Accessibility links

Мәншүк Мәметованың ескерткішін көшіру дауға айналды


Оксана Терновская Мәншүк Мәметованың ескерткіші алдында наразылық акциясын өткізіп тұр. Орал, 22 мамыр 2017 жыл.
Оксана Терновская Мәншүк Мәметованың ескерткіші алдында наразылық акциясын өткізіп тұр. Орал, 22 мамыр 2017 жыл.

Оралдағы Мәншүк Мәметованың ескерткішін орнынан алды. Енді ол жерге "Қазақ халқының даңқты қыздары" ескерткіші қойылмақ. Мәншүк Мәметованың туыстары мен тұрғындар бұрынғы ескерткіштің алынуына қарсы.

Бүгін Совет Одағының батыры, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан Мәншүк Мәметованың Оралдағы ескерткішін алып тастады. Қала орталығындағы биіктігі бес метр, салмағы сегіз тонналық бұл ескерткіш 30 жылдан астам уақыт тұрған. Билік ескерткішті техникалық тұрғыдан тозығы жеткендіктен сүріп жатқанын айтады.

Жергілікті әкімдік Мәншүк Мәметованың ескерткішінің орнына Екінші дүниежүзілік соғыстың батырлары - пулеметші Мәншүк Мәметова, мерген Әлия Молдағұлова және ұшқыш Хиуаз Доспанова бейнелетін "Қазақ халқының даңқты қыздары" мүсіндік композициясы орнатылатынын айтады. Биліктің ақпараты бойынша, композиция Астанада жасалады, құны 138 миллион теңгеден асады.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау инспекциясының директоры Талғат Жүсіпқалиев "2014 жылдан бері облыс тұрғындары, қоғамдық ұйымдар Мәметова, Молдағұлова және Доспановаға ескерткіш қою туралы өтініш айтып келеді" дейді.

Тұрғындар үш батырдың бір жерде, бір ескерткіште бірге тұрғанын қалайды. Ескерткіштің құны - 126 миллион теңге, ал гранит тұғыры 12,5 миллион теңге шамасында болады.

- Олар үш батырдың бір жерде, бір ескерткіште бірге тұрғанын қалайды. Ескерткіштің құны - 126 миллион теңге, ал гранит тұғыры 12,5 миллион теңге шамасында болады, - деді ол Азаттыққа.

Жергілікті билік Мәншүк Мәметованың қазіргі ескерткішін сүрген соң пулеметшінің туған жері Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданына жөнелтілуі мүмкін екенін айтады.

НАРАЗЫ ТҰРҒЫННЫҢ УӘЖІ

Ал қоғамдық белсенді, коммунистік партияның жақтасы Оксана Терновская "Мәншүк Мәметованың тұлғасы жергілікті билік тарапынан осындай қорлауға лайық емес еді" деп біледі.

- Бәлкім, бюджеттің 138 миллион теңгесін жұмсау үшін керек болған да шығар. Бірақ халықтың да ойымен санасу керек еді ғой, - дейді ол.

Оксана Терновская бүгін Оралдағы Мәншүк Мәметоваға орнатылған ескерткішті сүруге қарсы жалғыз кісілік пикет өткізді.Ол билік сүре бастаған ескерткішке барып, қолына "Совет Одағының батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішінен қолыңды тарт" деген жазуы бар қағаз ұстап біраз уақыт тұрды. Терновскаяны қарсылық акциясын полиция қызметкерлері сырттай бақылап, соңынан оны ұстап алды.

Оксана Терновская қолындағы қағазын жанына жерге қойған сәтте өзін таныстырмаған полиция капитаны бағынышты полицейлерге Терновскаяны "қоқыс тастағаны үшін" ұстауға пәрмен берді. Оны Абай аудандық ішкі істер басқармасына алып барған.

Оксана Терновская өзін ұстағанға дейін бұған дейін әкімдікке Мәншүк Мәметованың ескерткішін сүрмеуді сұрап хат жазғанын хабарлаған.

ВИДЕО: Мәметова ескерткішін алуға қарсылық

Мәметова ескерткішін алуға қарсылық
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

Мәметованың туыстары да әкімдіктің шешімін түсіне алмай отырғандарын айтады. Олар "бұл әрекет - ескерткішті тұрғызған мүсінші Хәкімжан Наурызбаевтың еңбегін жоққа шығару" деп есептейді. Мәншүк Мәметованың Алматыда тұратын туысы Айман Мәметова бұрынғы ескерткіштің ұзақ жыл тұрған орнынан алынғанына келіспейтінін айтады.

Үш қыздың ескерткіші бар жерде тұру керек. Бірақ Мәншүктің ескерткішін алып тастауға қарсымыз.

- Қай жерге қоямыз десе қарсылық жоқ. Үш қыздың ескерткіші бар жерде тұру керек. Бірақ Мәншүктің ескерткішін алып тастауға қарсымыз. Бұл - үлкен қателік. Алматыға ескерткіш қояр алдында бізбен ақылдасып, "қайда қояйық, Әлия мен Мәншүктің ескерткішін бірге қояйық па" деп сұраған. Бұл жолы бізге ешкім де хабарласпады, ақылдаспады да, - дейді Айман Мәметова.

Мәншүк Мәметова – "Совет одағы батыры "атағына ие болған алғашқы қазақ қызы. Ол 1943 жылы 21 жасында Ресейдің Невель қаласын азат ету кезінде қаза тапқан. ​

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG