Accessibility links

Сотқа жетпей тергеу кезінде абақтыда өлі күйінде табылған айыпталушының анасы, қорғаушылар мен куәгерлер оның азаптаудан өлгенін айтады. Абақты басшылығы бұл айыпты жоққа шығарады.

Былтыр Петропавл абақтысында түсініксіз жағдайда өлі күйінде табылған 32 жастағы Жаслан Арғымбаевтың қазасына қатысты қамау мекемесі қызметкерлерінің үстінен қозғалған қылмыстық іс жабылып қала берген соң адвокаттардың бірі енді куәгер тұтқындарға қысым жасалып жатқанын айтады. Қаңтардың 26-сы күні Петропавл қалалық соты адвокат Татьяна Власованың «куәгерлермен кездесуге кедергі жасады» деп абақты әкімшілігінің үстінен түсірген арызын жартылай қанағаттандырды.

Жаслан Арғымбаев 2015 жылғы қазанның 20-сында Петропавлда «ұрлық жасады» деген айыппен қамауға алынған. Сол күннен бастап Арғымбаев полицей қызметкерлерінің тарапынан «жәбір көре бастағанын» айтқан. Ол өз мәлімдемесінде Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінде полицей қызметкерлері «басына хлор салынған полиэтиленді пакет кигізгенін» жазған.

Кейін айыпталушының қылмысына қатысы сот процесінің басталуына үш күн қалғанда 2016 жылғы сәуірдің 14-інде 164\1 түзету мекемесінің тергеу абақтысында Арғымбаев өлі күйінде табылған. Абақты әкімшілігі айыпталушы өзіне қол жұмсады деп санайды.

Жасланның анасы Ғалия Арғымбаеваның сөзінше, ұлы «полиция қызметкерлерінен қатты жәбір көргенін», «сот процесіне дейін оны тірі қалдырмайтынын» айтып шағымданған.

Әбден ұрыпты, әзер тұрды, әппақ қудай. Кейін мен оған 21 қаңтарда барғанымда «Неге сол кезде әзер түрегеп тұрдың?» деп сұрадым. Ол маған: «Мама, олар маған қорлық көрсетті» деді. «Басыма хлор салынған пакет кигізді, кейін хлорланған бөлмеде үш күн түнедім, су берген жоқ» деді.

- Қамауға алынғаннан кейін балам Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінде жәбір көргенін айтып шағымданды. Мен Қызылжар ішкі істер бөліміне келгенде маған баламды 15 минутқа көрсетті. Әбден ұрыпты, әзер тұрды, әппақ қудай. Кейін мен оған 21 қаңтарда барғанымда «Неге сол кезде әзер түрегеп тұрдың?» деп сұрадым. Ол маған: «Мама, олар маған қорлық көрсетті» деді. «Басыма хлор салынған пакет кигізді, кейін хлорланған бөлмеде үш күн түнедім, су берген жоқ» деді. Кейін кім болып қызмет ететінін нақты білмеймін, «Әлжанов (орынбасар-ау деймін), Жетепов деген қызметкерлер жәбір көрсетті» деді. «Камерада су құйылған шелекке кіші дәретке барып, басымды сол шелекке салып мазақ қылды, денемді керді, резеңке таяқпен зорламақшы болды» деді. Соңғы рет 13 сәуірде барғанымда, «Мама, мені өлтіреміз деп айтты. Олар маған сотқа дейін өміріңмен қоштасасың» деп айтты, - деді анасы.

Қаза болған жігіттің анасы баласының өз-өзіне себепсіз қол жұмсауы мүмкін емес деп санайды. Оның сөзінше, баласы полиция қызметкерлерінің азабына шыдамаған.

Былтыр Арғымбаевтың өліміне қатысты түрме қызметкерлерінің үстінен «немқұрайдылық» бабы бойынша қылмыстық іс бірнеше мәрте қозғалып, сотқа жетпей жабылып қалған. Жасланмен камерада бірге отырған Александр Насонов, Виктор Горбунов, Владимир Алавердов және Дмитрий Кленский сотта куәгер болып, осы іске қатысты жауап бермекші болған. Оларды адвокат Татьяна Власова қорғап жатыр. Адвокаттың сөзінше, 2016 жылғы қарашаның 2-сінде оның қолында облыстық қорғаушылар алқасының рұқсат қағазы болғанымен, Есіл ауданындағы ЕС164/4 түзету мекемесінде оның қорғауындағы жауапталушыларымен кездесуіне тыйым салған.

- Олар мені тура мекемеге өткізіп жіберді, бірақ менің қорғалушыларыма кіргізген жоқ. Кездесуге кіргізбегендерін олардың менімен кездесу туралы өтініш жазбаған деп түсіндірді, - деді Власова.

Бұл оқиғадан соң адвокат штабқа жүгініп, колония басшысының міндетін атқарушы Ағыбай Мухиннің атына арыз жазған. Власованың сөзінше, кейін бұл арызды қорғаушыдан күштеп алмақшы болған.

