Accessibility links

Google Қазақстанның интернетті шектеуіне қарсы


google.kz адресін терсеңіз, google.com-ның қазақша бетіне бағыттап жібереді.
google.kz адресін терсеңіз, google.com-ның қазақша бетіне бағыттап жібереді.

Google (Гугл) Қазақстанның интернетке шектеу қоймақ болған әрекетіне байланысты бүгін ресми блогында мәлімдеме жасады.


Интернеттің мемлекет шекарасымен шектелмейтін еркін пікір мен жаңалық алмасу құралы екенін айтқан Google «кейбір ел үкіметтерінің» кейін өз халқы мен экономикасына тигізер кесірін ойламай, интернетке шектеу жасамақ болып жатқанын айтады.

«.KZ – ТЕК ҚАЗАҚСТАНДА ҒАНА»

Қазақстанның байланыс және ақпарат министрлігі .KZ домендерінің бәрінің (арасында google.kz те бар) осы елде орналасқан серверлерде жұмыс істеуін талап еткен еді. Google бұл талапқа бағынса, google.kz сайтындағы ақпарат іздеушілердің бәрінің тапсырысын Қазақстанда орналасқан серверлерге бағыттауы керек.

«Интернетті шекараға бөлу оның тиімділігін ғана азайтпайды, тұтынушылардың жеке өмірі мен ой еркіндігіне де әсер етеді» дейді Google. Егер google.kz тек Қазақстанда ғана орналасқан серверлер арқылы ақпарат іздесе, интернетті бөлшектеуге өздерінің де қатысы боларын айтқан
Қазақстан Интернет Қауымдастығының белгісі. Алматы, 18 қараша 2009 жыл.

компания google.kz тұтынушыларын google.com-ның қазақ тіліндегі бетіне бағыттап жатыр. Бұдан кейін қазақстандағы интернет тұтынушылардың іздеп тапқан ақпараттары да азаятынын ескертеді компания.

Google интернеттің ашық та жария болуы үшін «ел билігі мен мүдделі тараптарды» бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Қазақстандағы интернет тұтынушылар да ел билігінің бұл әрекетіне қарсы амал іздеп жатыр. Мысалы, kazakbala деген блогшы Chrome браузерін қалай баптаса, Қазақстан бойынша ақпарат іздеп табуға боларын айтады.

ИНТЕРНЕТТІ ШЕКТЕУДІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ «АМАЛДАРЫ»

Қазақстандағы интернеттің шектеуге ұшырауы халықаралық Freedom House («Фридом Хаус») ұйымының 18 сәуірдегі «Интернет еркіндігі 2011. Дүниежүзі елдеріндегі интернет және санды медианы бағалау» атты қорытынды есебінде де сөз болған еді.

«Жалпы, Қазақстан билігі ара-тұра болса да интернетке бақылау орнатып келеді және ол алдағы жылдары да күшеймесе, азаймайды» деп болжам жасалған ұйым есебінде.

Интернет ресурстарына кибер шабуыл жасау, саяси сипаттағы цензура және мемлекеттің бақылау орнатуы секілді қауіптер кең таралған әрі күшейіп отыр дейді Freedom House.

Қазақстандағы интернет ресурстарына үш түрлі «амалмен» шектеу қойылады немесе цензураға алынады. Біріншісі – «Қазақтелеком» тарапынан болатын техникалық себептер, екіншісі – .kz домендік атауын шектеу, үшіншісі – соңғы кездерде қудалаудан қауіптенген хостингтік компаниялардың өздерінің шектеу қоюы.

Қазақстанда өткен он жылда интернетті пайдаланушылар саны жылдам өскен. 2000 жылы халықтың 0,7 пайызы интернетті пайдаланса, бұл көрсеткіш 2010 жылдың аяғына қарай 28 пайызға артып, 4,3 миллион адамды құраған. Осы 4,3 миллион пайдаланушының 92 пайызы интернетті айына бірнеше мәрте қолданады екен. Интернет пайдаланушылардың 94 пайызы – орыс тілді тұрғын, тек 4,5 пайызы ғана – қазақ тілді. Сонымен қатар интернетті қала тұрғындары еркін қолдана алады.
XS
SM
MD
LG