Accessibility links

Оппозиция жетекшілерінің ісін сотқа жіберу қаулысына кімнің қол қойғаны күні бойы талқыланса да анықталмады


2008 жылғы "Жыл адвокаты" атанған заңгер Сәлімжан Мусин.
2008 жылғы "Жыл адвокаты" атанған заңгер Сәлімжан Мусин.

Наурыздың 20-сында Төлен Тоқтасыновтың адвокаты Сәлімжан Мусин оппозиция жетекшілерінің ісін сотқа жіберу туралы қаулыдағы прокурордың қолы еместігін алға тартып, істі соттан кері шақыртып алу керектігін айтты. Судья Райхан Әшкеева осы және басқа да өтініштерді қанағаттандырмай тастады.

Жұма күні Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында оппозиция жетекшілері Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов және Төлен Тоқтасыновтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысы түске дейін де, түстен кейін де болды.

Алғашқы, таңғы отырысында, Төлен Тоқтасыновтың адвокаты Сәлімжан Мусин сот ісін қайта қарауға өтініш айтты. Оған - Алматы қаласының прокуроры Жақсылық Байтұқбаевтың осы істі сотқа жіберу туралы қаулысы негіз болып отыр. Құжатқа прокурор емес басқа белгісіз біреудің қолы қойылған деген Мусиннің сөзіне қарағанда, егер прокурор бұл қаулыға қол қоймаса, онда ол құжат жарамсыз. Тиісінше, соған сай сот процесі де тоқтатылуы қажет.

Мемлекеттік айыптаушы Александр Кирьяктың сөзін негізге алған судья Райхан Әшкеева Мусиннің өтінішін қанағаттандырмады. Прокурордың айтуынша, қала прокуроры Жақсылық Байтұқбаевтың орнына оның бірінші орынбасары Сүлейменов қол қойған. Кирьяк мырза өз тұжырымын « бұл Сүлейменовтың қолына ұқсайды» деп қана түсіндірген болды.

Айыпталушылардың бірі Асылбек Қожахметовтың адвокаты Инесса Кисилева бұл жерде Кирьяктың да, судьяның да айтып отырғандары түсініксіз дейді.

- Прокурор қаулыда бірінші орынбасар Сүлейменовтың қолы тұр десе, судья ханым өз түсініктемесінде ол қол қала прокурорының орынбасарынікі деп мәлімдеп отыр. Сонда ол екеуі екі бөлек адам туралы айтып жатыр деген сөз,- деді Инесса Кисилева.

Осыдан кейін, айыпталушы жақ өкілдері, қаулыға прокурордың аты-жөні көрсетілген жерге қол қойған адамды тауып, сотқа шақырту керектігін айтып, прокурордың барлық орынбасарларының қолтаңбаларын зерттейтін сараптама жүргізуді талап етті. Алайда, бұл өтінішті судья Райхан Әшкеева ашық қалдырды.

Бұл істе куә ретінде қатысып отырған Рысбек Сәрсенбайұлы оппозиция жетекшілеріне қарсы қозғалған осы істің өзін заңдық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да үлкен қателік деп білетіндігін мәлімдеді.

Соттың түстен кейінгі отырысында қала прокурорының бірінші орынбасарын шақырту, қолтаңбаларды зерттеуге қатысты сараптаманың қаншалықты қажеттігі жайында сөз болды. Ешқандай нақты шешім шығарылмағандықтан, өтініштер келесі сот отырысына қалдырылды. Ол наурыздың 26 сында өтеді деп хабарланды.

Қазақстандық оппозиция жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс өткен жылдың қыркүйек айында қозғалған болатын. Оларға аса ауыр қылмысты жасырды деген айып тағылып отыр.

Олар 2005-2007 жылдар аралығында ағайынды Жұмабай мен Есентай Байсақовтарға саяси баспана беру туралы Украина билігіне жазылған өтінішке қол қойғаны үшін заң алдында жауапқа тартылуда. Ішкі істер министрлігі ағайынды Байсақовтарды Павлодарлық кәсіпкер Борис Костановты өлтіруге тапсырыс беруші күдіктілер деп санайды.
XS
SM
MD
LG