- «Шкода» маркасындағы қара түсті көлік артымыздан аңдыды. 2016 жылғы қарашаның 2-сінде мекеме аумағында болғанымды дәлелдей алмауым үшін арызды алу мақсатында жолдың жиегіне шығармақшы болды, - дейді қорғаушы.

Қорғаушы Татьяна Власова ЕС164/4 түзету мекемесіне қарсы Петропавл қалалық №2 сотқа арызданып, бұл іс бойынша бөлек сот желтоқсанның 26-сы басталған.

2017 жылы қаңтардың 25-інде Жасланмен абақтыда жазасын бірге өтеген Александр Насоновтан жауап алынып, ол «Арғымбаевтың өліміне түзету мекемесінің әкімшілігі кінәлі екенін» айтты.

Жасланмен бірге жазасын өтеген куәгерлердің сөзінше, колония әкімшілігі оларға мәжбүрлі түрде қорғаушыдан бас тарту жөнінде мәлімдеме жазғызған. Қорғаушылар «полиция қызметкерлерінің бұл қылығы шындықты жасыру мақсатында жасалып отыр» деп ойлайды.

Бізге сөйлеуге мұрша бермейді, аузымызды жауып тастайды. Әрі қарай не болатынымызды айта алмаймын.

- Бұл жерде шын мәнінде шындықты бүгіп қалушылық болып жатқанын көрмеу үшін соқыр болу қажет. Бізге сөйлеуге мұрша бермейді, аузымызды жауып тастайды. Әрі қарай не болатынымызды айта алмаймын,- деді Насонов судьяға.

- Мен Арғымбаевпен соңғы күні сөйлестім. Себебі мені ұрып-соқаннан кейін 7/4 камерасынан 6/5 камерасына ауыстырды. Ол 39-камерада жатты. Біз Арғымбаевпен ашық терезелер арқылы сөйлестік. Ол «Мен енді шыдай алмаймын, мен ертеңге дейін тірі қалмайтын шығармын» деді. Шынымен де солай болды. Кейін астында біртүрлі бір дауыстар естідік. Кейін қай айдың қазанның 27-сі күні қорғаушымен кездескеннен кейін, қай айдың қазанның 28-і күні таңертең сағат 06.00-де мені шақырды. Менен не жазғанымды, адвокат не үшін келгенін сұрады. Сосын ұра бастады. Кейін қорғаушыдан бас тарту туралы мәлімдеме жазуға мәжбүрледі, - деді өз мәлімдемесінде сотталушы Владимир Алавердов.

Түзету мекемесі басшысының орынбасары Ағыбай Мухин куәгерлердің мәлімдемесін жоққа шығарды.

- Мен ешкімге қысым көрсетпедім. Барлық өтініштерін өз қолдарымен жазды. Қорғаушының маған жіберген өтінішін көрдім. Және соны орындадым, - деді Мухин.

Сот процесі кезінде түзету мекемесінің қызметкерлеріне қарсы куәгерлік еткен сотталушылар жеке бас амандығы үшін алаңдайтындарын мәлімдеді. Олар соңғы сот отырысынан кейін қысымға ұшырағандарын айтады. Сол себепті судьядан қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуді сұрады.

Қаңтардың 26-сы өткен кезекті сот отырысынан кейін Петропавл қалалық №2 соттың судьясы Амандық Ахмет адвокаттың арызын жартылай қанағаттандырып, аталмыш іс бойынша шешімін жария етті.

- Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық - атқару жүйесі комитетінің "ЕС-164/4 мекемесі" республикалық мемлекеттік мекемесі әкімшілігінің 2016 жылдың 2 қараша күні Власованың Насоновпен кездесуіне рұқсат беруден бас тартуды жөнсіз деп тану. Өтініштің қалған бөлімдерін қанағаттандырудан бас тарту, - деп оқыды судья.

Әрине, бұл сот актісіне қатысты біз міндетті түрде шағымданамыз. Бірақ, алдымызға қойған мақсатқа жеттік. Мақсатымыз – жұршылықтың назарын Арғымбаевтың «өзіне қол жұмсауына» байланысты куәгерлердің айтар сөзі бар екеніне аудару.

Сот процесінің соңында қорғаушы Татьяна Власова судьядан өзінің адвокаттық қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік беруді және куәгерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрады.

- Менің талаптарым жарым-жартылай қанағаттандырылатын болды. Әрине, бұл сот актісіне қатысты біз міндетті түрде шағымданамыз. Бірақ, алдымызға қойған мақсатқа жеттік. Мақсатымыз – жұршылықтың назарын Арғымбаевтың «өзіне қол жұмсауына» байланысты куәгерлердің айтар сөзі бар екеніне аудару, - деді Власова.

Қорғаушылар бейнебақылау камерасына түсірілген сот процесінің жазбаларын алдағы уақытта дәлел ретінде қолданып, енді БҰҰ-на жүгінбек. Әзірше Жаслан Арғымбаевтың өлімі жұмбақ күйінде қалып тұр.

XS
SM
MD
LG