Accessibility links

Қазақстандағы Польша елшілігі қарағандылық поляктарға тарихи Отанына барып-қайтуға тегін жолдамалар берді


Польша мемлекетінің Қазақстандағы елші Павел Чеплак. Қарағанды, 30 наурыз, 2009 жыл.
Польша мемлекетінің Қазақстандағы елші Павел Чеплак. Қарағанды, 30 наурыз, 2009 жыл.

Қарағандыда «Полония» облыстық мәдени қоғамының және Қазақстандағы Польша елшілігінің ұйымдастыруымен поляк кинофильмдерінің күндері және қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Елшілік поляк өнері мен мәдениетін дәріптеуге елеулі үлес қосқан қазақстандық поляктардың бірқатарына Польшаға тегін барып-қайтуға жолдама-карочкалар табыстады.

Қарағандылықтарды Польша киногерлерінің үздік фильмдерімен таныстыру «Менің Никифорым» атты картинамен басталды.
Сюжет желісі бойынша суретшілік білімі жоқ болса да, табиғат берген талантымен қыл қалам шебері атанған Кринца атты суретшінің қиын да, қызықты өмірі жайында баяндаған картина үздік шығарма ретінде кеншілер қаласына арнайы әкелінген екен. Үш күндік көрсетілім бойына Польшада ең жақсы деп танылып, жақсы бағаға ие болған фильмдер ғана қарағандылық көрермендер назарына ұсынылды.

-Біз Қарағандылықтарға мемлекетіміздің мәдениеті, өнері,тұрмысы жайындағы киноларды алып келіп отырмыз. Бұл төрт картина соңғы төрт жылда Польшада ең үздік деп танылған фильмдер. Әрине осы ленталар арқылы біздің елдің сан жылдық тарихын айтып өту қиынға түседі. Дегенмен, бұл да болса Отанын аңсаған поляк ұлтының өкілдеріне рухани азық болды дей аламын. Алдағы уақытта да осындай мәдениет күндері өткізіледі деген сенімдемін,- дейді Польшаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Павел Чеплак.
Поляк диаспорасы ұйымдастырған көрмеде. Қарағанды, 30 наурыз, 2009 жыл.

Польша киноөнерімен таныстық күндерінің ашылу салтанатында жергілікті поляк ұлтының өкілдері өз өнерлерін ортаға салып, поляк қолөнерінің көрмесі де ұйымдастырылды.

Соның нәтижесінде поляк өнері мен мәдениетін дәріптеуге қосқан үлесі үшін қазақстандық поляктарға отандастары тарапынан тегін жолдама-карочкалар таратылды. Ондай жолдамаға ие болғандар қалаған уақыттарында Польшаға тегін саяхат жасап қайта алады.

Нина Гаврельчук, Қарағанды, 30 наурыз, 2009 жыл
-Біздің Қазақстанда өмір сүріп жатқанымызбен, атамекенімізбен тығыз қарым -қатынас орнатуымызға барлық мүмкіндіктер бар. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған іс- шара осының дәлелі. Аса қымбат карточка -жолдаманың маған берілгеніне өте қуаныштымын. Тиімді уақыт болғанда оны міндетті түрде бірден пайдаланамын, – дейді Нина Гаврельчук.

Польша мемлекеті Қарағанды өңіріндегі поляк ұлты азаматтарына осыған іспетес көптеген жеңілдіктер жасап қол ұшін беріп тұрады. Ал саяси қуғын- сүргінге ұшырағандарды еске алу күндері, әр жылдың мамыр айында, Польшадан арнайы делегация келіп, Қарағандыдағы репрессияға ұшырағандар жерленген Спасск мемориалына тағзым етуді дәстүрге айналдырған.
XS
SM
MD
LG