберуге ұмтылып отыр деген қорытындыға келеді «Таймс».

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG