Accessibility links

Оппозиция жетекшілері айыпты деп танылғанымен, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды


Оппозиция жетекшілері Болат Әбілов (сол жақта) пен Асылбек Қожахметов сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 22 мамыр, 2009 жыл.
Оппозиция жетекшілері Болат Әбілов (сол жақта) пен Асылбек Қожахметов сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 22 мамыр, 2009 жыл.

Алмалы аудандық сотында оппозиция жетекшілері Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов пен Төлен Тоқтасыновтарға қатысты сот шешімі шықты. Аудандық сот оларды айыпты деп тапса да жауапкершіліктен босатты..


БІР ШЕШІММЕН ӘРІ ДАТТАЛЫП, ӘРІ АҚТАЛҒАНДАР

Сот шешімін 15 минут оқыған судья Арман Шәмшиев үкім соңында күдіктілерді айыпты деп хабарлады:

- Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов, Төлен Тоқтасынов ҚР Қылмыстық кодексінің 363-бабы негізінде қылмыс жасағаны үшін айыпты деп табылды, -деді үкім шығарған судья.

Соған қарамастан, судья Шәмшиев қылмыс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты олар қылмыстық жауапкершіліктен босатылатындығын мәлім етті. Сонымен қатар, осы сот шемімі күшіне енген күннен бастап, Әбілов, Қожахметов және Тоқтасыновтардың елден шығуына қатысты салынған тыйым күшін жояды.
Судья Шәмшиев сот шешіміне шағым түсіруге болатындын ескертіп өтті.

Айыпты деп танылған оппозиция жетекшілері үкімге өз наразылықтарын сот залында-ақ ашық білдіріп жатты. «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов бұл істі «сандырақ» деп атап, сот жүйесін айыптады.

- Ішкі істер министрлігі жазып шығарған «сандырақты» прокуратура қолдап шықты. Енді оны сот растады. Осылайша Қазақстанда әділетті сот аяққа тапталды. Процесс барысында судья Шәмшиев айыпталушы жақтың да пікірін тыңдауға мүмкіндік берген сияқты еді. Ал, бүгін судьяның сот шешімін оқу барысында басын көтеріп, біздің көзімізге тік қарауға да шамасы келмеді. Істің шешімі бұл сот ғимаратында емес, Астанада «әзірленгендігіне» менің күмәнім жоқ, - деді Болат Әбілов.

СОТ ШЕШІМІ ОППОЭИЦИЯ ЖЕТЕКШІЛЕРІН ҚАНАҒАТТАНДЫРМАЙДЫ


Сөз болып отырған істің тағы бір кейіпкері, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асылбек Қожахметов болса осының барлығы не үшін қажет болғандығын әлі де түсіне алмайтындығын былайша жеткізді:

- Бұл істің неге ұйымдастырылғаны түсініксіз. Әуелі мен бізді соттауға заңдың негіз дайындап, бізді қоғамдық жұмыстан алыстатқысы келетін шығар деп топшыладым. Бірақ мұның бәрі орындалмай шықты. Өйткені сот тарапынан қылмыстық қудалау шешімі жоқ. Бірақ олар бізді кінәлі деп анықтады. Моральдық тұрғыдан да бізді айыпты деп айтуға келмейді. Яғни, бізді не үшін соттап жатқандығын олардың өздері де білмей қалды.

Айта кетерлік жайт, осы іс бойынша айыпталушылардың бірі ретінде аты аталатын оппозиционер Төлен Тоқтасынов бүгін сотта болған жоқ. Қазақстан коммунистік партияның хатшысы Тоқтасынов көрші мемлекеттердің бірінде емделіп жатыр деген ақпарат бар.

Сотттың бүгінгі шешіміне риза емес оппозиция жетекшілері апелляциялық шағым түсірмекші. Заң бойынша мұндай шағым 15 күннің ішінде Алматы қалалық сотына берілуі тиіс.

Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Ішкістер министрлігінің тергеу комитеті жергілікті полиция аса ауыр қылмыс жасаған деп күдіктелген Байсақов пен Горбенконың «қылмыстарын бүркемеледі» деген айыппен Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов және Төлен Тоқтасыновтарға қарсы қылмыстық іс қозғаған болатын.
XS
SM
MD
LG