Accessibility links

Барак Обама 2009 жылғы Бейбітшілік Нобель сыйлығының иегері


АҚШ президенті Барак Обама. Вашингтон, 1 қазан,2009 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама. Вашингтон, 1 қазан,2009 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама бүкіл әлем жұртшылығының бүгінгіден де жақсы болашақ болады деген үміт- сенімін оятқаны, ядролық қару қорларын қысқартуға шақырғаны үшін Бейбітшілік сыйлығын жеңіп алды.

2009 жылғы Бейбітшілік Нобель сыйлығын АҚШ президенті Барак Обама жеңіп алды. Норвегия Нобель комитеті Барак Обаманы мұндай жоғары мәртебелі сыйлыққа халықаралық дипломатия мен халықтар арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге қосқан ерекше үлесі үшін марапаттап отыр. Бұл хабарды комитет төрағасы Торберн Ягланд бүгін Ослода жариялады.

"Комитет Обаманың ядролық қарусыз әлем үшін көзқарасы мен атқарып жатқан жұмысына аса назар аударып отыр", - деп атап көрсетті Ягланд.

Американың афро-американдық тұңғыш президенті осы жылдың қаңтар айында қызметіне кіріскен сәттен бастап, қарусыздануға шақырып, Таяу Шығыс бейбіт процесін қайта жаңғыртқан болатын.

Комитет сондай-ақ Обама "халықаралық саясатта жаңа ахуал (климат) қалыптастырды" деп атап көрсетті. Комитеттің айтуынша, Барак Обама әлем назарын өзіне аудартып, адамдардың жақсырақ болашаққа деген үмітін оятты. Мұндай сирек жетістікке бұған дейін көп ешкім қол жеткізе қоймаған деп атап көрсетілген комитет шешімінде.

Барак Обама Бейбітшілік Нобель сыйлығына Ақ үйдегі кеңсесінде президенттік қызметіне кіріскен 9 айға жетпейтін уақыттың ішінде лайықты деп танылып отыр.

Барак Обама соңғы онжылдықта Бейбітшілік Нобель сыйлығына ие болған АҚШ Демократтарының үшінші өкілі, 2007 жылы вице-президент Ал. Гор Нобель сыйлығымен марапатталса, одан бұрын 2002 жылы бұл сыйлыққа бұрынғы президент Джимми Картер ие болған еді.

Нобель сыйлығының жеңімпаздарын бес адамнан тұратын Нобель комитеті анықтайды. Лауреатқа алтын медалмен қатар 10 миллион швед кроны ( 1,4 млн доллар) болатын ақшалай жүлде Нобель сыйлығының негізін қалаушы Альфред Нобелдің туған күніне орай - 10 желтоқсанда, Ослода табыс етіледі.
XS
SM
MD
LG