Accessibility links

Құқықтық кодекс жобаларын қайтып алуға шақырды


Айна Шорманбаева, "Халықаралық құқықтық бастама" ҮЕҰ-ның жетекшісі. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл
Айна Шорманбаева, "Халықаралық құқықтық бастама" ҮЕҰ-ның жетекшісі. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл

Парламентте құқықтық кодекс жобаларын талқылау аяқталып келеді. Азаматтық сектор оларды мүлде қабылдамауды талап етеді. Сарапшылар бұл заңдар мақұлданса адам құқықтары шектеледі дейді.

Ондаған қазақстандық және шетелдік үкіметтік емес ұйым азаматтардың негізгі құқықтарын шектеуді күшейтетін кодекстер ретінде қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық, қылмыстық-атқару, азаматтық және әкімшілік кодекстердің (ҚК, ҚПК, ҚАК, АПК, ӘК) жаңа редакциясын мақұлдауды тоқтата тұруды талап етіп, Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттарына үндеу жолдады.

Азаматтық сектор өкілдері парламенттен құқықтық кодекс жобаларын халықаралық демократиялық стандарттарға сәйкестендіруді талап етеді.

ТҰЖЫРЫМДАР МЕН ҰҒЫМДАР

Қылмыстық кодекстегі «Көрінеу жалған ақпарат тарату» деп аталатын жаңа бап азаматтық секторды ерекше алаңдатады. Үндеуге қол қойғандардың пікірінше, жаңа бап адамның ой-пікірі мен көзқарасын таратуды ауыр қылмыс түріне жатқызады. Сарапшылардың пікірінше, жала жабу бабы бойынша айыптауға негіз болатын уәждер аясы кеңейтіліп, ол үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілген, ал жоғары шенді мемлекеттік қызметшілердің мүліктік емес жеке құқықтарын ерекше қорғау ережесі сақталған.

Қылмыстық кодекс жобасында «заңсыз араласу» сияқты түсініксіз ұғымдарды пайдалану да ҮЕҰ белсенділерінің көңілін күпті етеді. Ал қоғамдық бірлестіктерді заңды тұлғалардың «айрықша қауіпті» түрі ретінде бөліп-жарып көрсету «мемлекет атына айтылған» кез келген сынды басып-жаншуға көмектеседі.
"Арқа сүйеу" ҮЕҰ-ның кеңсесіндегі тінту.
"Арқа сүйеу" ҮЕҰ-ның кеңсесіндегі тінту.
Азаматтық сектордың парламентке үндеуінде «қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында арнайы құқық субъектісі ретінде «қоғамдық бірлестік жетекшісі» деген жаңа ұғымды енгізу қоғамдық бірлестіктің кез келген мүшесін, әсіресе оның белсенділерін қисынды-қисынсыз себептермен қудалауға ұшыратады» деп жазылған.

Үндеуде діни бірлестіктердің қызметі мен азаматтардың діни еркіндігіне қатысты заң актілерінің де заңсыз күшейтілгені айтылған.

Азаматтық сектор өкілдерінің мәлімдеуінше, азаматтық-процессуалдық кодекс жобасында күдікті деп ұсталған жандардың туыстарына дереу әрі өздігінен хабарлау құқығы мен ұсталған адамның туыстарына 12 сағат ішінде тергеушінің өзі хабарлап ескертуі туралы ереже арасындағы бұрынғы қайшылық сол күйі қалған.

«ЖАЗАЛАУ ТҰРҒЫСЫНАН ҒАНА ҚАРАУ»

Парламентке жолданған үндеуге қол қойғандардың арасында «Адам құқығы хартиясы» үкіметтік емес ұйымының белсенділері де бар. Оның директоры Жеміс Тұрмағамбетованың айтуынша, құқықтық кодекс жобаларында адам құқықтарын қазіргі кездегіден де көбірек бұзатын баптар көп. Ол бұл жобаларды тәуелсіз құқықтанушы ғалымдар емес, министрліктер мен ведомстволар құрастырғасын нәтижесі осылай болып шықты деп санайды.

«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева да құқықтық кодекс жобаларын құрастыру міндетін жазалау мен қуғындау мүмкіндігі берілген органдарға жүктеуге болмайды деп есептейді. Сәуірдің 22-сі күні Алматыда өткен баспасөз жиынында ол өз ойын «олар дүниеге жаза мен санкция тұрғысынан қарайды» деп түсіндірді.
Жеміс Тұрмағамбетова, "Адам құқықтары хартиясы" ҮЕҰ-ның директоры. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл
Жеміс Тұрмағамбетова, "Адам құқықтары хартиясы" ҮЕҰ-ның директоры. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл

«Халықаралық құқықтық бастама» ҮЕҰ президенті Айна Шорманбаеваның айтуынша, құқықтық кодекс жобаларында қоғамдық ұйым жетекшілерін репрессивті қуғындау мүмкіндігі де қарастырылған.

Қазақстандағы адам құқықтары бюросы директорының орынбасары Денис Дживага ҮЕҰ мен олардың жетекшілерін қудалау мүмкіндіктерінің көбеюінің негізгі себептерінің бірі ретінде «заңсыз араласу» ұғымының нақты анықтамасы жоқтығына нұсқайды. Оның айтуынша, бұл ұғым биліктің кез-келген қоғамдық бірлестікті немесе билікке жақпаған ҮЕҰ жетекшісін «мемлекеттік органдардың жұмысына заңсыз араласты» деген айыппен жазалауға көмектеседі.

УӘДЕ МЕН ШЫНАЙЫ ЖАҒДАЙ

Қазір құқықтық кодекс жобаларын парламенттен өткізу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сәуірдің 22-сі күні мәжілістің баспасөз қызметі әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс жобасы екінші оқылымға дайын екенін хабарлады. Парламент мәжілісі жуырда қылмыстық кодекс пен қылмыстық-процессуалдық кодекс жобаларын екінші оқылымда мақұлдаған еді.

Үкімет бұл жобаларды құқықтық кодекс ережелерін ізгілендіру, соттардың жүктемесін азайту, жауапкершілікке тарту процедурасын жаңғырту жолдары арқылы заңдарды реформалау ретінде таныстырған.
Лене Веттеланд, Норвегия Хельсинки комитетінің Орталық Азия бойынша үйлестірушісі. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл
Лене Веттеланд, Норвегия Хельсинки комитетінің Орталық Азия бойынша үйлестірушісі. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл
Норвегиядағы Хельсинки комитетінің Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Ленне Веттеландтың айтуынша, Қазақстан үшін құқықтық жобаларды әзірлеу процесі елдегі құқықтық ахуалды жақсартуға тырысып жатқанын, бұл тұрғыда әлемнің ең дамыған елдерінің біріне айналуға ұмтылатынын көрсетудің жақсы мүмкіндігі еді.

"Бірақ өкінішке орай, біз Қазақстанның сырттағы жұртқа уәде еткен нәрсесі мен Қазақстан территориясында болып жатқан жағдай сәйкес келмейтінін тағы көріп отырмыз. Қазақстанның сөзі мен ісінің қабыспауы оның халықаралық тәжірибесіне зиянын тигізеді. Мұны Норвегиядағы Хельсинки комитеті ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастық біледі" деп мәлімдеді Ленне Виттеланд.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG